Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жеңімпаз отбасыларды құттықтады.
– Әрбір отбасы босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым, әрі кемелділігінің кепілі. Отбасы құндылығы қай ел үшін де мемлекеттік саясаттың ең маңызды бөлігі саналған. Сондықтан Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде отбасы институтына деген қамқорлық үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын көбейіп отыр. Бала туу көрсеткіші бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы қатарда. Аймағымызда 44 мыңнан астам көпбалалы ана болса, оның 27 мыңы – батыр ана. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 14 мыңға жуығы – «Алтын алқа», 13 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері. Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани-адамгершіліктің бастауы. Сіздер әрқайсыларыңыз өз отбасыларыңызды берік сақтау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы өз еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер, –деді аймақ басшысы.
Елбасының бастамасымен 2014 жылы алғаш рет өткізілген сайыс дәстүрге айналды. Ұлттық байқауға қатысуға ниет білдірушілер саны жылдан-жылға артып отыр. Биыл облыста 361 отбасы бақ сынады.
Байқауға қатысқан отбасылардың барлығы да жеңіске лайықты. Бас жүлдені Сырдария ауданынан қатысқан Бәйменовтер отбасы жеңіп алды. Отағасы Рақымжан Бәйменов КСРО кезінде білім саласы мен партия органдарында басшылық қызметтер атқарған. Жары – Сапура Бәйменова «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері. Бүгінде 9 бала, 22 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ал, бірінші орынды Шиелі ауданынан қатысқан Ишанқұловтар отбасы иемденсе, екінші орын жалағаштық Тоқсановтар әулетіне бұйырды. Үшінші орынды қызылордалық Досмахановтар еншіледі.
Байқауға қатысқан өзге де отбасылар «Өнегелі отбасы», «Жарасымды жанұя», «Ұлағатты отбасы», «Мәуелі бәйтерек», «Өнерлі отбасы», «Ізгілікті шаңырақ», «Тату отбасы», «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы диплом табыс етілді.
Бас жүлдені иемденген Бәйменовтер отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».