БҚО мен Қызылорданың оқушылары Ақмоладағы киелі жерлерге саяхат жасады

Ақмола облысында «Рухани» жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы шеңберінде қолға алынған республикалық өлкетану акциясы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынып отырған акция шеңберінде Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының мектеп оқушылары Ақмола облысының киелі жерлеріне саяхат жасады. Акцияның алғашқы күні балалар Бурабай баурайындағы бұғы өсіру шаруашылығы аумағында жақында ашылған көне дəуірдің көзіндей көрікті «Жайлау» этноауылында болды. Онда балалар қаз-қатар тігілген қазақтың ақшаңқан киіз үйлеріне кіріп, ұлттық тағамынан дәм татып, халық әндерін тыңдап, алтыбақан теуіп, атқа мініп серуендеді. 
Ал, келесі күндері әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларынан құралған 134 оқушы мен олардың жетекшілері топтарға бөлініп, Абылай хан алаңы мен мұражайы, «Хан тағын» тәрізді Ақмола өңірінің киелі жерлерін аралап, мәдени құндылықтарымен танысты. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында болғанында оның тарихын, кітап қорын, кітапханадағы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімдерін, «Рухани жаңғыру» залын, «Мобильдік кітапхана», «Коворкинг» орталығы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Мағжан ақын» бұрышы таныстырылып, шығармашылық алаңдарда танымдық-интеллектуалдық сағат өткізілді. 
Сонымен қатар, кітапханадағы инновациялық жобалар туралы, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды қадамдар жайлы мәліметтер берілді.   Сонау Сыр өңірі мен Батыс Қазақстан облысынан ат басын бұрған балаларға кітапхананың заманауи келбеті, оқырмандарға қызмет көрсетуі көңілдерінен шығып, кітапханашыларға жылы қарсы алғандары үшін алғыстарын білдірді.  Кітапхана бойынша экскурсия жасаған «Көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс» бөлімінің қызметкерлері Назира Рамазанова мен Айнаш Ерубаева балалармен қызықты сұхбат жүргізіп, өлкенің тарихы беттерінен сыр шертіп, еркін пікір алмасты. Балалар Коворкинг орталығында жайлы, қолайлы алаңда алған әсерлерімен бөлісті.   
«Маған бұл жолғы киелі жерлерге саяхат қатты ұнады. Осындай мүмкіндік берген жандарға алғысым шексіз», деді қызылордалық оқушы Зарина Нәлібаева. Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, алдағы тамыз айында ақмолалық 70 оқушы Қызылорда облысы мен Астана қаласына сапар шегеді. Еске сала кетейік, биылғы жылдың 10 тамызынан бастап, «Рухани» жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы шеңберінде елімізде республикалық өлкетану акциясы қолға алынды. Аталмыш акция шеберінде еліміз бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы 2 мың бала киелі жерлерге саяхат жасайды.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 маусым 2018 г. 632 0