Әбіш Кекілбай ағамыздай ардақтымыздың «баланың ғұмыры әкенің ғұмырынан бастау алатыны қандай рас болса, біздің бүгінгі ізденістеріміздің де бабаларымыздың бағзыдағы ізденістерінен өрбіп жатқаны сондай даусыз. Ендеше ардақ бабаларымызға көрсететін ең асқақ құрметіміз – олардың әділдік пен ізгілік, жасампаздық пен жарастық жолындағы рухани ізденістерін одан әрі тереңдетіп, одан әрі жемісті өрістете білу болса керек» деген кемел пікірі бар-ды. Бабалар мұрасына деген адалдық қазіргі ұлт ретінде жаңару кезеңінде басты мұратымыз болуға тиіс деген ойдамыз. Әрине, олардан мирасқа қалған мол рухани байлық, яғни өнегелі өмір тәжірибесі, өсиеттері, салдырған ғимараттары мен соқтырған сағаналары да әр жерде шашырап жатыр. Ең берісі, бірқатар айтулы тұлғаларымыздың мүрделері басқа мемлекеттің иелігіндегі жерлерде қалған...
Осындай ой-пікірлер алаң көңілде тоғыса келе алдымызға мақсат болып қойылды. Аймақта «Рухани жаңғыру» орталығының ұсынысы бойынша құрылған арнайы топ 10-16 сәуір аралығында Өзбекстанға сапарға шықтық.
Негізгі ой-мұратымыз – ортаазиялық сәулет өнерімен танысу, көзбен көріп көңілге тоқу және қажеттісін Қызылорда қаласындағы сол жағалауда салынып жатқан құрылысқа шығыс нақышы ретінде қолдануға ұсыну. Сонымен бірге өз заманында қазақтар көп қоныс тепкен атамекенінде мәңгілік байыз тапқан Жалаңтөс баһадүр, Төле және Әйтеке билердің мазараттарына барып тәу ету.
Әуелі жол ыңғайына қарай Навои уәләятына қарасты Әйтеке би бабамыз жерленген Нұрата елді мекеніне ат басын бұрдық. Аты аңызға айналған бабамыздың мүрдесі жатқан жерге зәулім де сәнді кесене тұрғызылған. Бұл маңай «Сейітқұл қорымы» деп аталады екен. Орайы келгенде, Сейітқұлдың өз заманында осы Нұратаның әмірі болғанын айта кету артық болмас. Кесененің бір жағына Әйтеке бидің әсем мұражайы орын тепкен. Мұражайда осынау алып құрылыстың басталуын және оны аяқтап, ас беру сәттерін бейнелейтін фотостендтер, бабаның өмірі мен қызметіне қатысты Қазақстанда жарық көрген кітаптар, бірді-екілі ескі экспонаттар қойылыпты. Сондай-ақ осы ғимараттарды тұрғызуға ұйытқы болған Шахарбек Оспанов ағамыздың есімі жазылған гранит тақта да бар екен. Баба басына зиярат етіп болғасын, елден апарған кәде-сыйымызды мұражайға қою үшін шырақшыға табыстап қайттық. Уақытында қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген қасиетті бабаның басынан тиісті шариғат әдептерін сақтай отыра, бір уыс топырақ алдық.
Келесі күні Бұқара қаласының тарихи орындарын аралап, Сыр өңірінің көптеген діни-ағартушылары мен шайырлары білім алған Көкілташ, Мір-Арап медреселеріне бардық. Мір-Арапта әлі шәкірттер оқытылады екен де, киелі Көкілташ бүгінде туристер тамашалайтын нысанға айналыпты.
