« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кәсіп ашамын дейтін адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тіпті, оларға қаржылай көмек беріліп қана қоймайды, кәсіпкерлікке баулып, қашан аяғына тұрып кеткенше демеп отырады. Бұл кәсіп иелерін қанаттандырады.
Байқоңырлық Болан Қадыровтың негізгі мамандығы– стоматолог. Оқу орнын бітіріп, қолына диплом алғанымен, ол басқа бағытқа жол салды. Темірден түйін түйетін шебер боламын деп шешіпті.
Болан бірде достарымен бірге табиғат аясына демалуға шығады. Жұқа қаңылтырдан жасалған шатырды өзімен ала шыққан еді. Өзгеше дүниеге қызыққан демалушылар сол жерде тапсырыс береді. Міне, жігіттің алғашқы жұмысы осылай басталды. Осыдан кейін ол киіз үйді қайта жаңғыртуды қолға алды. Бірақ ағаштан емес, темірден. Бастапқыда бұл жұмыс жас шеберге оңай соққан жоқ. Көп ізденді. Ауласынан шағын шеберханасын ашты. Құрал-саймандарын түгендеді. Тапсырыс аясы да кеңейді. Алыс-жақын ағайыннан естіп келетіндер қарасы артып, ісі жанданды. 4 адамды тұрақты жұмысқа алды.
Еңбекқор жігіттің өзіне деген сенімділігі артты. 2016 жылы «Болан» жеке цехын ашып, сол жылы қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Қаржыға темірді ойып, кесіп, жонып дайындайтын құрылғыны және киіз тігетін станокты сатып алды. Нәтижесінде жұмысы жеңілдей түсті. Оның жасаған темір киіз үйі жиналмалы. Құруға 15 минут жеткілікті. Киіз үйлер көлеміне қарай 6,8,12 қанатты етіп жасалады. Бағасы 250-400 мың теңге аралығында. Болан бір айда екі киіз үйді жасап шығады. Тапсырыс берушілердің көбі ыңғайлы етіп жасалғанына қызығады екен. Әрі жасалуы мен әрлеуі де сапалы. Сыртқы жабдығына қажетті заттарды Алматы мен Шымкент қаласынан алдырады.
– Осы ісімді қолға алғанда біраз қобалжығаным рас. Күндіз-түні ұйқы көрмей жоба жасап, барынша ыңғайлы етуге тырыстым. Бұл еңбекте аса шыдамдылық пен төзімділік керек. Жұмысымды дамытып, өзгеше дүниелерді жасауды да қолға алып жатырмын. Менің қолымнан шыққан әрбір киіз үйдің қолданысқа еніп жатқаны маған шабыт береді , – дейді жас жігіт.
Бүгінде жиырма үш жасар жігіттің қолынан шыққан киіз үй елімізбен қатар сырт елдерге де асыпты. Атап айтар болсақ, Көкшетау, Ақтөбе, Шымкентпен қатар Ресейдің Орынбор қаласына жөнелтілген. Көкшетаулықтар Боланның киіз үйін ұлттық нақыштағы дүниелерімен жасақтап, туристер тынығатын орынға айналдырған. Сондай-ақ, ауыл-аймақ тұрғындары киіз үйді той-томалаққа жалға алады. Ал, кейбір кәсіпкерлер киіз үйден қымызхана ашқан. Жас іскер қайырымдылық жасауды да жадынан шығармайды. Наурыз, Ораза және Құрбан айт секілді мерекелерде киіз үйді тегін береді.
Болан шеберлігін шыңдап, үйренуден жалыққан емес. Ұсталық өнерге қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасында жетті. Кәсіпкерлік пен ұсталықты ұштастырып, өнерге жаңаша леп әкелемін деген жалынды жастың талабы зор. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге беріліп жатқан жеңілдетілген несие алып, жұмысын одан әрі жандандыруды көздейді.
P.S: Бүгінде сан түрлі кәсіп бар. Игеремін деген жанға мүмкіндік пен қолдау көп. Тек ниет керек. Расында, қазіргі кезде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар жетерлік. Диплом бар, жұмыс жоқ. Сылтау: «жұмыстың реті болмай тұр». Үлкендердің жұмыс жаса дегеніне қолын бір сілтеп, жылы жауып қоя салады. Міне, осы тұста мақала кейіпкері Боланның еңбегінен көп жас үлгі алса дейміз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |