« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Цифрландыру, роботтандыру» сөзінің тілдік қолданысқа енгізілгені сол еді, еліміздегі сан түрлі саланың ісі серпін алды. Мекемелердегі том-том қағаздар айналымын азайтып, құшақ-құшақ құжаттың бәрі электронды форматқа ауыса бастады. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау саласы технологияның тиімділігін арттырып, халық жаңалықтардың игілігін көре бастады. Бүгінде сандық технология – еліміздегі жаңғырудың басты бағыты. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да цифрлы экономика құру және кәсіпорындарды цифрландыру, цифрлы білім беру ресурстарын дамыту мәселесі тапсырылған болатын. Расында, төртінші өнеркәсіптік революция біздің елде ғана емес, әлемде цифрлы қоғамды қалыптастырды.
Әлем
«Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық» деп дала қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсарин қазақ баласын мектепке шақырған ХІХ ғасырда батыс жұрты біріншісін аяқтап, екінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басты. Бірінші өнеркәсіптік революция (1760-1840 ж) әлемге қандай өзгеріс әкелді? Алдымен механикалық өндірістің дамуына жол ашқан бу машинасы ойлап табылып, темір жолдардың құрылысы басталды. Екінші өнеркәсіптік революцияда (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан) электр қуаты мен конвейтер енгізіліп, өндіріс жаңаша қарқын алды. 1960 жылдан басталған үшінші өнеркәсіптік революцияда үлкен ЭВМ-дер мен жеке компьютерлер ойлап табылды. Ал қазақ баласын робототехниканың тілін білуге жетелеген төртінші өнеркәсіптік революция цифрлы жаңалықтарымен белгілі.
Байқап қарасақ, өткен ғасырдың сексен-тоқсаныншы жылдары еліміз КСРО-дан енші ала алмай жүргенде, батыс елі, «өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызып, айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызып» ақылды технологиялар жарысын бастап кетіпті. ІТ саладағы блогер Тимур Бектұр әлеуметтік желіде «осыған дейін Ресей, Қытай, АҚШ секілді әлемдік ғарыш державалары ғана космосқа шыға алатын болса, ендігі жарыс жекеменшік компаниялар арасында басталған. Ал суборбитал кеңістікке шығудан Ричард Брэнсон мен Джеф Бэзостың Virgin Galactiс-і мен Blue Origin-і қазірдің өзінде ғарышқа туристер апарудың барлық қамын жасап жатыр»,-деп жазды. Расымен, әлемнің дамуы пойыздың жүйткігені секілді, асықпасаң артына қарайламайды. Ендеше, қазақ баласы смартфонға мәз болып, жылда жаңасын алуға бар малын шығындамай, «сананы істен оздыруға» талпынуы керек. Өйткені, бізге қарағанда, әлем басқаша ойлайды.
Біз
Еңбек нарығының өзгеруі мен білім беру саласының жаңғыруы бірдей уақытта, бір-бірін толықтырып отыруы тиіс. Цифрлы қоғам қалыптастырудағы міндеттер 5 әлеуметтік бастама шеңберінде орайласып, 20 мың қосымша оқу грантының негізгі бағыты техникалық мамандықтардың еншісіне тиіпті. Бұл ІТ саланың дамуына жол ашатын инженерлер мен ақпараттық технология мамандарына, робототехниктерге деген ерекше қолдауды білдіреді.
Жуырда өткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына арналған парламенттік тыңдауда Сенат Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «2025 жылға қарай цифрландыру арқылы ішкі жалпы өнім 19 %-тен 34 процентке көтеріледі. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай цифрландыру әлем экономикасының төрттен бірін құрайды» деп мәлімдеді.
Бүгінде ақпараттық және цифрлық технологияларды дамытуға қатысты жұмыстар Сыр бойында да жүзеге аса бастады. Өткен жылы «Hackday – 2017» фестивалі аясында ақпараттық технологиямен айналысатын 500-ден астам жас жобаларын ұсынды. Алғашында 100-ден астам жастың жобасына мүмкіндік ұсыну жоспарланған фестивальда қатысушылардың 500-ге жетуі өңірде талантты жастардың көп екенін дәлелдеді. Нәтижесінде ақпараттық-коммуникация саласындағы стартап жобаларды қолдап, дамытуға арналған ІТ парк құрылды. Ал сол жағалауда салынып жатқан Жастар ресурстық орталығында Қазан қаласындағы ІТ парк үлгісінде тағы бір орталық ашылмақ.
Білім саласындағы цифрландыру қызметтер қолжетімділігін арттырды. Ақпараттық жүйе, білім беру порталдары құрылып, мобильді қосымшалар дайындалып, робототехника кабинеттері ашылды. Оқу-тәрбие жүйесін автоматтандыруға негізделген «Күнделік» электронды журналы енгізілгелі білім сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Бұрынғыдай мектеп пен ата-ана сынып журналы, үлгерім табелі және қағаз күнделіктер сатып алуға қаржы шығындамайды. Ал мұғалімдер сабақ өтіп кеткесін баға қойып не қайта жөндей алмайды. «Bilimland» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материал, ресурстармен қамтамасыз етсе, интернеті жоқ ауылдарға қолайлы «Bilimbook» ноутбугінде әр пәнге қатысты деректер мен аудио, бейнефайлдар топтастырылған. Мұнан өзге «Е-әдіскер» мобильді қосымшасы енгізіліп, «Үoutube» каналында ұстаздардың үздік бейнесабақтары топтастырылған. Сондай-ақ, университеттер бірнеше жылдан бері «Plotonus» ақпараттық жүйесін пайдаланса, енді аймақтағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына да бұл жүйе қолжетімді.
Байқағанымыздай, білім саласында цифрландыру үдерісі қарқын алған. Ал денсаулық сақтау саласында биылғы басты жаңалық «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасының енгізілуі болды. Дәрігерге қабылдау талоны үшін емханаға бірнеше рет баратын пациенттер енді қабылдауға үйде отырып-ақ жазылады. Тіпті маманды үйге шақырып, емханаға жазылғаны туралы хабарлама алады. «Дабыл түймесі» арқылы Жедел жәрдем қызметіне жүгініп, тапсырылған зерттеулер нәтижесімен «зертханалық зерттеулер» модулі арқылы танысса болады. Аталған саладағы цифрландыру жұмыстары бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Осыған дейін тәуліктік стационарларда «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілсе, 2016 жылы облыстық жедел-жәрдем стансасына «Көмек» жүйесі енгізілген. Ал бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына өткен жылдан бастап «Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі» енгізілді. Қазір облыстағы медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйемен қамтылуы 100 пайызға жетті дейді жауапты мамандар.
Сондай-ақ, енді облыс көлеміндегі 150 ескеркіштің 3Д форматтағы интерактивті картасы жасақталып, мәдени мұраны танып-білуге деген мүмкіндік артады. Жоба «Цифрлық Қазақстан» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ұсынылған.
Цифрлы технологияға көшу сатылай, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бұл деректер бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Бағдарламаны жүргізуде Америка мен Еуропа мемлекеттерін мысалға келтіретіндер көп. Бірақ бұл елдерде өзге жүйе қалыптасқанын ескеру керек. Айталық, аталған елдерде медициналық көмек азаматтардың есебінен жүргізілсе, Қазақстан тегін көмек түрін ұсынады. Шетелдік тәжірибені толықтай көшірмес бұрын, жергілікті ерекшелікті ескеру керек дейді мамандар.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |