Гиннес рекордтар кітабына енген сырбойылық зейнеткер

Еңбек жолын мемлекеттік қызметке арнап, осы саладан зейнет демалысына шыққан сырбойылық Серік Құлмырзаев көпшілікке әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп келеді. Асқаралы алпыстың асуында биік белестерді бағындырған ардагер спортшы гір тасын көтеруді зейнет жасына келгеннен кейін дағдыға айналдыра бастаған. 65 жастағы зейнеткердің спортпен шұғылданатын орны да қарапайым. Табиғат аясында жаттығуды қолға алған жанның осы бір хоббиі оны Әлем чемпионы етті.
Серік Қожанұлы бүгінде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тұрады. Ол 2013 жылы төрт дүркін Әлем біріншілігінің, Еуропа, Азия, Еуразия, Белорусь және Ресей чемпионаттарында, Ф.Ушаков және М.Ломоносов атындағы халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, бір емес, 11 алтын медальды иемденді. Ал, үш жарым жыл бұрын Беларусь елінің Витебск қаласында гір триатлоны бойынша өткен екінші дүниежүзілік олимпиадада 16 келілік гір тасын 2 минут ішінде 78 рет жұлқа, 94 рет серпе көтеру арқылы үздік деп танылған болатын. Сол жарыс барысында "310 спартандықтар" жобасы бойынша Гиннес кітабына ену үшін 400-ге жуық спортшы жарты сағат бойы гір көтеру жаттығуларын жасаған. Нәтижесінде қазақстандық спортшының есімі Гиннес рекордтар кітабына жазылды. Сонымен қатар, БҰҰ және ЮНЕСКО жанындағы Адам құқығы халықаралық федерациясы мен ғылыми институттары Еуропалық қауымдастығының және халықаралық аттестациялық Кеңесінің халықаралық "Қанатты арыстан" ордені табысталды.
Өткен жылдың жазында Петропавл қаласында өткен әлемдік біріншілікте Серік Қожанұлы Ресей, Беларусь, Украина және еліміздің мықтыларымен сынға түсті. Сайыста гір триатлонынан Әлем чемпионаты, Еуразия чемпионаты және Қазақстанның бірінші ашық чемпионаты қатар өтіп, бірнеше кезең бойынша спортшылардың шеберліктері сыналды. Дүбірлі додада бақ сынаған Сыр өңірінің ардагер спортшысы жұлқа көтеру сайысы бойынша 10 келілік гір тасын 5 минут ішінде 190 рет көтеріп, жетінші рет Әлем чемпионы атағына лайық деп танылды. Сонымен бірге, 2 минут ішінде 89 мәрте жұлқа көтеру арқылы Қазақстан чемпионы деген атаққа ие болды. Чемпионат қорытындысы бойынша ардагер спортшы "Алтын гір көтеруші" орденімен марапатталып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.
– Мен бұған дейін кәсіби тұрғыда спортпен айналысқан емеспін. Менің қызметтік жолым мемлекеттік жұмыспен тығыз байланысты болды. Зейнет жасына жақындаған сәттерімде алдағы уақытты қалай тиімді өткізу керектігі туралы жиі ойланатынмын. Сөйтіп, көкейдегі ойды спортпен байланыстырамын деген шешімге келдім. Халықтың денсаулығын жақ-сартып, салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты бұқаралық спортты дамытумен байланысты екені белгілі. Осы орайда спортты жаныма серік ете отырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетсем деймін. Жалпы, адамзат баласы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Сондықтан дене шынықтырып, спортпен шұғылданумен қатар рухани әлемімізді байыту жолындағы ізденіске басымдық беруді де жөн санаймын. Өйткені, адамның рухани дүниесі бай болса, оның ала алмайтын қамалы болмайды. Әлемдік додаларда үнемі жеңімпаз атануымның бірден-бір себебі де содан болар, – дейді гір тасын көтеруден әлем чемпионы, ардагер спортшы Серік Құлмырзаев.
Көксегені ел бірлігі болып, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған, пайдалы іс, өнегелі әңгімесін айта білген қазыналы қарттарға "әдемі қартайды" деген теңеу жарасады. Қарттыққа аяқ басқан шағында зілдей темірлерді ешбір қиналыссыз көтеріп, салмақты болмысымен жан-жағына өнеге нұрын төге білген Серік Құлмырзаевтың ғибратты жолы да әдемі қартаюға бастаса керек-ті.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2018 г. 898 0