СОЛ ЖАҒАЛАУ АҚЫЛДЫ ҚАЛАҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында цифрлық технологияларға ерекше мән берілген. Онда «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады» деп көрсетілген.
«Ақылды қала» тұжырым­дама­сы­ның негізі 2012 жылдан бастап қалан­ды. 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасы бекітілді. Демек, бар­лығы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр деген сөз.
Жолдауда «SMART CITY»  тұжы­рым­­дамасы негізге алынған. Нақты міндеттің  бірі болып Қарағанды об­­лысы – денсаулық саласы, Павлодар аймағы – білім, ал, Қызылорда «ақылды басқару» бойынша пилоттық өңір болып бекітілді. 4 жыл ішінде үздік жобалар іріктеліп, өзге облыстарда жүзеге аспақ.
Жалпы, «SMART CITY»  дегеніміз не? Бұл қандай ұғым?  Ол халықтың қолайлы өмір сүру жағдайларын жақ­сарту үшін ресурстар мен қызмет­терді басқару  тиімділігін арттыру стра­тегиясы болып табылады. «SMART CITY» бағыттары Канадада (қауіп­сіздік), Барселонада (көлік), қал­дықтарды жою бойынша АҚШ-та, әлеу­меттік қызметтерді  көрсету саласы бойынша Сингапурда, дистанциондық білім беруде Стэнфорд, АҚШ-та, меди­циналық көмек көрсету бойынша Ұлыбританияда дамыған.
Қазір Сырдарияның сол жағалауы алып құрылыс алаңына айналғаны белгілі. Жаңа қаладағы барлық талап­тар «Ақылды қалаға» негізделеді деп жоспарланған.
 Бұл аймақты кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен бульвар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық жә­не геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Өткен жылы жаңа қала атанған аймақтан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұл нысандар құрылыс ком­панияларының өз қаражаты есебінен салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақша құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік ая­сын­да салынуда.  
Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұс­қасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізілуде. Қызылордада, дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми ие­леніп, тарихи шешім қабылданған бо­латын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады. Бұл ғимарат көп ұзамай игілікке беріледі деп күтілуде.
Алдағы уақытта бұл аумақтан Жас­тар орталығы, Неке сарайы, «Бола­шақ» университетінің студенттер қала­шы­ғы, онкологиялық орталық бой көтермек. Осы ретте, сол жағалауда «Бола­шақ» университетінің студенттер қалашығының құрылысы жүріп жат­­қанын айта кеткен жөн. Атап айт­қанда, 12 қабатты әкімшілік ғима­рат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жаб­дықталған медициналық және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаор­талық орналасатын болады.
Жаңа технологиялардың артықшы­лығы жеткілікті.   Мәселен,  ғаламтордан тамашалап жүрген «ақылды үйлерде» бәрі оңай басқарылады. Екі алақанды бір-біріне соғу арқылы жарық қосыл­са, теледидарды дыбыспен қосып-сөндіруге болады. Сол сияқты ас бөл­месі мен жуынатын бөлмеде де осы секілді кереметтерді жасауға мүмкіндік қарастырылған. Таңғалатын нәрсе. Бірақ, бұл дәл қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамда іс жүзіне асуда.

А.АҚЫЛБЕК.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 маусым 2018 г. 642 0