«Бір белдеу – бір жол» бастамасының стратегиясы 2021 жылға дейін әзірленеді

2021 жылға дейінгі «Бір белдеу - бір жол» бастамасының стратегиясын әзірлеу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін елордада өтіп жатқан «Серіктестік: кеден, салық және бизнес» халықаралық форумында ҚХР Мемлекеткік салық салу басқармасының комиссары Ван Цзюнь жасады.

«Меніңше, біз негізгі үш міндетке баса назар аударуымыз қажет. Біріншісі – нақты мақсаттарымызды айқындау. Біз Жібек жолы рухын, ынтымақтастық пен өзара тиімді қарым-қатынасты жалғастыруымыз қажет. «Бір белдеу – бір жол» бастамасының ұзақ мерзімді тетіктерін құру және олардың тиімділігін арттыру есебінен барынша кешенді әрі алуан түрлі салықтық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге тиіспіз», – деді ол.


Оның атап өтуінше, екіншіден, ағымдағы жылы ежелгі Жібек жолын дамыту жөніндегі екінші форумды ұйымдастыру қажет. Бұл ретте тек қана сауда қауымдастығының ғана емес сонымен бірге ғылыми орталардың өзара іс-қимылын жолға қойған жөн.


«Жалпы, 2021 жылға дейінгі «Бір белдеу – бір жол» бастамасының стратегиясын әзірлеу керек. Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасына кіретін салық әкімшілерінің арасындағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі жолға қоюға септігін тигізеді. Біз өзара іс-қимыл тетіктерімізді стандарттауға тырысқанымыз жөн», – деді Ван Цзюнь.


Қытай комиссарының атап өтуіне қарағанда, ағымдағы жылы ҚХР салық салу саласындағы ынтымақтастықтың негізін күшейту мақсатында 9 екіжақты келісімдерге түзету енгізуді жоспарлап отыр.


«Үшіншіден, әлеуетті арттырып, таланттарды дамыту керек. Ағымдағы жылы біз эксперттік пулымызды күшейту мақсатында сәйкесінше мемлекеттерде салық офицерлерімізді іс-сапарға жіберуді жалғастырамыз. Салық салу саласындағы әлеуетті арттыру жөніндегі 6 тренинг немесе оқыту іс-шарасын өткізу жоспарымызда бар», – деді ол.


KAZINFORM.KZ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2018 г. 525 0