ӨРІСІ КЕҢ ӨНДІРІС

Елбасы Жолдауында отандық тауар өндіретін жаңа өндіріс орындарын ашып, Қазақстан өнеркәсібін дамытуды, осы арқылы жаңа жұмыс орнын құруды тапсырғаны белгілі. Осы ретте Сыр өңірінде өндірісін өркендетіп, ел нарығын жоғары сапалы тауармен қамтып және отандық брендті қалыптастыруға өз үлесін қосып жүрген құрылымдар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – “Электро Технология” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Осыдан 15 жыл бұрын негізі қаланған кәсіпорынның Қызылорда қаласында, «Құмкөл», «Әлібекмола», «Қожасай», «ӨзенМұнай» газ кеніш­терінде арнайы электр­техникалық жабдықтарды жөндеуге арналған өндірістік және жөндеу базалары, интеллектуалды автоматтық станцияларды басқару жүйесін жинақтайтын жөндеу цехтары бар. Компания «Торғай Петролеум» кәсіпорнын толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Серіктестік  бастапқы кездері кеніштердегі станоктарда мұнай өндіруді оңтайландыру үшін құрылғылар орнату, электр­құрылғыларына сервистік қыз­мет көрсету, электржүйелерін және подстанцияларды жөндеу жұмыс­тарымен айналысқан. Бүгінде  ком­пания электрқұрылғыларын өздері шығара бастады. Еліміз бойынша жұмыс жасау мүмкіндіктері жеткілікті лабо­раториямен қамтыл­ғандықтан, мұн­дағы мамандар интеллектуалды авто­маттандыру жүйесін ойлап тауып, оны қазіргі таңда өндірісте қолдануда. Баламасы жоқ құрылғы мұнай кеніштері үшін таптырмас қондырғы болып отыр. Себебі, жер­гілікті мамандар жасаған тех­ника өздігінен насостардың жыл­дамдығын көбейтіп, азайтып отырады.  Бұл өнімге сұраныс та жоқ емес.

– Негізі қондырғы Батыс Қа­зақ­стан мен өзіміздің мұнай кеніштерінен тәжірибеден өтіп, тиімділігін көрсетуде. Ең басты ерекшелігі, электр энергиясын 40 процентке үнемдейді. Құрылғының бөлшектерін өз елімізден алып отырмыз. Өте қарапайым түрде жасалған. Шетелдік қондырғыларға қарағанда монтаж жасауға ыңғайлы. Құрастыру барысында нақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тапсырыс берушілердің талап-тілектері де ескеріледі. Бағасы да өзге елден келген қондырғыға қарағанда екі есе арзан. Тағы бір айта кетерлігі, интеллектуалды АБЖ (автоматтандырылған басқару жүйесі) бұрын-соңды Қазақстанда жасалмаған. Бірінші болып біз жасадық, – дейді серіктестік инженері Марат Шалабаев.

«Электр Технология» ЖШС-да жұмыссыз жандарға кәсіптік білім беретін оқу орталығы да қарастырылған. Онда үшінші разрядтағы электргазбен дәнекер­леуші және электрмонтер маман­дықтары оқытылады.  Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірігіп жұмыс жасайтын оқу орталығы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға  арналған бағдарлама» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы мамандар даярлауда. Оқу орталығының директоры Қазтай Әбдіреевтің айтуынша, мұнда кәсіптік білім алып шыққан мамандардың жұмыс табуына орталық өз ықпалдарын тигізеді.

 – Орталықта наурыз айынан бастап 25 адам оқиды. Әр оқушыға 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Қазіргі күні мекемелерге хат дайындалуда, солардың тапсырысы бойынша мамандарды жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ, оқып жатқандардың көпшілігі жеке кәсіппен айналысуды мақсат еткендер. Олар үшін кәсіпкерлік палатасы мен «Даму» қорынан арнайы мамандар шақырып, дәріс берудеміз. Бұл мамандықтарға сұраныс жоғары, қажеттілік бар. Алдағы уақытта кран машинистері мен кран манипуляторын әрі аспазшы мамандарды даярлау жоспарда бар, – дейді Қ.Әбдіреев.

Жұмыссыз жүрген жандар үшін бұл бастама таптырмас мүмкіндік. Тек мұнда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасы арқылы келесіз. Егер өз бетіңізше оқығыңыз келсе, дәріс ақылы түрде жүреді. Сондай-ақ, кәсіби біліктілік деңгейін көтеру үшін де осы орталықта біліміңізді жалғастыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, мұндағылар өндірістік тәжірибеден өткен, кәсіби білімді маман болып шығады.

–  Мен «Наурыз» шағын ауда­ны­ның тұрғынымын. Осы уақытқа дейін жұмыссыз болдым. Бағдарламаны естігелі «Электр Технология» ЖШС-на қарасты оқу орталығына келіп газэлектрдәнекерлеуші ма­мандығын оқып жатырмын. Осы жерден алған білімім мен тә­жірибемді ұштастырып, металл бұйымдарынан түрлі өнімдер жасау арқылы өз ісімді ашқым келеді, – дейді Талғат Қымызбаев.

Талғат секілді білім алып, жақсы маман болуды  мақсат еткендер қатары көп. Солардың бірі – Мырзақұл Жайсаң.

– Мен осы маусымда оқуды аяқтаймын. 3-разрядтағы электр­газбен дәнекерлеушімін. Қазіргі кезде қаламызда құрылыс жұ­мыстары қызу жүруде. Құрылыс саласына қажетті, нағыз тапшы мамандықтардың бірі. Осындай  білім алуға мүмкіндік берушілерге айтар алғысымыз шексіз, – дейді.

Жалпы серіктестікте өрлеу жұмыстары басым. 200-дей адамды жұмыспен қамтып отырған «Электр Технология» ЖШС алдағы уақытта да сапалы өнім шығарып қоймай, еліміздегі мұнай компанияларымен  әрі қарайда жұмыс жасап, сервистік қызмет көрсетуге дайын.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2018 г. 569 0