ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЛГІ

 Кеше Қызылордаға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы ­Тимур Құлыбаев, Басқарма төрағасы ­Абылай Мырзахметов бастаған делегация жұмыс сапарымен кел­ді. Сапар барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қонақтарды Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа қаланың құрылысымен таныстырды.
Қызылорда қаласының Бас жос­парына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын  игеру көзделіп отыр. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриялдық аймақ және 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр.
2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Өткен жылы жаңа қала атанған аймақтан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынып жатқанын айта кеткен жөн.
Мұнан кейін «Prima Park»  бизнес-орталығында аймақтағы кәсіпкерлік сала­сының даму барысы талқыланған өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Т.Құлыбаев биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 5 жыл толатынын, осы уақыт аралығында бизнес пен мемлекеттік органдар ара­сында жұмыс жүйесі қалыптасқанын айтты. Қызылорда облысындағы ша­ғын және орта бизнесті дамытуда, бизнестің өркендеуіне қолайлы жағдай туғызуда атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Елбасы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі отырысында Сыр өңіріндегі осы саладағы бастамаларға, әсіресе, қызметтердің қолжетімділігі мен цифрлық форматқа көшірілуі, кәсіпкерлерге қызмет көрсету, қолдау орталықтарының құрылуы еліміздегі алдыңғы қатардағы тәжірибе екенін атап өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы биз­нес қауымдастығы атынан облыс бас­шылығына алғысын білдірді. Одан әрі еліміздегі шағын және орта бизнестің өркендеуіне тұсау болатын кедергілерді азайту, біртіндеп жою үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Облыс әкімі Елбасының кәсіпкерлік қызметін реттеуді көздейтін заң актілеріне енгізілген өзгерістерге қол қойғанын, бұл өзгерістер бизнестің өркендеуіне қолайлы жағдай туғызатынын айтты. Аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамы­ту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы баяндап, кәсіпкерлер Палатасының басшылығына жергілікті билік бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.
– Біз 2018 жылды «Жаппай кәсіп­керлікті қолдау жылы» деп жариялап, тиісті Жол картасын әзірледік және барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд теңге жинақтап, оның 3 млрд теңгеге жуығын стартап-жобаларына қарастырдық.
Мемлекеттік бағдарлама ая­сында қаржы бөлінуін күтпей-ақ, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөліп, Өңірлік инвестициялық орталыққа орналастырдық, өйткені онда екінші деңгейлі банктерге қарағанда пайыздық мөлшерлеме қолжетімді, кепіл мүлік және несие беру саясаты ыңғайлы әрі ақша қайтарымдылығы жоғары. Одан бөлек, микробизнеске қайтарымсыз грант беру мақсатында 200 млн теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 800-ге жуық өтінім түсіп, комиссия қарауында. Комиссияның құрамында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының 4 өкілі бар, сондықтан шешім әділетті қабылданатын болады деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.
Осы атаулы жылда нәтижелі жетістіктерге жету үшін әр ауылға жауапты тұлғалар бекітілген. Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығы 40-тан астам қызмет түрін ұсынып, әкімшілік кедергілердің азаюына оң ықпал етті. Бұл – басқа облыстарға үлгі тұтарлық еліміздегі ең алғашқы орталықтардың бірі. Бү­гінде шағын және орта бизнес саласында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы жылдары биз­неспен айналысушылардың үле­сі 22-ден 26 процентке жет­ті. Енді бұл көрсеткішті 45 про­центке дейін ұлғайту міндеті тұр. Аймақ экономикасының әр­та­рап­­­тандырылуы, шикізатты экс­­порттаудан бәсекеге қабілетті өзге де салаларға ауысуы айтулы же­тістіктерге бастады. Облыс бас­шысы әсіресе, ауылдардағы,  агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнесті өркендетудегі кейбір мәселелер туралы айтты.
Одан әрі Ұлттық палатаның бас­қарма төрағасы Абылай Мырзах­метов кәсіпкерліктің қанат жаюына негіз болатын заңдарға енгізілген толықтыруларға тоқ­талды.
