Арманымызға қанат байлап Мәскеуге барғанымыз кеше ғана сияқты еді. Төрт жыл уақыт зымырап өте шықты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Ресейдің жоғары оқу орындарына түскен алғашқы қарлығаштар енді аз уақытта қолымызға диплом аламыз. Қазірдің өзінде «бес минутсыз маманбыз» деп айта аламыз.
Мен «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінен «Технологиялық процестерді автоматтандыру» мамандығын бітірдім. «Университет маған не берді?» дегенге келсек, білім-ғылым тұрғысынан функционалдық, структуралық схемалар құрастыру, «Matlab», «Simulink», «Компас» бағдарламаларымен жұмыс жасауды меңгердім. Ал Мәскеу мені және достарымды жауапкершілікке, тәртіпке үйретті. Әлемдегі ірі мегаполистердің бірінде өмір сүргендіктен, жоспарсыз аяқты аттап басуға болмайтынын түсіндік.
Маусымның 6-сы күні «Флоат әдісімен шыны қайнату процесін автоматтандыру» тақырыбында диплом жұмысын қорғап, үздік баға алдым. Университет ағылшын тілін жетік білетін студенттерге өз есебінен «IELTS» сынағын тапсыртқызды. Таңдаулылардың қатарында болып, сынақтан 6 балл жинадым. Алған сертификатым ағылшын тілінен емтихан тапсырмастан, автоматты түрде үздік баға алуыма кепіл болады.
Төрт жыл бойы туған жеріміздің, облыс басшысының қолдауын сезіндік. Қазақстанның басқа өңірлерінен, көршілес мемлекеттерден келген студенттер бізге қызығып қарайтын.
Елге барғаннан кейінгі жұмыс орнымыз дайын. Жыл бойы арнайы құрылған жұмысшы топ бізбен ақылдаса отырып, түрлі варианттар ұсынды. Қысқы демалыс кезінде «Қызылорда жарығы» мекемесіне барып, ондағы мамандардың жоспарлары мен біліктілігін ұнаттым. Еңбек жолымды осы жерден бастасам, өміріме азық боларлық тәжірибе жинақтаймын деп ойлаймын.
Еламан МЕҢДІҚҰЛ,
«Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу технологиялық
университетінің түлегі.