Қызылорда облысында «Дельта-Сырдария» арнайы бөлінісі мен республикадағы үздік мамандар және озық арнайы техникалардың тартылуымен «Көкнәр-2018» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өткізілмек.
Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында облыс әкімі Қ.Көшербаев ағымдағы жылдың 4 айында облысымызда есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 43 пайызға азайғанын (2017 жылдың 4 айында – 162, 2018 ж. – 93 оқиға) атап өтті. Дегенмен, өңіріміздегі есірткі қылмысының таралу тенденциясы алаңдаушылық туғызады, деді аймақ басшысы.
«Есірткі айналымы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолдауынсыз мүмкін емес. Кейбір құқық қорғау органдардың қызметкерлері қылмыспен күресудің орнына өздері қылмыс жасап, есірткі заттарын тұтынуы ешкімге құпия емес. Мәселен, өткен жылы бірқатар құқық қорғау органдарының қызметкері қамауға алынды; бұдан әрі ондай «погон таққан құбыжықтар»аймағымыздың құқық қорғау органдарында болмау керек», - деді аймақ басшысы.
Қызылорда облысы ІІД бастығы Қайрат Мұхитов «Көкнәр-2018» іс-шарасына дайындық барысы туралы баяндап берді. Естеріңізге сала кетейін, жедел-профилактикалық іс-шара ағымдағы жылдың маусым-қазан айларында республика бойынша «Дельта-Сырдария» арнайы бөлінісі мен есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасының 2 жедел-ісдестіру тобы, «Бүркіт» арнайы жасағы, жергілікті полиция қызметі, кинологиялық қызмет орталығы, көші-қон полициясы және т.б. қызметкерлерінің қатысуымен өткізілмек. Әр ауданда және облыс орталығында жедел-іздестіру топтары құрылып, жылжымалы мобильді бекет, автотехника, тікұшақтар, ішкі істер органдарының байланыс телефондары көрсетілген жадынамалар мен бірлескен жұмыс жоспары зәзірленді, қажетті түсіндірме және оқыту жұмыстары мен өзге де дайындық іс-шаралары ұйымдастырылды.
Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысымен облыс әкімі Қ.Көшербаев іздестіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізіп, жауапты орган басшыларына іс-шараны өткізуге ықпалдастық етуге, ал аудан әкімдеріне 28 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай тақырыптық іс-шараларды өткізуді тапсырды.