ТҮЛЕКТЕР ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛАДЫ

Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төра­ғалы­ғымен Ресей университеттерін бітіріп келетін түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесін талқылаған жиын өтті.

Бүгінде Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші техникалық жоғары оқу орын­дарында 452 қызылордалық  студент Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алып жатыр. Алғашқы 75 бітіруші түлек шілде айында диплом алып, елге қай­тып келеді.

– Қызылорда облысы жыл сайын Ресей Үкіметінің гранттары есебінен жетекші тех­никалық университеттерде түлектерін оқытатын бірден-бір аймақ. 2014 жылдан бастап Мәскеу және Санкт-Петербургтің оқу орындарына облыстан 452 мектеп біті­руші оқуға түсті. Биыл олардың алғашқы легі оқуын аяқтайды. 62 студент диплом алып, Қызылордаға қайтып келеді, ал 13-і магистратураға түсіп, оқуын жалғастырмақ. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі де пысықталуда. Бұл балаларға үлкен үміт артып отырмыз, өйткені олар аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзгер­тіп, қазіргі заманның талабына сай бәсекеге қабілетті маман болады, – деді аймақ бас­шысы.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Абылайхан Сабанбаевтың айтуынша, Ресейдегі студенттердің сабақ үлгерімі, әлеуметтік жағдайы күнделікті бақылауда. Уатсапп мессенджерінде арнайы чат ашы­лып, онда проблемалар мен олардың ше­ші­лу жолдары талқыланады.  Өткен жазда суденттер облыс әкімімен кездесуде сырбойылық жастардың қауымдастығын құру туралы ұсыныс айтқан еді. Қазір «Орда» қауымдастығы құрылып, жастардың өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға, Ресейдегі ҚР елшілігімен қарым-қатынас орнатуға, түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға кірісті. Жоғары курстар оқуға енді түскен жастардың қала өміріне бейімделуіне, түрлі кедергілерді жеңуіне көмек көрсетіп келеді.

Бітіруші түлектерді жұмысқа орна­лас­тыру мәселесімен айналысатын жұмыс­шы топ жастар үшін облыс кәсіпорындарына экскурсиялар, жұмыс берушілермен бей­рес­ми кездесулер ұйымдастырды. Негізі Мәскеу болат және қорытпалар институты ҰЗТУ (МИСиС) мен Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университетінің түлектері «Нанотехнология және микрожүйелі техника», «Техно­ло­­гия­лық процестер мен өндірістерді авто­маттандыру», «Материалтану және мате­риал­дар технологиясы», «Электроника мен наноэлектроника», «Металлургия», «Стан­дарттау және метрология», «Тех­­­но­логиялық машиналар мен құрал-жаб­дықтар», «Жылу энергетика және жылу тех­никасы» және т.б. мамандықтарды игер­ген.

Өңірдің бірқатар кәсіпорны түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Олардың басшылары жиын барысында бұл ниеттерін растады. Мәселен, Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты – 4, СКристалл менедж­мент» ЖШС – 1, САбзал және К» ТС – 3, «Геджуба Шиелі Цемент» ЖШС – 8, облыс­тық индустриялық-инновациялық да­му басқармасы 3 адамды жұмысқа қабылдауға әзір. Оған қоса «Қызылорда жарығы» хол­дингі де мекемеге керек мамандарды жұмысқа шақыруда.

Арнайы бөлініс кестесіне қа­ра­ғанда, түлектер «Фирма Балауса», «СКЗ - U», «Юлдизлар ССС хол­динг», «Агрохолдинг Бай­қоңыр», «Абай-Дәулет», «Шалқия цинк ЛТД», «Аралтұз»  сияқты кә­сіпорындарында еңбек етпек. Жер­гілікті атқарушы органдар да креативті, заманауи білім ал­ған жастардың потенциалын пай­­да­ланады.  Жиында «Фирма Балауса» ЖШС өкілі кестеде белгіленген 2 адамды ғана емес, одан да көп мамандарды жұ­­мысқа қабылдауға дайын екенін айтты. Шыны зауыты өкі­­лінің айтуынша, 20 адамды жұмысқа қабылдап, болашақта қосымша оқытуды, өндіріске қажетті мамандықтарға бейім­деуді  жоспарлаған.  Облыс әкімі бітіруші түлектерге қойылатын қосымша талаптарды осы бастан ха­барлап, олардың тіл үйрену курс­тарын бітіруіне, қызметтік міндеттерін атқару үшін керекті машықтарын қалыптастыруға мүм­­кіндік беру керектігін айтты. Сон­дай-ақ өндіріске, аудандарға бар­ған жас мамандардың баспана мәселесін де шешіп беруді тапсырды.

Облыстық индустриялық-инно­вациялық даму басқар­масының басшысы Ринат Сұлтан­гереевтің айтуынша, жыл соңына дейін аймақта ірі кәсіпорындар – шыны, молибден және цемент зауыты мен балық өндеу цехы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар «Химия», «Энергетика», «Стандарттау», «Материалтану», «Авто­мат­тандыру», «Құрылғы операторы» мамандықтарын қа­жет етеді. Шиелідегі цемент зауыты 200 адамды жұмыспен қамтуы тиіс. Жылдың басында Шиелі индустриялық аграрлық колледжіне 100 бала оқуға түсіп, олардың 46-сы сынақ тапсырды.  Қазір олар Қытайда білім жетілдіруде.

Клаус Швабтың «Төртінші өнер­кәсіптік революция» ең­бе­гінде алдағы 7-10 жылда жасанды интеллектпен қатар адамның қоғамдағы ой еңбегі де жоғары сұранысқа ие болатыны көрсетілген. Ғы­лыми-техникалық прогрес­тен туын­даған болашақ маман­дықтар инновациялық, жасанды интеллект, ІТ саласымен байланысты болғандықтан, маман даярлауда осы алғышарттарды ескеру маңызды. 

Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы жауапты мем­лекеттік органдарға сту­дент­терді өңірдің өндірістік компаниялардағы бос жұмыс орындары туралы уақытылы хабардар етуді тапсырып, жастарды жұмысқа орналастыру бойынша жеке жауапкершілік жүктелгенін ескертті.

– Біз алдымызға өркениетті елдердің қатарына қосылуды мақсат етіп қойып отырған елміз. Сондықтан экономикамызбен қатар кадрларымыз да бәсекеге сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Қазір сырбойылық жастар Мәскеу болат және қорыт­палар институты,  Санкт-Петер­бург өсімдік полимерлері мем­лекеттік технологиялық уни­вер­ситетінде ғана емес, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде аймаққа қажетті мамандықтар бойынша білім алуда. Одан бө­лек, сырбойылық жастарды Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалды, «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарлануда. Биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді мо­дельдеу» мамандықтары бойынша М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін  болады. Жыл сайын ауылдан, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан түлектерге облыс әкімінің 100-ге жуық гранты бөлініп келеді. Қазір грант иелерінің саны 700-ге жуықтады. Биыл грант саны 200-ге жеткізіліп, оның 70 процент ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға  бағытталатын болады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2018 г. 532 0