Одан кейін тек Өзбекстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің сәулетті қалаларының бірінен саналатын Самарқанға табан тіредік. Самарқанды әуелі түркі халықтарының патшаларының бірі Афрасияб (қазақша-Алып Ер Тұңға) салдырыпты деген аңыз да, дерек те бар. Ертесіне қаланың ескі көшелерінде сонау көне заманның куәгерлеріндей менмұндалап тұрған мәдениет ескерткіштерін көріп шықтық. Басты ойымыз тезірек Регистанды көру. Самарқан шаһарының сәулетін сол атақты алаңсыз елестету мүмкін еместей көрінді бізге. Көп кешікпей даңқты қолбасшы Сейітқұлұлы Жалаңтөс (1576-1656) бабамыз салдырған Регистан алаңындағы Тіллә қари мен Шир-дор медреселеріне де жеттік. Алаңның бір жағына Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектің медресесі орналасқан. Бой көтергеніне 5 ғасырдай болса да, бұл медреселер күні кеше ғана тұрғызылғандай көздің жауын алады. Ғимараттарды көрген адам «Тұранның шерісі» атанған Жалаңтөстей бабамыздың қолбасшылық құдіретімен қатар, оның талғампаздығына таң қалары анық. Ортағасырлық түркілердің сәулет өнерінің жәдігеріне айналған Регистанға Еуропадан, Қиыр Шығыстан, қысқасы әлемнің түкпір-түкпірінен қисапсыз турист ағылып келіп жатыр. Сырт қарасаңыз, бәрінің де көкке ұмтылған көк түркінің ұрпақтары тұрғызған осынау керемет келбетті, қайталанбас өрнекті алып құрылыстарға тамсана қарайтынын байқайсыз. Иә, көзге бір көрінсе, көңілден кетпес аспанмен таласқан еңселі ғимараттарды Жалаңтөс бабамыз өз есімінің өшпеуі үшін емес, қазақтың рухы жасымасын деген оймен тұрғызғаны анық.
Өзінен кейін осыншалық өшпес мұра қалдыру тек Жалаңтөс бабадай нағыз пассионар, қайталанбас таутұлғалардың ғана қолынан келетін болар...
Баһадүр туралы тарихи деректер А.Вамбери, А.Хорошкин, Брокгауз бен Ефрон, Г.Ильин, А.Левшин, В.Бартольд, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, М.Тынышбаев, М.Массон, Г.Пугаченкова, П.Иванов, М.Қозыбаев, Ә.Кекілбай, Қ.Салғараұлы, Х.Мұхамбетжанов, М.Құлмұхаммед сияқты көрнекті ғалымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерінің шығармаларында кездеседі. Ал енді медреселердің құрылысына қатысты деректер бабамыздың өмірі мен қызметін зерттеуге 40 жылдай саналы ғұмырын арнаған марқұм Жұбатқан Мұратбаевтың «Тұран баһадүрі», «Айыр тилли, әдил үнли адамлар» (қарақалпақ тілінде жазылған-Н.М.) кітаптарында нақты келтірілген. Мәселен, ол: «Өзі Нұрата өңірінің билеушісі болып тұрған кезінде Регистан алаңында Ұлықбек медресесінің қарсы алдынан жұптастырып 1620 жылы құрылысын бастатқан Шир-дор (Арыстан қақпа) медресесінің құрылысын тездетті...Самарқанның бас алаңы Регистанның тұтас көркем көрінісін толықтыру мақсатында 1646 жылы «Тіллә қари» (алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды... Күмбезді сәулет өнерінің тұтастық негізі ғарышқа бой созып, бір Аллаға табыну, сыйынуды білдіреді. Жалаңтөс аталық көзінің тірісінде «Тіллә қари» медресесін біткізуге бар мүмкіндігін жұмсап, күніне 2 рет медресенің алдындағы шайханада отырып, жұмыстың барысын бақылайтын еді» дейді. Шир-дорды аталық өз қаражатына 3000 жалшы жұмсап, 1636 жылы салып бітіреді. Алайда, екінші медресенің құрылысын бітіре алмай 1656 жылдың күзінде өзі әмірлік еткен Самарқанда дүниеден озды. Жалаңтөс баһадүр қайтыс болғаннан кейін Самарқан уәләятының билігі тақ мұрагері алшын Бекқұлы бидің қолына көшеді. 1646 жылы құрылысы басталған «Тіллә қариды» Бекқұлы би 1660 жылы бітіртеді. Сол жылдың жаз айында осы медресенің ашылу салтанатына орай өткізілген аста жергілікті билікқұмарлар Бекқұлы биге у беріп өлтіреді...
