ҰЛЫ КӨШТІҢ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚЫШҚАЛА

Ұлы Жібек жолында көне шаһарлардың қарасы көп. Көбі зерттеуді қажет етеді, аттары сақталмаған, атаулары аңыз әңгімелерден ғана кездесіп қалады. Кейбірінің аттары тіпті белгісіз. Тек осы қалалардың шеңгел басып, қарабарақ жапқан орындары ғана бағзы заманда өмір сүрген, сарайлар мен шаһарлар тұрғызған ата-бабалар өмірін еске салады. Алайда, олар із-түссіз жоғалып кеткен жоқ. Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары арқылы қайта жаңғыртылуда. Тарихтың өзіне айналған көне қалалардың бірі – Қышқала Сырдарияның ескі арнасының бойында орналасқан.
Түпкі аты белгісіз шаһарды 1243 жылы итальян саяхатшысы Джованни Плано Карпини Қышқала атаған екен. Бүгінде облыс әкімдігінің қолдауымен аталған шаһарды «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары аршып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
 – Бұл қаланың тарихи аты ұмыт қалған. ХІІІ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген қала 50 гектардай жерге орналасқан. Қала үйлерінің жалпы биіктігі 1-1,5 метр дерлік, күйдірілген қыштан жасалған, бірақ 50-жылдары тү­гел бұзылып кеткен. Ұлы Жібек жолындағы ірі қалалардың бірі, – дейді экспедиция жетекшісі белгілі ғалым-археолог Мадияр Елеуов.
Археологтар көне шаһардың әзірге екі қазбасын ғана аршыған. Оның бірі мавзолей болса, екіншісі, шаруашылық тұрғын-жай деп болжанып отыр.
– Қала мәдениеті қалыптасқан, сәулеті дамыған. Белгілі Тұмар өткелдің басында тұр. Осы жерде орналасқан барлық қалалардың орталығы болған деген негіз бар.  Мәселен, мына аршылған нысан – қала шетіндегі мавзолейдің орны. Қима өрнекпен қасбетін әрлеген, биіктігі 3 метрге жуық. Кейіннен желдің мүжуінен, дауыл мен жаңбырдың әсерінен батысқа қарай құлаған. Қыш материалдарының негізінде жасалған қабаттардың уақытын күні бұрын анықтау қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін XІІІ-XV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді, – дейді зерттеуші ғалым Дөкей Талеев.
Екінші қазба керамикалық тастармен әрленген 8 бұрышты 4 гүлзар тұғыры бар ғимарат. Көлемі 23х18 метр. Бұл нысан сауда орталығы немесе мейманхана болуы ықтимал. Әлі толық арылмаған оның нобайы елордадағы Хан шатырына ұқсас болуы мүмкін деп пайымдайды зерттеушілер.  
Қалашықтың бүкіл кең аумағын алып жатқан көптеген төбешіктер мен ойпаңдар бұрынғы құрылыстың ізі болып табылады. Қаланың ізін табуға, түсінуге цифрлық үшөлшемді топографиялық бөлшектік түсіру мен биіктен түсірілген суреттер мүмкіндік берген.
Қалашықтың ашылуы, онда қазба жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде орта ғасырдағы бай тарихымыз там-тұмдап болса да қайта оралып отыр. Мамандар алдағы уақытта ежелгі қаланың орнын туристік нысанға айналдыруға болатынын айтады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 маусым 2018 г. 718 0