ТАҢДАУ МҮМКІНДІГІН ПАЙДАЛАНДЫМ

  Мектеп бітіретін жылы бізге өз еліміздегі университеттерді және Ресейдің жоғары техникалық оқу орындарын таңдау мүмкіндігі ұсынылды. «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерттеу  технологиялық университетіне грант жеңіп алғанда алғашында қобалжығанымыз рас. Қалай дегенмен де басқа елге, үлкен қалаға үйренісіп кетуге уақыт керек.  Ата-анамыздан жырақта, өздігімізбен өмір сүруге бейімделу де оңай соқпайтын сияқты көрінді.

Мәскеуге табан тірегенімізде қорқынышымыз бірден сейілді. Өйткені жан-жақты қолдауды се­зіндік. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен әр кездесуден қа­наттанып шығатынбыз. Бізге се­нім арта отырып, алға жетеледі. «Айналайындар, алған білімдерің  туған жерлеріңді түлетуге, жаңа идеяларды, инновациялық жо­ба­­ларды жүзеге асыруға жа­ра­са, барлығымыздың үміті­міз­дің ақталғаны, еңбегіміздің қайт­қаны» деген сөзі иығы­мыз­дағы жауапкершілік жүгінің сал­мағын ұғындырды.

Өзімізге берілген мүмкіндікті пайдаланып, білім алу, тіл үй­ре­ну, ата-аналарымыздың, об­лыс басшылығының үмітін ақ­тауы­мыз  керектігін түсіндік. Бір жылды артқа тастаған соң, кейін­гілерге түйгенімізді айтып, жол көрсететін болдық. Мәскеуге кел­ген іні-қарындастарымыздың қалаға үйренісуіне, кейбірінің тіл­дік барьерден өтуіне, жатақ­хана өміріне бейімделуіне көмек көрсеттік.

Мен университеттің «Метал­ло­ведение и физика прочности» кафедрасынан  «Инженер-метал­лтанушы» мамандығын алдым. Соңғы курста бітіруші түлектерге жұмыспен қоса әрі қарай білім алуды жалғастыруға болатыны айтылды. Ұзақ ойланып, ата-анам­мен ақылдасып «Электро­энергетика және электротехника» мамандығына магистратураға тү­су­ге шешім қабылдадым. Білі­мімді ұштау, игергенімді шыңдау үшін бұл мүмкіндікті де құр жібермеу керек деп ойлаймын.

 

Асқар ТІЛЕУЖАН,

«Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің түлегі.       

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 маусым 2018 г. 488 0