Осы ретте бірқатар дереккөздерінде Байқажыұлы Әбділкерім деген лақап атымен белгілі Жалаңтөс баһадүрдің өліміне қатысты мына оқиғаны айта кеткен орынды болар. Себебі, бұл да өлгеннен кейінгісін болжай білген нағыз көрегендіктің куәсіндей жайт. Осы оқиға жайында Ж.Мұратбаевтың еңбектерінде былай делінеді: «1654 жылы Самарқанның іргесіндегі Дағбит ауылының әзіреті Сайд Ахрар имамды ертіп келіп, төсек тартып жатқан Хашими қожаның көңілін сұрап, ырзаласады.
– Аса қадірлі қожа баба, мен де сіздің жолыңызбен Алланың аманатын өзіне қайтарып, ол дүниеге аттанып аруаққа айналуға дайындалып жүрмін. Сол мәуірітте пәни дүниеден бақи дүниеге аттаған босағам сіздің бабаңыз Мақтым ағзамның қасынан бұйырып, сізбенен қатар осы киелі қойымшылықта жатсам деген арманым бар, осыған әзіретіміз Сайд Ахрардың куәлігінде рұқсатнама жазып берсеңіз, – дейді.
Имам Сайд Ахрар қожа рұқсатнама жазып, Хашими қожаның мөрін басып, құтыға салып Жалаңтөс аталыққа береді. Ол құтыны зайыбы Жидегүлге (жалайырдың батыр қызы-Н.М.) беріп, «мен өлгеннен кейін осы құтыны ашып, ішіндегі анықтамада көрсетілген жер бесікке бөлеуді, жаназа намазына келгендерге естіртіп, кейін құтыны өзіммен бірге көкірегімнің үстіне қойып көміңдер» деп тапсырады».
Ж.Мұратбаевтың деректерінде келтірілген бұл тапсырманың сыры арада 2 жыл өткен соң Баһадүр бабамыздың жаназасы үстінде және одан 10 жыл кейін де белгілі болады.
Қасиетті бабаны қайда жерлейміз деген мәселенің ақыры дауға айналады. Төртқара ағайындар «сүйек біздікі. Бабасы Ораз, әкесі Сейітқұл қажының қасына Нұрата әулиесіне жерлейміз» десе, екіншілері «ата-бабамыздың байырғы құт мекені Сырға апарып, Ақмешіт әулиенің қасына қоямыз» деп таласады. Дау ушығып бара жатқан тұста Жидегүл анамыз әлгі құтыны қайынағасы Ақша бидің қолына ұстатады. Көпшіліктің көзінше құтыны ашып, ішіндегі анықтамада жазылғандарды оқып береді. Келесі күні барша халық Жалаңтөс баһадүрді өз жаздырып қалдырған өсиеті бойынша Мақтым ағзамның қасына жерлеп, ың-шыңсыз тарасыпты. Аңыз да, тарихи деректер де осылай бір-бірін растайды. Ал көк құтының екінші сыры арада 10 жыл өткенде және ашылады дегеніміздің мәнісі мынада. Баһадүрдің тақ мұрагері Беққұлыны өлтіріп, Самарқанның билігін қолдарына алған парсы тілдес алпауыттар Жалаңтөстің аруағы қолдап, қандастарына рух беріп Алшындардың билігі қайта орнайды деп қауіптеніп, оның денесін Сыр бойына көшіріп жерлеу туралы шешімге келеді. 1660 жылы Самарқанның іргесіндегі Дағбит ауылында жерленген Баһадүрдің бейітін ашады. Бейітті ашуға қатысқан дінбасылар аталықтың көкірек тұсына қойылған құтыны ашып оқиды. Онда «бұл қабірдің орны пірі Хашими қожаның көзі тірісінде ризашылығымен берген жері, Уақым мүлкі еді» деген сөзді оқып көргесін ешбір себепсіз Жалаңтөс баһадүрдің бейітін ашып, тыныштығын бұзғандары үшін Алладан кешірім сұрап, аталықтың рухына бағыштап құран оқып, бабаны қайта орнына жерлеген екен.
