« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылы елімізде бұқаралық спортпен шұғылданушыларды 30 процентке жеткізуді жүктеген болатын. Осы ретте облыстық мәслихат жанынан құрылған уақытша комиссия барлық аудандарды аралап, Мемлекет басшысы міндеттеген мәселенің дамуымен танысты.
Комиссия отырысы әуелі облыс орталығында өтті. Қызылорда қаласында спортпен шұғылданушылардың саны артып келеді. Бұл туралы уақытша комиссия отырысында қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов хабарлады.
Оның айтуынша, 2016 жылы бұқаралық спортпен айналысатындар қатары 5208 адамға артып, 74652 адамды құраған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 6313 адамға көбейгендігін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде 361 спорт үйірмесі бар, оған 25287 оқушы қатысады.
Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарттарының бірі спорттық ғимараттарға қолжетімділік. Бұл тұрғыда қалада 610 спорттық нысан бар. Оның ішінде, 3 стадион, 7 спорттық кешен, 108 спорт залы, 6 бассейн, 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 85 қосымша салынған және лайықтандырылған ғимараттар, 388 қарапайым спорт алаңы, бір жеңіл атлетикалық манеж жұмыс жасайды.
Хабарламадан соң уақытша комиссия төрағасы К.Үйреков пен облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов бастаған комиссия мүшелері және жиынға қатысушылар бірқатар сауалдар жолдады. Қаланың шет аймақтарындағы балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау, халқы көп Белкөл мен Тасбөгет кентіне спорт алаңдарын салу, ол үшін арнайы мамандар мәселесін шешуге ұсыныс білдірді.
Қармақшы ауданында спортпен шұғылданушылар саны 2016 жылы 26 процентті құраса, 2017 жылы 27,1 процентті көрсетіп отыр. Арнайы білім ошақтары мен спорт мектептерінде барлығы 137 спорт алаңы жұмыс жасайды. №15 аудандағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде 862 оқушы спорттың 13 түрімен, №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 542 оқушы спорттың 5 түрімен, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің “Спорт клубында” 208 спортшы спорттың 4 түрімен айналысады. Биыл Жосалы кентінің тапсырысымен демалыс саябақтарына 2 жиынтық көше тренажерлы құрылғылар салынады деп күтілуде. Ауданда өткен жиында осындай мәлімет айтылды. Десе де, аталған салада шешімін табуға тиіс мәселелер де жоқ емес. Бұл тұрғыда облыстық мәслихат депутаты Ш.Әбдікәрімов бұқаралық спортты жас ерекшелігіне қарай дамытуды, депутат А.Дәуленбаев қоғамды байланыстыру мақсатында спорт алаңдарын көбейту мен Ақтөбе ауылына спорт алаңының салыну қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан №30 мектеп жанынан заманға сай жаңа спорт алаңының салу және Тұрмағанбет ауылындағы құрылысы аяқсыз қалған спорт кешенінің толық аяқталуына қаржы бөлуге ұсыныс білдірілді.
Дәл осындай жиын Сырдария ауданында да өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Б. Лекеров аталған бағыттағы жұмыстардың мән-жайын баяндап берді. Мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Елбасы Жолдауынан туындайтын бұқаралық спортты дамыту үшін өңірге облыстық бюджеттен осы жылы 11,1 млн теңге бөлінген. Жоба аясында Тереңөзек кенті мен 13 ауылдық елді мекенде 26 спорт нұсқаушысы 4000-ға жуық аудан тұрғындарын спортпен шұғылдандыруда. Бүгінгі сәтте 128 спорт нысаны жұмыс жасайды. Соңғы үш жылда 3 спорт нысаны пайдалануға берілсе, қазіргі уақытта Ақжарма ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Тұрғындардың көшедегі спорттық нысандарға қолжетімділігін артыру мақсатында орталық демалыс паркінен воркаут алаңы және спорт кешені жанынан 2 стритбол алаңы салынатын болады.
