ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

ТАТУЛЫҒЫ ЖАРАСҚАН ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫӘрбір ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтау – еліміздегі тыныштық пен татулықтың кепілі. Осыны берік ұстанатын аймағымыздың көпұлтты халқы бүгінде бір шаңырақ астында достық пейілмен күн кешіп жатыр. "Алдағы күндері Елордада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы ұлттар арасындағы ынтымақ пен қарым-қатынасты одан әрі бекемдей түсетініне сенімдімін”, – дейді өзбек ұлттық-мәдени орталығының мүшесі Асан Махмұдұлы.
Өткен ғасырдың 30 жылдары Сырдың бойын паналап келген өзге ұлт өкілдерінің ішінде Асан Әбитовтің отбасы да бар еді. Қазақ халқының кең пейілі мен жомарттығы олардың осы өңірге тұрақтап қалуына себепші болды. Әкесі Махмұд Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен келген соң бірнеше жыл сауда саласында еңбек етті. Тоқсан жасқа қараған шағында дүниеден өткен ақсақалдың қазіргі таңда балалары да осы киелі мекенде өмір сүруде. Соның бірі – Асан ағаның отбасы береке- бірлігімен ерекшеленеді. Өйткені, қазақ халқымен құда болып, орыс ұлтынан келін алып отырған бұл шаңырақ шындығында татулықты ту еткен еліміздің тамаша үлгісіндей іспетті. 
Бүгінде алпыстың асқарына шыққан Асан Әбитов бірнеше жыл байланыс саласында еңбек етті. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ол отбасында немере қызығын көріп, шөберенің қолынан су ішуде. Отанасы Зүләйха апамыз қыпшақтың қызы. Бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын шаңырақтың ұйытқысы болып отырған да бір өзі. Үлкен ұлы Әлішер орыс қызы Верамен отасып, қазіргі таңда олар да ата-әже атанды. Ал одан кейінгі балалары Усан, қызы Замира да өз алдына шаңырақ құрды. Қызы Замира Әлімжан атты қазақтың жігітіне тұрмысқа шықты. Кіші қызы Наргиза Петропавлдың қазақ жігітімен бас қосады. Барлығы да үйлі-баранды болған олар, үлкен шаңырақта жиі жиналады. 
– Мақсатымыз – ортақ, мұратымыз бір, сондықтан келешегіміздің кемелденуіне кепіл болатын татулық пен достықтың діңгегін биіктету баршамыздың парызымыз. Өйткені, біз расында көпұлтты мемлекетте, оның ішінде өз шаңырағымызда бірнеше ұлттың адамдарымен бірге тұрамыз. Сондықтан елдің ауызбіршілігі мен татулығын барлығынан бірінші орынға қоямыз. Қазақ халқымен құда болғанымызға да бірнеше жыл болды. Олар құдасын құдайындай құрметтейді. Бұл өңірде жергілікті ұлттың 90 пайызы қазақ болғандықтан, үйде қазақша сөйлеп, ұлттық дәстүрді ұстанамыз. Құдаларымның ішінде қызым Замираның қайынатасы Төлеген Анасбаевпен ерекше сыйластығымыз бар. Той-жиындарға, мәдени шаралар мен концерттерге бірге барамыз. Апта сайын дастархан басында кездесіп, әңгіме-дүкен құрамыз.
 Осыдан екі жыл бұрынғы өткен Ассамблеяның съезіне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл маңызды шара менің өмірімдегі ұмытылмас оқиғаға айналды. Біздің облыста да ұлттық-мәдени орталықтардың жұмыс жасауына жақсы жағдайлар қарастырылған,–дейді Асан ақсақал. 
Иә, "тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір” өзге ұлт өкілдері қазақтың кең-байтақ жеріндегі татулықты сақтауға үлес қосып келеді. Күллі әлемге бейбіт елдің үлгісін паш еткен мемлекетімізде өсіп-өніп отырған олар қазақ халқының қамқорлығын ұмытпақ емес. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 08 сәуір 2014 г. 9 425 0