Қырымбек Көшербаевқа «Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа «Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы табыс етілді. Аталмыш атақты табыс ету рәсімін Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс XX сессиясында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидулла Оспанқұлов орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қырымбек Елеуұлы Батыс Қазақстан облысында әкім қызметін 2000-2003 жылдары атқарды. Осы жылдар ішінде жүзеге асқан игілікті істер жайында батыс жұрты сағынышпен айтқанына куәміз. Қашанда Ақжайық жұртының Қырымбек Елеуұлына деген ыстық ықыласы ерекше», – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов. Сол бір кезеңде Қырымбек Елеуұлы Ақжайық өңіріне инвесторлар тарту, өңірдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік жағдайын көтеру, облыс орталығынан бастап, алыс-жақын елді мекендердің жолын жаңарту, газбен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтау сияқты күрделі істерді атқаруға ұйытқы болды. Үш жылда әрбір ауылға дейін газ тартылып, жергілікті тұрғындар сол игілікті істің шарапатын бүгінгі күнге дейін көріп келеді. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов құттықтау хат жолдаған. Онда «Облыстың «Құрметті азаматы» атануыңыз - өңірімізде қалған «Көшербаев қолтаңбасының» қоғамдық мойындалуы. Жаңа мыңжылдықтың бас кезінде Орал өңірінің гүлденуіне қосқан үлесіңіз үшін Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс білдіремін!» – деп жазылған. Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Абат Есенғалиев сол жылдары Бөкей ордасы тарихи кешені, тәуелсіздік тарихында жаңадан театр ғимаратын салу ісінде Қырымбек Көшербаев зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Педагогикалық институтқа Махамбеттің, ауылшаруашылығы институтына Жәңгір ханның есімдерінің берілуіне ұйытқы болды. Өз кезегінде, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысының азаматтарына көрсеткен құрмет пен жұмысына берген баға үшін алғысын білдірді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 маусым 2018 г. 1 058 0