Сарбаздар ұрыс, қорғаныс кезіндегі әдіс-тәсілдерді көрсетті

Сыр өңірінде тәртіп сақшылары төл мерекелерін атап өтуде. Облыс орталығы Қызылорда қаласының Орталық алаңында тәртіп сақшыларының басын қосқан мерекелік жиын болып өтті.  Мерекелік шара жұртшылық пен мереке иелерінің отбасылық серуені сарынында ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарлама аясында полицияның дәстүрлі саптық шеруі өткізілді. Қаз-қатар тізілген 7 қораптан тұратын сап түзелді.
Саптық шеру полиция қызметкерлерінің саптық машығы мен саптық жарғы ережелерін меңгеруін көрсету мақсатында жүргізілді. Қызметкерлер өздерінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен сақшыға лайық мәртебеге сай екендігін көрсетті.  
Кәсіби мерекеге орай, департамент бастығы полиция полковнигі Мұхитов Қайрат Болатұлы  мінсіз қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар полиция қызметкерін марапаттады.
Салтанатты жиын барысында ішкі істер органдарына қызметке жаңадан қабылданған жастар қызметті адал және абыроймен атқаруға, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды департаменттің басшылығы құттықтап,  азаматтық борыштарын абыроймен атқарылуына тілектестік білдірді. Жас сарбаздар енді елінің тыныштығын күзетуге күш салмақ.
Одан әрі мерекелік жиында жедел ахуалды белсенді тұрақтандыруға атсалысып жүрген департаменттің  жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сарбаздары кәсіби шеберліктеріне қатысты көрініс қойып, өздерінің ұрыс және қорғаныс кезіндегі әдіс-тәсілдерін де көрсетіп, жұртшылық назарына ұсынды.
Сондай-ақ,  Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының  қолдауымен жас өрендер  каратэнің қолдану әдіс тәсілдерін көрсетті. Көк байрағымызды желбіретіп шыққан 200-ге жуық жас спортшы көпшілікке өз өнерлерін көрсетті.
Одан әрі мерекелік шара велошеруге ұласты. Велосипед тізгіндеген 150 спортшы «Сыр Ана»  монументінен бастау алып, қаланың орталық алаңына дейінгі қашықтықты бағындырды.  
Мерекелік шара аясында сан түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі Қазақстан полициясы күніне арналған шара жоғары деңгейде өтіп, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Ұйымдастырылған бұл мерекелік шара ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзететін тыныштық сақшыларына деген құрмет іспетті. Себебі, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ішкі істер органдарында қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың риясыз адал еңбегі  әрқашанда құрметке лайық.

 
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 маусым 2018 г. 781 0