Сапар барысында Баһадүр бабамыздың рухы мәңгі байыз тапқан Дағбитте болдық. Қасымызға сол жақтан ерген жолбастаушымыз руы рамадан Зұлпұхар дамоллаға құран оқытып, дұға бағыштадық. Дағбит дегеніміз парсыдан аударғанда «он түп шынар» деген мағына береді екен. Бабамыз о дүниеге дайындала жүріп осы жерді сатып алғанда 10 түп шынар ағашы тұрғанға ұқсайды. Қазір көнеден қалған сол шынардың екеуі әлі өсіп тұрғанын көріп, бабамыздың көрегендігі мен табиғаттың құдіретіне таң қалдық. Қайтар жолда Тәшкен арқылы жүріп, Төле би бабамыздың кесенесіне барып дұға оқыдық. Қазақтың сүттей ұюына айрықша еңбек сіңірген алып тұлғалы атамыз өзі 12 жылға жуық әмірлік еткен Тәшкеннің төрінде жатыр. Бабамыздың кесенесінің алдында ұстазы Шейхантаурдың (дұрысы Антаур шейх-Н.М.) мазары орналасыпты. Расында, Антаур шейх Төле биден 4 ғасыр бұрын өмір сүрген екен. Бір күні бидің түсіне еніп, аян беріпті. Содан кейін Төле бабамыз шейхты өзіне өмірлік ұстаз, пір санап өткен. Дүниеден озғасын да өз ұстазының жанына жатқанды қаласа керек.
Ұлы Дала заңдарын темірқазық етіп алған қазақ билері өз ар-ожданын кіршіксіз таза сақтағандары арқасында қоғамда ерекше беделге ие болған. Олардың билігі қоғамда маңызды орын алып, тіпті хан билігінен де асып отырғаны белгілі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сонау ғұн және сақ заманынан келе жатқан қасиетті қағиданы берік ұстанған олардың өмірлік тәжірибелері мен рухани мұралары жаһандану дәуірі қаншама дүрілдесе де ұлт санасынан өшпей, талайға үлгі-өнеге болары анық. Соған сенуге тиіспіз.
Сапар барысында көрші елде жатқан дара тұлғаларымыздың даналығына тағы да тәнті болып, олар қалдырған өшпес мұраларды көріп және бірнеше шығыс сәулет өнерінің нұсқаларын туған жерде жаңғыртуға болатынын көңілге түйіп оралдық. Шығыстық сәулет үлгілерінің кейбір нақыштары сол жағалауда салынып жатқан ғимараттардың бірінде және аймақ басшысының бастамасымен қайтадан еңсесін тіктеп келе жатқан алғашқы астанамыз Сығанақта жасалатын «Визит-Орталықтың» құрылысының бірінен орын табар деген үмітіміз де жоқ емес. Сонымен қатар, Тәшкенде жаңадан ашылған Ә.Навои атындағы халықаралық Тіл және әдебиет университетінің басшылығымен алдағы күзде «Навои және Абай: гуманистік идеялардың сабақтастығы» тақырыбында Қызылордада халықаралық конференция шақыруды келістік. Бұл біздің ортақ мұраларды бірлесе игеруімізге мол мүмкіндіктер туғызатын және биылғы «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» аясында атқарған халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми басқосуымыз да болар еді.
Н.МЫҢЖАС,
аймақтық «Рухани жаңғыру орталығының» басшысы.
Қызылорда-Бұқара-Самарқан-Тәшкен-Қызылорда.