Жетекші партияның өңірдегі өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасы, қалалық білім бөлімі мамандары және жеке кәсіпкерлер мен бірге қаладағы №3 мектеп-лицейі базасында кездесу өткізді. Онда мектеп асханасы жұмысымен танысып, «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасын жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарады.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған партиялық жобалардың тек бүгінді емес, ертеңгі күніміздің де жарқын болуына бағытталғанын атап өтіп, соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға,мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті кеңейтуге зор мүмкіндік беріп отырған «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасының маңыздылығын айтты.
– Балалардың дұрыс тамақтанып, салауатты болуы – ең маңызды мәселе. Дегенмен кейбір мектеп асханаларының жұмысында ас мәзірінен бастап, оның құрамы, қызмет сапасы, тазалық сияқты негізгі бағыттарда олқылықтар бар екені анық. Осы кемшіліктерді түзетіп,барлық мектептерге ортақ бірыңғай стандарт дайындап, асхана жұмысын сол талаптарға сай жүргізудің берері мол,- деді Ибадулла Құттықожаев.
Сондай-ақ филиал төрағасының бірінші орыбасары мектеп асханаларының дұрыс жұмыс жасауына оларды жалға алу мерзімдерінің де әсер ететіндігін айтты.
-Бүгінде мектеп асханасын жалға алып отырған кәсіпкерлердің келесі жылы да сол жерде жұмыс істейтініне ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан олар жаңа қондырғылар алып, қызмет сапасын жақсартуға құлықсыз болып отыр. Егер ұзақмерзімді келісіммен жұмыс істейтін болса, жағдай оң бағытта өзгерер ме еді. Қазір тиісті министрліктерге ұсыныстар жолданып жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстарға ата-аналар комитеттері де қатысып, жаңа жүйені қолданысқа енгізуге жұмыс жасауымыз керек. Сонымен қатар осы жұмыстардың барлығына тұрақты әрі жүйелі қоғамдық бақылау жүргізуді назардан шығармауымыз қажет,- деді Ибдулла Құттықожаев.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов жаңа партиялық жобалар¬дың ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалар жөнінде айтып өтті.
- Бұл жерде кәсіпкерлерге арналған онлайн-қызметтің орны бөлек. Мұнда кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Осы жерде ерекше мақтанышпен атап өтетін жайт, мұндай бастама қазір біздің өңірде сәтті жүзеге асуда. Яғни, бүгінде біздің кәсіпкер облыс бойынша геоақпараттық онлайн-қызмет көрсететін жүйені пайдаланып отыр. Жүйе іске қосылғалы бері кәсіпкерлердің құжат жинау жұмыстары айтарлықтай жеңілдеді. Ең бастысы, қажет құжаттарды электронды түрде алуға қол жеткізілді,- деді Қожахмет Ілиясов.
№3 мектеп-лицейінің директоры Меруерт Әбдіхалықова партияның бастамасына ризашылығын білдіріп, осы бағытта бір-лесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.