Арал ауданында 87 дене шынықтыру ұйымы жұмыс жүргізеді. Оның ішінде 50 жалпы білім беретін мектептер, 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 2 колледж, 32 мекеме мен кәсіпорын және бір денешынықтыру-сауықтыру клубы бар. Арал ауданы тұрғындарына бұқаралық спортты насихаттауда 2009 жылдан бері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің “Спорт клубы” МКМ қызмет көрсетеді. Клубта ролик, скейтборд, футбол алаңы, тұрғындар үшін стандартқа сай емес ашық спорт алаңдары, балаларға арналған ойын алаңы, мұз айдыны жұмыс жасайды.
Спорт ғимараттарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіруге жағдай толық қарастырылған.
Бұқаралық спортты дамытуға байланысты комиссия отырысы Жаңақорғанда да өтті. Өткен жылы мұнда 3 стритбол алаңы, балалар ойын алаңы бой көтерген. Білім беру мекемелерінде 226 спорт ғимараты жұмыс жасайды. 9936 оқушы спорттың 11 түрімен айналысып отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 3 спорт кешені пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы 2017 жыл аудан халқының 27 проценті спортпен шұғылданған. Дегенмен, тозығы жетіп, жөндеуді қажет ететін алаңдар да жетерлік. Мәселен, ауданның елді мекендерінде орналасқан 46 жасанды жамылғысы бар спорт алаңдарының 5-і ғана пайдалануға жарамды болса, 33-і күрделі жөндеуді, 8-і орташа ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Апатты деп танылған орталық стадион бүгінде бұзылып, нәтижесінде белгіленген спорттық жарыстар өткізілмей отырған көрінеді. Жиын соңында баяндамашы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Рахымжановқа сұрақтар қойылып, қатысушылар тарапынан комиссия мүшелеріне орталық стадионның қайта бой көтеруіне қаржы бөлінсе деген ұсыныстары айтылды.
Жалағаш кентінде 1500 орындық стадион жұмыс жасайды. Ауылдық жерлерде 6 футбол алаңы, 27 әмбебап кіші футбол алаңы бар. Білім саласы бойынша 23 спорт залы тіркелген. Биылғы жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “КАМ” мұнай компаниясының директоры Б.Несіпбаевтың қолдауымен кент орталығына түрлі тренажерлармен жабдықталған спорт алаңын салу көзделуде. Мұндай жақсы жаңалық Таң ауылында да орын алуда. Облыстық мәслихат депутаты И.Шағыртаевтың көмегімен спорт кешені ауыл тұрғындарына пайдалануға берілді. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аудандық ескі автобаза ғимараты мен Еңбек ауылындағы ескі аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, спорт кешеніне ыңғайластыру жұмыстары жүргізілуде. Қарапайым аулалық снарядтар мен тренажерлерді бақтар мен демалыс орындарына салу жұмыстары да жоспарлануда.
Шиелі ауданында да спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Заманға сай алаңдар, стадион мен дене шынықтыру және сауықтыру алаңдары жыл сайын салынып, халық игілігіне беріліп отыр. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында Ақмай ауылында 60 млн, Алғабас елді мекенінде жобалық құны 42 млн теңге болатын спорт кешендері салынған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын тауып Еңбекші ауылында жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Оған қоса Жөлек, Бестам, Төңкеріс, Нартай ауылдық округтерінде спорт кешенінің құрылысы жүруде. Сонымен қатар, аудан орталығы мен Гигант ауылдық округінде жабық бассейн салынып жатыр. Аталған нысандар жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде. Жалпы ауданда спортпен шұғылданамын деген тұрғындарға барлық жағдай жасалғандығын аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Н.Сапарбайдың баяндамасынан байқауға болады.
Қазалы ауданында бұқаралық спортпен айналысушылар саны 27,2 процентті құрайды. Аудан бойынша 30 спорттық жасанды алаң бар. Оның 27-сі 2011-2013 жылдары елді мекендерде әмбебап жасанды жасыл алаң салу бағдарламасына сәйкес салынған. Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында Бекарыстан би ауылында №18 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қазақ күресінің бөлімшесі жұмыс жасауда. Жекешелік әріптестік негізінде Әйтеке би кентіне жаттығу залы мен бассейн салу жоспарлануда.
Жалпы уақытша комиссияның бастамасымен қолға алынған бұқаралық спортты дамытуға байланысты мәселелер облыстық мәслихаттың сессиясында қаралатын болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |