Сыр өңірінде алдағы 5 жылда жеміс-жидек егілетін жер аумағын 500 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Өңірде ерте көктемнен көкөніс егу әдісі де қолға алына бастады.
Бұл негізінен күрішті аймақ үшін еңбек өнімділігін арттырудың басты қадамдарының бірі. Ал биыл облыста 81 мың гектарға сыр маржаны себілмек. Ал күріш егу науқаны жылдағы үрдіске сай салтанатты түрде басталды. Биыл Бидайкөл ауылындағы шаруашылық өнімді молынан жинауды көздеп отыр. Мәселен, 2016 жылы әр гектардан 63 центнерден айналдырса, өткен жылы бұл межені 70 центнерден қайырды. Дегенмен, диқандар бұл жетістігіне тоқмейілсімейді. Басты мақсат – бәсекелестік ортада оқ бойы озық шығу.
Талғат Байдалиев, шаруа қожалық төрағасы:
– Жаңа сорттарды сынақ есебінде алдырып жатырмыз. Бірақ ол аз көлемде болды. 100-200 келіден ғана алдырып, сынақ жасатып жатырмыз. Әлі өндіріске енгізген жоқпыз. Көршілес елдерімізде де күріш егеді, ал олардың базарына бәсекелес болу үшін біздің күріштің құны арзан болу керек. Ал ол арзан болу үшін өнім мол болу керек. Өнім мол болу үшін тыңайтқыш беру керек оған. Мемлекет жәрдемақы жасап, соған субсидия етіп, 50 пайызын төлеп беріп жатыр.
Өңірде күріш тұқымы шаруашылықтарының қатары артып келеді. Дегенмен, шаруалар көкөністің тұқымын сырттан тасып отыр. Сырттыкінің сырын білмегесін сапасына да күдікпен қарайды.
Әбжаппар Тұрманұлы, агроном:
– Көкөністердің тұқымдарын дайындайтын сондай бір қожалық ашылса деген ойдамыз. Ол ертеңгі күнгі халықтың күнкөрісіне деген өте үлкен әсерін тигізеді. Сосын біз тұқымды сырттан әкелеміз. Көп адамдардың шамасы келмейді, оны да Шымкенттен, Алматыдан алдырамыз. Оның көбісі сапасыз болып келеді. Өйткені ол дүкенде сатылады ғой. Бізде тұқым шаруашылығы болса, олар өздері сол тұқымның сапасына қарап оны жақсартар еді.
Сыр шаруаларының жеміс-жидек пен көкөніске көңіл бөлуі тегін емес. Әсересе тың технологияның тиімділігін түсінгендер аз егіп, мол өнім алуға бейімделіп келеді.
Бақыт Жаханов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:
– Жаңа технологияны көрдіңіздер, пленканың астынан егу, агроволокно пайдалану арқылы, тамшылатып суару арқылы жеміс-жидектердің де көлемдерін көбейтіп жатырмыз. 10 гектар жеміс-жидек ексе, одан алатын өнім 150 гектар күріш еккенмен бірдей. Яғни егер осы жеміс-жидекті егетін болсақ еңбек өнімділігі жоғары болады.
Жалпы биыл облыс бойынша 177 мың гектарға егін егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына техника толық дайын. Қажетті 14 мың тонна дизель отыны кестеге сай үлестірілуде. Ал өткен жылы алғаш рет жарты миллион тонна өнімді қамбаға құйған күрішші қауым биыл да рекордты межені еңсеруге ниетті.
www.24.kz