ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВТЫҢ ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНТЕРНЕТ-ФОРУМДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті қонақтар мен форумға қаты­сушылар!
Сіздерді қонақжай Сыр өңір­інде қуа­ныш сезіммен қарсы ала отырып, облысқа келгендеріңізге шынайы алғысымызды білді­ргім келеді. Сондай-ақ, біздің форум жұмысына онлайн режимінде қатысып отырған сарапшыларымызға алғыс айтсақ деймін.
Қызылорда облысы – күллі түркі әлемі­нің рухани жетекшісі ұлы Қорқыт ата жасампаздықпен өмір сүрген өңір. Дәл осы біздің Байқоңырдан бүкіл адамзат баласы үшін тұңғыш рет ғарышқа жол ашылды. Қазір бұл өңірде небір батыл идеялар жүзеге асуда. Ал, бүгін Өздеріңізбен цифр­ландыру мәселесі бойынша өзекті мәселелерді талқылайтын боламыз.
Баршаңызға белгілі, адамзат төр­тін­ші өнеркәсіптік революцияның табал­дырығында тұр. Біздің уақыт өтпелі кезең болып саналады. Соған қарамастан төртінші революция қазірдің өзінде өз әмірін жүргізуде. Онлайн мен оффлайн арасындағы шекара ажырап, киберфизика жүйесінің уақыты келді. Осының барлығы бұл жүйедегі салалар құрылымына және мемлекеттің рөліне өзгеріс енгізуде.
Бүгінгі таңда цифрландыру кәсіп­орын­дар, елдер арасындағы тұтастай ал­ғанда бәсекелестікті арттыру, сондай-ақ, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін қажет болып отыр.
Осы жылдың мамыр айында өткен Астананың Global Challenges самитінде Мемлекет басшысы  ғалам дамуының басты бес мегатрендтерін, оның ішінде адамзаттың  өмір сүру салаларындағы цифр­ландырудың барлық буындарын, ау­қым­ды еңбек нарығындағы өзге­ріс­терді, урбанизациялауды транс­фор­ма­циялаудың сипаттарын атап көрсетті.
Тәуелсіздік жылдары ішінде біз әлем­дегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ендік. Бүгінгі міндет 30 елдің қатарында болу, ал, ол Қазақстаннан инновациялық дамудың және технологиялық жедел жаң­ғырудың жаңашылдығын талап етеді.
Интернет пайда болғаннан бері ол тұтынушылардың жүрегін жаулап алды десе де болады. Қазір оның төңірігінде цифрлық сервистер, өнімдер мен жүйелер шоғырланған. Соған қарамастан бұл бағыт­тағы прогресс тоқтамақ емес. Қайта өңдеу құнының төмендеуі, мәліметтерді сақтау және беру бізді жаңа сапалық биік­терге жетелеп отыр. Цифрландыру қазірдің өзінде бұлжымайтын үрдіске ай­налды. Оны біз күнделікті өмірде байқап отырмыз.  
Бүгінгі әлем жаңа сипатта дамуда. Оны гаджеттер, әлеуметтік желілер, 3D принтерлер, мұхиттар мен құрлықтар арасында бейне хабарламаларсыз елестету мүмкін емес.
Қазір:
– біздің қалтамызда банк, дүкен, теледидар, пошта бөлімшесі, билет кас­сасы, фотоателье, метеобюро, және басқа да керемет дүниелер бар.
– ірі сауда ойыншысының бірде-бір қоймасы, ірі такси паркінің өзіндік ма­шиналары жоқ.
– әрбір екі минут сайын біз ХІХ ға­сырда бүкіл адамзат баласы  жасаған фото­суреттерді түсіре аламыз, әрбір ми­­нут сайын YouTubeті 100 сағат бей­некөріністермен  қамтамасыз ете аламыз. Адамзат тарихының он алты жылы ішін­де біз осылайша күн сайын Big Data қалып­тастыра аламыз.
Демек, біз алдағы екі күн ішінде 2003 жылға дейін бүкіл адамзат баласы өз тарихында жасаған мәліметтерді қам­та­ма­сыз ете аламыз.
Цифрлық технология өркендеген ел­дер жақсы дамып, байитын болады. Цифр­лық технологиялар жаңа «мұнайға» айналды. Әлемдік сарапшылардың бол­жамы бойынша 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 проценті цифрлы эко­номикаға айналады. Қазірдің өзінде көп­теген елдер осы жанкешті бәсекеге кірісіп кетті.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея, Сингапур, Германия, Жа­пония, Щвеция, Дания, АҚШ, Италия, Бельгия және Тайвань автоматтандыру бойынша көшбасшы елдер қатарына қосылды. 2010-2016 жылдар аралығында роботтар шығарудың тығыздық өсімі орташа жыл ішінде Азияда – 9, АҚШ-та – 7, Еуропада 5 процент болды.
Қытай роботтандыру саласында 2013-2016 жылдары серпінді қимыл жасады. Күншығыс елі өндіріс саласында 10 мың жұмысшыға шаққанда роботтардың ты­ғыздығын 25-тен 68 машинаға жеткізді.  Бүгінгі таңда Қытай осы салада әлемде 23 орынға көтерілді. Қытай билігі бұл межемен тоқтап қалмай, роботтардың өндіріске енуін 2020 жылы 150 мың машинаға жеткізбекші.
Электронды сауданың орнына элек­тронды экономика келеді. Бұл орайда, тауардың Қытайда немесе АҚШ-та жасал­ғаны маңызды емес, өндіріс жаңа жұмыс орындарын құрмайды, себебі, жасанды интел­лект өндіріспен айналысатын бола­ды.
