Жас кәсіпкер гипстен ертегі кейіпкерлерін құйып шығарып жүр

277 шиелілік азамат «Бизнес-кеңесші» курсын оқып, 148-і кәсібін ашты. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиал директоры Рысбай Нысанханов айтты.
«2017 жылы 223 шиелілік азамат «Бизнес-кеңесші» курсы бойынша білімін жетілдірді. Нәтижесінде  131 азаматтың жобасына барлығы 187 млн.700 мың теңге несие берілді. 2018 жылы ауданда «Бизнес-кеңесшіні» оқығандардың саны 208 азамат. Оның ішінде 154-і облыстық әкімдік тарапынан жарияланған инновациялық жобаларға арналған конкурстарға қатысушылар. Қалған 54 азаматтың 17-сі жобалары үшін мемлекеттен 74,5 млн.теңге несие алып, кәсібін жүргізуде», - дейді филиал директоры.
«Бизнес-кеңесшіні» оқып, кәсібін ашқан азаматтардың бірі шиелілік жас кәсіпкер Әзиз Әбек. Әзиз не бары 22 жаста. Ол өз кәсібін осыдан 2 жыл бұрын бастады. Жастайынан еңбекке баулыған әке тәрбиесі зая кетпеді. Колледжді бітірген соң өз кәсібімен айналысуды ойластырған Әзиз бірден еуропалық үлгідегі темір-бетон өнімдерін шығарумен айналысуды бастап кетеді. Бірте-бірте өнімнің түрлерін көбейтіп, брусчатка, шлакоблок және өзге де аулаларды безендіруге арналған сәнді тас бұйымдарын шығарады.
Ойы ұшқыр жас жігіт енді ертегі кейіпкерлерін құйып шығарып, сол арқылы балабақшадағы бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлағысы келеді. Осылайша Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына барып кеңес алады, екі күндік «Бизнес-кеңесші» курсын оқиды. Өзінің кәсіпкерлік саласындағы білімін жетілдіріп, 2 млн.теңге несие алуға қол жеткізеді.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 2 млн.теңге жеңілдетілген несие алып, темір-бетон бұйымдарын өндіріп жатырмын. Болашақта көгалдандырумен айналысқым келеді», - дейді жас кәсіпкер Әзиз Әбек.
Бүгінде кәсіпкер бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның еуропалық үлгіде дайындаған темір-бетон өнімдеріне сұраныс жоғары. Кәсіпкер көбіне тапсырыспен жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта түрлі ертегі кейіпкерлерін арнайы қалыпқа салып, гипстен құйып шығаруды бастап та кетті. Одан бөлек, гүл егетін вазаларды да құйып шығарады. Әзиздің басты арманы өзі тұратын Шиелі кентін гүлдендіру.
«Ауылға қонақтар келгенде кіреберіс жап-жасыл болып, түрлі көз қызығар мүсіндер тұрса», - дейді Әзиз. Сондықтан жас кәсіпкердің ендігі мақсаты мүсін дайындаумен айналысу.
 

Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 мамыр 2018 г. 697 0