Қызылорда облысының күрес түрлері (грек-рим, еркін және әйелдер күресі) федерациясының кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов, ҚР күрес түрлері федерациясының бас хатшысы Анатолий Волоха, ҚР күрес түрлері федерациясының өкілі Нұрбек Бейсенов және күрес түрлерінен ардагерлер, жаттықтырушылар, спортшылар қатысты.
Жиналыста облыста күрес түрлерінің дамуы жайлы баяндама оқылды. Жалпы облыста 3000-ға жуық спортшылар күрес түрлерімен айналысады. Соңғы үш жылда облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 122 медальді иеленді. Сондай-ақ, еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен 3 дүркін Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Дәулет Ниязбеков және қарулы күштер арасында Әлем чемпионы, Дүниежүзілік ойындардың қола жүлдегері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Ғалымжан Өсербаевты мақтанышпен айта аламыз.
Жиын барысында облыстық күрес түрлері федерациясының жаңа президенті лауазымына Есен Қайржан тағайындалды. Қазіргі таңда Есен Қайржан «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директордың бірінші орынбасары қызметін атқарады. Ол өз кезегінде Сыр спортының дамуына, оның ішінде күрес түрлерінің жандануына үлес қосатындығын жеткізді. Сонымен қатар, федерация тарапынан атқарылатын алдағы міндеттер сараланып, жоспарлар бекітілді.