Бүгінгі мерейлі мерекеде аралдықтар Тәуелсіздігіміздің басты нышаны саналатын Рәміздер алаңының ашылу салтанатына куә болды. Жалпы құны 174,670 млн теңгені құрайтын жоба арнайы 4 маусым – ҚР-ның Мемлекеттік рәміздер күні аясында пайдалануға берілді.
Жалпы аумағы - 8 мың шаршы метр. «Рәміздер алаңында» Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн және биіктігі 20 метрлік Мемлекеттік Ту орналасқан. Жаңа нысанда көпшіліктің демалысы үшін бар жағдай жасалған. Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және өзге де қонақтар қатысты. «Өткен жылы Арал қаласынан «Рәміздер алаңын» салуға және абаттандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілген болса, бүгінде ол өз мәресіне жетті.
Мұнда, өздеріңіз байқап тұрғандай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан. Атап өту керек, биіктігі 20 метр болатын көк байрақ арнайы Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр. Осы орайда, Тәуелсіздік пен мемлекет символына айналған рәміздер алаңының Елбасының тікелей назарында тұрған Арал ауданынан бой тіктеуі - рухани жаңғырудың жарқын қадамдары деуге болады», - деді Н.Байқадамов. Одан әрі Рәміздер алаңындағы көк байрағымыз көкке көтеріліп, ел Әнұраны орындалды. Мұнан соң аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынып, тұрғындар қуанышын еселей түсті. Шараға келген тұрғындар мен қала қонақтары рәміздердің көркіне ерекше ықыластарын білдіріп, әсем орнатылғандығына ризашылықтарын жеткізді. Әрі жастардың патриоттық тұрғыда тәрбиеленіп, отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіруіне негіз болар дүние жасалғандығына, бой сергітіп, демалар орындар қатары көбейгендігіне қуанды.