Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты: ЗҰЛМАТ ЗАРДАБЫ ӘЛІ ДЕ ЗЕРТТЕЛУІ КЕРЕК

Өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы  аштық адамзат баласының тарихындағы жантүршіктірерлік ең зұлматты да  ауыр қасірет болып тарихта қалды. Кеңестік жүйе кезіндегі бұл нәубеттен ең ауыр зардап шеккен  Қазақстан болатын. Сол кездегі әкімшілдік-әміршілдік жүйе қазақ халқының ежелгі дәстүрін, шаруашылық жүргізудің өзіндік ерекшеліктерін ескермей, көшпенді халқымызды еріксіз отырықшылыққа мәжбүрледі. Алдарындағы малдарын тартып алды. Негізгі күнкөрісі мал болған ел аштыққа ұрынды, шамасы барлар жан сауғалап шекара асып кетті. Қазақ халқы демографиялық жағынан тоқырауға түсті. 

Кеңестік жүйенің осы бір ең ауыр қылмысы ұзақ жылдар бойы аса құпия болды. Тек  еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана барып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен  ашаршылық және оның зардаптары  зерт­теліп, бұл нәубеттің қасіретін бү­гінгі өскелең ұрпақтың терең білуіне, ұлтымыздың осы бір зобалаң кезеңді және оның құрбандарын   үнемі есте ұстап отыруға мүмкіншілік жасалды.

Қазіргі қолдағы архив қорларында  сақталған санақ материалдары,  мемлекет қайраткерлері мен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің  И.Сталинге,  Л.Мирзоянға жазған сол кездегі хаттары  және осы тақырыпты терең зерттеген отандық және шетелдік тарихшы ғалымдардың, атап айтқанда, М.Қозыбаев, Б.Төлепбаев, М.Тәтімов, В.Осипов, Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев, К.Алдажұманов, Ж.Әбіл­ғожин, Ғ.Сапарғалиев, Б.Қойшыбаев, Р.Конквест, Р.Дэвис, Ю.Поляков, И.Киселов, В.Михайлов және т.б. пікір­леріне сүйенсек, 1930 жылы 1 маусымға дейінгі есеп бойынша  Қазақстанның ауылдық жерлерінде 5 миллион 873 мың халық, соның ішінде  4,5 миллион қазақ тұрған екен. Ал 1932 жылы Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатының» иелері Ғ.Исқақов, И.Каболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, О.Жандосов  Қазақстанның Казсовнаркомының мә­лі­метіне сүйене отырып,  ауылдық жерлердегі 4 миллион 800 мың халықтың 2 миллион 250 мыңы  ғана  қалғанын атап көрсетеді.

Сол кездегі Қазақстанның халық шаруашылығы есептеу басқармасының орынбасары Н.Манкевич 1935 жылы 23 қырқүйекте Л.Мирзоянға жазған өте құпия хатында да 1930-1933 жылдардағы аштықтан қырылғаны бар, аурудан қайтыс болғаны бар және үдере босып кетулерінің салдарынан ауыл халқының 3 миллион 559 мың адамға кеміп кеткенін баяндайды. 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған хатында Тұрар Рысқұлов  бір ғана Балқаш ауданын мекендеген 60 мың адамның 36 мыңы аштықтан қайтыс болғанын, 12 мың адам бас сауғалап босып кеткенін ашына жазған болатын. Архив және жанама санақ деректеріне сүйенсек, үш жылға созылған ашар­шылықтың кесірінен халқымыздың 2 миллион  200 мыңы  аштықтан және со­ның зардабынан болған түрлі жұқпалы аурулардан қырылып қалса, 800 мыңға жуығы  жан сауғалап, елден тысқары аймақтарға босып кетті.

Демек, үш жыл ішінде атақоны­сын­да тұрып жатқан қазақ халқы тең жартысынан айырылды. Мұндай ауыр қасіретті бірде-бір халық басынан өткер­меген екен. Айта кетуіміз керек, бұл ашаршылық Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлттарға да қасірет әкелді. Мысалы, қазақстандық ұйғырлардың 13-%-і, украиндықтардың, немістердің 11-%-і, татарлардың 10-%-і, өзбектердің 8-%-і, орыстардың 6-%-і ашаршылыққа ұшырады.

Қазір демограф мамандар  қолдан жасалған осы ашаршылық болмаса, осы күндері біздің халқымыз 45 миллионға жетуі мүмкін екендігін айтып жүр. Соны­мен бірге, бұл зұлмат қазақ ұлтының  өсімін кем дегенде 100 жылға кейін шегеріп тастаған да көрінеді.

1928 жылы Қазақстанда 40 миллионға жуық мал болса, 1933 жылдың ақпан айында 4 миллион  ғана  мал қалған екен.

Жылдар өтіп, ұрпақтар да алмасып жатыр. Тарихтың бүгінгі талабына сай болсын десек,  осы бір  ашаршылықтың  залалы мен зардабын әлі де болса нақ­тылай түсу қажет. Бұл орайда 1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы жанынан құрылған комиссия халқымызды ашаршылыққа ұрындырған өткен ғасырдың 20-30 жыл­дар аралығында қабылданған қау­лылар мен қарарларды зерттеу жөнінде ауқымды жұмыстар атқарды. Дегенмен, әлі де болса Қазақстан тарихындағы осы бір нәубетті  кезеңді есте қалдыру үшін Үкімет  алдағы уақытта мына мәсе­лелерге назар аударса деген ойымыз бар.

Үкімет деңгейінде отандық жә­не халықаралық мол тәжірибесі бар сарапшыларды тарта отырып, тари­хи құжаттар мен фактілердің, аштықты көзбен көрген адамдардың естеліктерінің негізінде құрбан болған отандастарымыздың біртұтас мемлекеттік реестрін жасау үшін ашар­шылық мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу орталығын құру керек.

Қуғын-сүргін қасіретіне және ашар­шылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға берілетін арнайы шешім шыға­рылуы тиіс. Бұл тоталитарлық жүйенің қолдан ұйымдастырған аштықтың мил­лиондаған құрбандары болған жазықсыз жандардың рухы алдындағы өзіміздің азаматтық парызымыз.

Сондай-ақ, ашаршылықтың қайғы-қасіреті мен салдары әлі де болса кеңінен айтылып, барлық ақпарат құралдары мен арнайы кинофильмдер  арқылы жас ұрпаққа терең жеткізуде біздің міндетіміз деп білемін.

Бұл қасіреттің саяси сипатынан әлеуметтік-рухани салдары анағұрлым жоғары тұрғандығын үнемі ескеруіміз керек. Халқымыздың өз тарихында  жүріп өткен ауыр да, күрделі әрі зардапты  жолдарын  жан-жақты зерттеп, одан дұрыс қорытынды жасап, тағылым мен ғибрат ала   білсек, мұның бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін терең түсінуімізге де зор ықпал ететіні сөзсіз.   

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2018 г. 510 0