Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде сынға түсіп жүрген «Қайсар» соңғы екі турда жергілікті жанкүйерді қуантарлық нәтижеге қол жеткізді. Екі ойында олар қарсыластар қақпасына алты доп соқты. Олар алғашқы алты турда небәрі 2 доп енгізген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше қызылордалықтар өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын ойсырата жеңді. Есеп 3:0. Кеншілер өткен турда «Астанадан» басым түсіп, көшбасшысыны сүріндірген еді. Сондықтан Қарағанды ұжымы биылғы біріншілікте үздіктер қатарынан көрінуге үміткер команданың бірі саналып отыр. «Қайсар» сапынан аталмыш кездесуде Матиас Курьор, Франк Дже Дже мен Абдель Азиз Ламанж мергендік танытты. Оған қарағандылықтар жауап қайыра алған жоқ.
Осы турдан кейін «Қайсар» жетінші орынға көтерілсе, «Шахтер» бесінші орынға тұрақтап тұр. Енді «Қайсар» 13 мамырда Петропавлда «Қызылжармен» кездессе, «Шахтер» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Сондай-ақ, 23 мамырда екі команда Қазақстан кубогы ойындарының 1/4 финалдық сатысында кездеседі. Бұл ойын 23 мамырда Қарағанды қаласында өтеді.