Кеше Байқоңыр қаласында Қазақстан Коммунистік партиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан – Ресей ынтымақтастығы мен достығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абай Тасболатов пен Владислав Косарев, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов қатысты. Мәртебелі меймандар алдымен орталық алаңдағы В.И.Ленин ескерткішіне гүл шоғын қойды.
– Байқоңыр – стратегиялық маңызы жоғары қала. Біз оның мүмкіндігін пайдалана білуіміз керек. Осы күні Қазақстанның үшінші толқыны ғарыш саласын меңгеріп, арнайы мамандануда. Олар осы жұлдызды қалашықты дамыту үшін тер төгетін болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты В.Косарев.
Мәжілісмен өзінің осы қала тұрғындарының мәселелеріне байланысты түйткілдердің тарқату жолдарын ұсынып жүргенін жеткізді. Солардың бірі – көрші ел заңнамасымен салынатын мұндағы салықтың халықтың қалтасына түсірген салмағы. Депутат жұлдызды қалашықтағы білім мен медицина саласын қазақстандық стандартқа көшірген Үкіметтен салық заңнамасын да отандық жүйеге ауыстыруды ұсынып отыр. Аталған мәселенің көтеріліп жүргеніне де біршама уақыт болды. Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов бұл түйіннің де шешілер сәті алыс емес екенін жеткізді.
– Байқоңырға жыл басынан бері бірнеше мәрте келдік. Жұртшылықпен жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдадық. Кәсіпкерлер мәселесінен де хабардармыз. Осыған дейін қала көгілдір отынға қосылса, енді тұрғын үй құрылысына қыруар қаржы бөлініп, жаңа баспаналар салына бастайды. Бұл күнде құрылыс алаңы дайындалу үстінде. Жер мәселесі шешімін тапты. Кейбір құқықтық мәселелер бар екені рас, алайда ол мәселеге орай екі ел де жұмыс істеп жатыр. Жақын арада шешіліп қалатынына сенім мол, – деді ол өз сөзінде.
Мәжілісмен А.Тасболатов Байқоңыр қаласын құруда еңбек еткен, құрылыс саласының ардагері Мұратбек Ниязовты ерекше атап өтіп, құрмет көрсетті. «Тарихты жасаған тұлғаларға қашан да құрметіміз жоғары» дегенді тілге тиек еткен ол облыс дамуына жоғары баға берді.
ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақытбек Бекпанов қаланың дамуында атқарылған біршама жұмыс және Қазақстандық стандартқа қосылған әлеуметтік нысандар мен жаңадан салынатын ғимараттар жайына тоқталды.
Жиын соңында бірқатар азамат Қазақстан Коммунистік партиясының естелік медальдарымен марапатталды.
Дәулет ҚЫРДАН,
журналист.
Байқоңыр қаласы.