Alibaba  ауқымды электронды коммер­ция жүйесін құрушы Джек Маның пікірінше, барлық бизнес мобильді теле­фонға көшетін болады. Болашақта осы смартфон біздің негізгі жұмыс берушіміз болмақ. Сондай-ақ, ол біздің жалғыз тө­лем құралымыз да болады. Барлық сау­даны соның көмегімен жүргізетін боламыз. Сарапшылардың болжамы бойын­ша алдағы жиырма жыл ішінде қол­ма-қол ақша жоғалады. Барлық төлем­дер цифрланады, бұл экономиканы толы­ғымен ашық етіп, сыбайластықты түп-тамырымен жояды.
Цифрландыру – өміріміздің барлық са­ла­ларын қамтиды. Жекелеген са­ла­ларға басымдық беру керек пе немесе бірыңғай орта қалыптастыру  дұрыс па деген сауалдарға жауап бергенде, менің ойымша, цифрландыру – бұл  ғаламдық құбылыс. Белгілі бір саланы мөлшермен шектеуге болмайды және өкінішке қарай, жетістіктерді жоспарлауға да болмайды.
Мынадай қызықты оқиға бар. Мысалы, Якутияда компьютерлік ойындар мен медиа саласында стартаптар серпін ал­ды. Якутияда осындай болады деп кім ойлаған? Тек жәй ғана бірнеше кәсіпкер болды, оларға жақсы қолдау көрсетілді және олар мегабизнес құрды. Сондықтан, саланы жоспарлауға болмайды, оның есесіне, ортаны қалыптастыруды жоспар­лау қажет.
Қазақстанға келетін болсақ, біздің еліміз экономиканың негізгі салаларына (9 сала) инновациялық өзгеріс жасауға басымдық берді. Әсіресе, негізгі тірек – энергетика мен шикізатқа, агроөнеркәсіп кешеніне, өнеркәсіп, логистика және ақпа­раттық технологияға жасалды. Қазақстан экономикасы цифрландыру деңгейі бойынша 85 мемлекеттің арасындағы рей­тингте 50-орында және цифрлы эко­номиканың бастаушы  тобына кіреді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, цифрландыру нәтижесінде Қазақстан экономикасы 30 процентке ұлғайып, қар­жыға шаққанда 2 трлн теңгені құрайтын болады.
Әлемдік және отандық трендтерді ескере отырып Қызылорда облысы цифр­ландыру бойынша алғашқы қадамдарын жасауда.
Өткен жылы желтоқсанда біз жас ІТ-мамандарының «HackDay-2017» алғашқы аймақтық фестивалін өткіздік, аймақтық ІТ-саябақ ашылды. Халықаралық тәжі­ри­бені оқып-үйрену үшін облыс делегациясы Татарстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының «SmartCity» үздік орын­дарында болды.
«ҚазГерМұнай» мұнай компаниясы облыс аумағында «ақылды кеніш» техно­логиясын енгізді және Қызылорда облы­сындағы  атом өнеркәсібінің кен өн­діру кәсіпорындары сандық техно­логияны қол­дану бойынша жұмыстарды бастады.  
Анықтама: Атом өнеркәсібімен ай­на­лысатын «Байкен - U» серіктестігі гео­технологиялық полигонды басқару жүйе­сінде 3D модельдік бағдарлама кеше­нін қол­дануда.
2018 жылы облыста цифрландыруды да­мыту бойынша облыстық бюджеттен 2,4 млрд теңге бағыттау қарастырылған. Бұл орайда ақылды басқару, білім, денсаулық сақтау, ТКШ, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 50-ге жуық жобалар жү­зеге асырылуда.
Аймақта цифрландыруды жүзеге асы­рудың бағытын әрі қарай айқындау үшін, біз халықаралық және отандық сарапшылар, цифрландыру саласындағы жетекші компаниялар мен инновациялық орталықтардың қатысуымен бүгінгі ин­тер­нет форумды өткізіп отырмыз. Мұндай форумдар тәжірибе алмасудың бірегей алаңы болып табылады және цифрландырудың жетекші сарап­шыла­рының мүмкіндіктерін біріктіреді.
Мысалға, қазір Қызылорда қаласының сол жағалауында жаңа қаланың құры­лысы басталды. Біз осында «ақылды қа­ла» элементтерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан, біз Сіздердің тәжіри­белеріңізге қызығушылық танытамыз.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев атап өткендей: «Экономиканы жан-жақты цифр­ландыру бүтіндей салалардың жо­ға­лып, жаңаларының пайда болуына әкеліп соғады. Біздің көз алдымыздағы ұлы өзгерістер – бұл бір мезгілде тарихи шақырулар және біздің ұлтымыз үшін мүмкіндік болып табылады».
Біз уақыт шақыруына жауап беру­ге ниеттіміз және оны дамудың мүмкіндіктеріне айналдыруға ұмты­ламыз.

Құрметті форумға қатысушылар!
Құрметті сарапшылар!
Жұмыс уақыты кезінде Google мына­дай мәлімет берді, өркениеттің пайда болған сәтінен бастап 2003 жылға дейін қанша ақпарат құралса,   әрбір екі күн сайын адамдар соншама ақпарат дайын­дайды екен. Шамамен 5 экскабайт мәлімет (1 экскабаит – квинтиллион, 1018 байт)
Мұның өзі біздің әрқайсымыздың цифр­ландыруды дамытуда өз үлесімізді қоса алатынымызды білдіреді. Сондықтан, Сіздерді өз тәжірибелеріңізбен бөлісіп, біздің өңірдің цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға шақырамыз.
Сөзімнің соңында, инновациялардың болмай қоймайтынын атап өткім келеді. Олар біздің өміріміздің барлық салаларын қамтиды және біз қандай  болашақ күтіп тұрғанын ғана таңдай аламыз.

Назарларыңызға рақмет!
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 маусым 2018 г. 539 0