Кеңейтілген отырыста облыс­тық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлердің құқығын қорғауда, әкімшілік кедергілерді азайтуда, сатып алу саласында жергілікті тауарлардың көлемін арттыруда атқарылған бірқатар шараларды атап өтті. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар, әсіресе, денсаулық сақтау, білім және спорт салаларын өркендетудегі әріптестіктің қар­қыны көңіл қуантады.
Адами капиталды дамытудағы жұмыстардың нәтижесінде  облыс­та дуальдық оқыту жүйесімен 17 колледжде 1173 студент оқуда. Кәсіпкерлер палатасы колледждерді корпоративтік басқару жобасын тұрақты сүйемелдеп келеді. Өткен  жылы осы жоба аясында оқып жатқан Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің алғашқы түлектері бітіріп шығып, олардың 90 проценті жұмысқа орналасты. Кейбір мамандықтарды, мысалы, «Аспазшы» мамандығын бітіргендер 100 пайыз жұмысқа тұрды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған 7 бастама жергілікті әкім­дікпен бірге сәтті жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің қолдауымен республикада бірінші болып толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Кәсіпкерлерге қолжетімді болуы үшін жер телімдері мен инженерлік желілерге қатысты ақпараттар ресми интернет-ресурстарда орна­ластырылған. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің сайтында Қызылорда қаласы мен 7 ауданның бас жоспары, түбегейлі жоспарлау жобасы орналастырылған. Бас жоспарға қатысты толық ақпаратты аталған сайттағы анкетаны толтыру арқылы алуға болады.
Облыста 2014 жылы жұмыс­сыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жобасын қаржыландыруға, әсіресе ауыл азаматтарының бастамаларын қолдауға бағытталған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы құрылды. Бұл Орталықтың өзге қаржы институттарынан ерекшелігі – несие беруде және кепілге мүлік алуда халыққа ыңғайлы саясатты ұстануында. Бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында несие алуды көздеген азаматтар кепілге қойылатын мүлікке келгенде тығырыққа тірелетін. 2014 жылдан бастап облыс әкімдігі бұл мәселені оң шешті. Орталық 2016 жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасының сенімгерлік басқаруында. Қазір Өңір­лік орталық – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған» бағдарламасын жүзеге асыруда облыстағы негізгі операторлардың бірі.
Облыстық кәсіпкерлер палата­сы­ның басшысы азаматтарды жап­пай кәсіпкерлікке тартуда «Бастау» жобасының, «Бизнес-кеңес­ші» оқу курсының маңызын айт­ты. Агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудағы бірқатар мәселелерге талдау жасады.
Жиынды қорытындылаған Т.Құлыбаев өңірлерден түсетін ұсыныстардың басым бөлігі шешімін табатынын айтты. Көптеген түйткілді сұрақтардың жауабын аймақтық деңгейде табуға әбден болатыны өңірлік кеңестердің тәжірибесінен байқалады.
Мәжілісте облыстық кәсіпкер­лер палатасы өңірлік кеңе­сінің төрағасы Асқар Махамбетов, кеңес мүшесі Нұрмұрат Ерманов бастамаларға қолдау білдірген  Ұлттық кәсіпкерлер палатасына алғыстарын білдірді.
Жиыннан соң «Атамекен» ҰКП басшысы жергілікті инвестордың қаражаты есебінен салынған «Prima Park» бизнес-орталығының жұмысымен танысты. 8 қабатты бизнес-орталықтың ғимаратында 32 бөлмелі қонақ үй және арендалық бөлмелер орналасқан. Ғимарат ішінде коворкинг ор­талығы мен «open-space» тү­рін­дегі 80 және 30 орындық екі конференц-зал қарастырылған. Ке­шен жылдамдығы жоғары ин­тер­нетпен, ағылшын және қытай тілдеріне ілеспе аударма жүйесімен қамтылған.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».  
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2018 г. 528 0