Байқоңырдан «Союз МС-09» ғарыш кемесі ұшырылды

Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-09» көліктік басқарылатын ғарыш кемесі сәтті ұшырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Союз МС-09» ғарыш кемесі 2018 жылғы 6 маусым күні 17 сағат 12 минутта ғарыш айлағының №1 Гагарин алаңынан ұшырылды. Ол Халықаралық ғарыш стансысына 56/57 экипажын жартыжылдық экспедицияға жеткізеді.

Ғарыш кемесін Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру штаттық режімде өтті.

Халықаралық экипаж: кеме командирі, ресейлік космонавт Сергей Прокопьев, борт инженерлері- неміс астронавты Александр Герст және америкалық астронавт Серена Ауньон-Чэнселлордан құралған.
Олардың алдында ауқымды зерттеулер бағдарламасы тұр, атап айтқанда, ашық ғарышқа шығу, жүк кемелерімен жұмыс істеу, ХҒС борт жүйелеріне қызмет көрсету сияқты миссияларды атқарады. Сондай-ақ ресейлік ғарышкерлер футболдан Әлем чемпионатының финалы өтетін күні стансының бортында футбол ойнауды жоспарлап отыр.  

Жоспарға сәйкес, «Союз МС-09» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансысымен 2018 жылғы 8 маусым күні түйіседі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 маусым 2018 г. 441 0