Жаз жайнатып, күн күлдіріп...

Ойын баласына жазғы кани­кулдың басталғанынан артық қызық болар ма?! Балдан тәтті балалық шақ кімнің де санасында  тәтті  естелік ретінде сақ­талып қалары анық. Ал жазғы лагерьдің орны тым ерекше екендігі ешқандай талас тудырмаса керек.
Осы тұрғыда Арал ауданында да көптеген игі істер жүзеге асуда. Жалпы, «Қызылорда облысының 2018 жылға арналған балалардың жазғы каникул кезеңінде сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету» жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес оқушылардың демалыс мезгілдерін тиімді қолдану және денсаулығын, шығармашылық еңбегін, қабілеттілігін арттыру үшін барынша жағдай жасау мақсатында білім беру мекемелерінде 1-10 сынып аралығындағы 15053 баланы сауықтырумен, үйірмелермен және жұмыспен қамту жоспарланған.
Табиғаты көркем Қамбаш көлінің атағы әмбеге аян. Осы көл жағасында ор­наласқан облыстық «Қамбаш» олим­­пиадалар және қосымша білім бе­­ру орталығына 600  бала,  мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде 2189 ба­ла жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен қамтылады. Мектептердегі шатырлы лагерлерге, ауданнан тыс жерлерге, көркейту-көгалдандыруға, «Жа­­сыл ел» жасағына ақылы жұмыс­пен, экскурсияға, аулалық клуб­тар­ға, мектеп жанындағы лагерьге жазылғандар да көбейген. Барлық орта және негізгі мектептердегі күндізгі лагерьлер,  «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы ха­лық­аралық балаларды қорғау күні мерекесі күні  өз жұмыстарын бастап та кетті.
Жазғы сауықтыру лагерьлеріне ал­ғаш­қы кезекте ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шек­­теулі балалар, көпбалалы  және қолайсыз отбасы балалары қамтылуда.
«Қамбаш» лагерінде қазіргі таң­ға бірінші ауысым бойынша 140 ба­ла тынығуда. Орталықта мектеп мұға­­лімдерінен жасақталған педа­гогикалық топ жұмыс жасайды. Сон­дай-ақ, аудандағы күндізгі лагерьдегі балаларға мәдени-тарихи құндылығы зор өлкетану және балықшылар мұ­ра­жайына экскурсиялар, орта­лық­тағы жабық бассейнге бару ұйым­дас­тырылуда. Бос уақытты тиім­ді ұйым­дастыру мақсатында барлық мек­­тептерде балалардың қызы­ғушы­лы­ғын танытатын мектепішілік,  Оқу­шылар үйі жанындағы үйірмелер өз жұмыстарын жалғастыруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында «Жас тарихшылар» үйірмесі же­тек­шілерінің бастамасымен «Ту­ған өлкем – тұнған шежірем» тақы­ры­бында тарихи жерлерді ұрпаққа та­ныстыру үшін жасалған саяхат тартымдылығымен есте қалды. Үйірме мүшелерінің саяхаты көршілес Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі Жан­қожа баба кесенесінен бастау алып, Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейі­не жалғасты. Оғыз мемлекеті аста­насы – Жанкент шаһарындағы Аспан ас­ты музейімен танысып, Қорқыт ата атындағы университетінің ұстаз­дарының зерттеу жұмыстарын көрген оқушылар еркін пікір алысты. Мұнан соң Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс баһадүр кесенесіне, «Бегім Ана», «Асан­дар көтерілісі» ескерткіштеріне тағзым еткен өскелең буын алуан дерекке қанықты.
Қызылорда қаласының 200 жыл­дығына орай Қорқыт ата кесенесіне барған шәкірттер өздеріне рухани азық алса, облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайына экскурсия жасап, Арал теңізіне суға шомылып,  Көкарал биігінен маңайға көз тастап, туған дала тарланын жүгендеді. Ақмола облысына аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан   оқушылар саяхат жасады, мұн­­­дай жағымды жаңалықтар алдағы уақытта жалғасын таппақшы.
Сонымен бірге аудан, облыс кө­ле­­мінен тыс жердегі лагерьлерге бала­лардың тынығуына «Лотон-Мар­кет» ЖШС  облыстық мәслихат депу­­таты  Кәдірберген Бедермен өзге де азаматтардың жеке қаражатынан демеуші болғанын естігенде көңілімізді ризашылық сезімі кернеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Арал ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2018 г. 765 0