ТҰТЫНУШЫҒА ТАЗА СУ ЖЕТКІЗУ БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

ТҰТЫНУШЫҒА ТАЗА СУ ЖЕТКІЗУ БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫСу – тіршілік көзі. Әсіресе, адам баласы үшін ауыз судың алар орны ерекше. Осы жайтты мықтап ескерген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің биылғы есепті баяндамасында облыс халқын таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жайын жан-жақты түрде айтып берді. Шындығында, бұған дейін тұтынушылардың ауыз суды Сырдария өзені мен ашық су көздерінен пайдаланып келгені жасырын емес. Енді бұл іс нақты жүргізілген жұмыстардың арқасында түбегейлі шешімін табуда.
Рас, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жүзеге асыруда ҚР Үкіметі қабылдаған 2011-2020 жылдарға арналған "Ақбұлақ” бағдарламасының көп септігі тиіп отыр. Негізі бұл бағдарламаның мақсаты сапалы ауыз суды тікелей тұтынушыға дейін жеткізу және су жүйелерін барлық қажетті техникалары бар коммуналдық кәсіпорынға беріп, сол жобаларға жұмсалған қаржының тиімділігін арттыру көзделген.  Осы бағдарлама шеңберінде әрі облыс басшысының іс-қимыл жоспарына сәйкес өткен жылы кең көлемді жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, өткен жыл қорытындысы бойынша 263 ауылдық елді мекеннің 72 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. 2012 жылы бұл көрсеткіш 178 ауылдық елді мекен немесе 68 пайыз болған еді. Соның ішінде былтыр Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған және Сырдария аудандарының 16 елді мекеніне таза ауыз су жеткізілді. Сондай-ақ, "Ақбұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Арал ауданының ашық су көздерін пайдаланып келген Райым, Құмбазар, Ақшатау, Ескіұра, Қызылжар, Шөмішкөл, Үкілісай, Бекбауыл секілді  сегіз елді мекені "Арал-Сарыбұлақ” топтық су құбырына қосылды. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде 45 мыңнан астам халық тұратын 24 елді мекен тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
Жалпы бүгінде аймақ тұрғындарының 94 пайызы таза ауыз су жүйесін пайдалануда. Айта кету керек, осы жұмысты жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға облыстың барлық аудандарындағы 20 жоба іске асырылатын болады. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен 28 жоба да жүзеге асырылады.
Соның ішінде Қазалы мен Қармақшы аудандарының орталықтарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету ісі қолға алынады. Дәл осы орайда аймақ басшысы өзінің баяндамасында Әйтеке би кентіндегі 30 мың халыққа есептелген су қоймасынан 22 елді мекенге ауыз су беріліп тұрғанын, бірақ, үш күнге деп есептелген судың бір тәулікте таусылып қалатынын айтқан. Жосалы кентіндегі жағдай да осындай. Сондықтан да осы екі ауданнан қосымша су резервуарларын салу қажеттігін, ол үшін қажетті қаражатты республикалық бюджеттен қарастырылатынын жеткізген.
Сонымен қатар, биыл «Талап-Сырдария» және «Жиделі» топтық су торабын қайта жөндеу құрылысының жобасына республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осы қаржы есебінен алдағы уақытта 57 мың тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге жол ашылатын болады.
Баршаға белгілі, соңғы жылдары қаладағы тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз етуде Қызылжарма жерасты су қоймасын игеру ісі қолға алынды. Бір өткен жылдың өзінде осы жерден 21 ұңғыма қазылды. Осы ұңғымалар арқылы өндірілген таза су бүгінде облыс орталығындағы тұтынушыларға жеткізілуде. Айта кету керек, «Қызылжарма» су қоймасынан өндіріліп жатқан су санитарлық талаптарға толықтай жауап беретін, сапасы жоғары су болып есептеледі. Сондықтан биыл осы қоймадан тағы да 17 ұңғыма қазылып, онан алынған су өз тұтынушыларына жеткізілетін болады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 05 сәуір 2014 г. 8 088 0