Өмірдің мәні – ізденіс

 Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналис­тер. Олардың бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ. Журналис­тер – жүрек жыршысы әрі көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып, жария етеді», – деген сөзі бар. Сол қауымның талантты өкілінің бірі Мейрамбек Шілдебаев. «Талантты» деп ерекшелеп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Ол шығармашылықтың көгіне дарынымен, еңбегімен жетті.

Мейрамбек Шілдебайұлы Сырдария ауданы Шаған ауылында 1958 жылы 1 мамырда дүниеге келді. Жас­тайынан ерекше зеректік байқатқан ол, мектепішілік шараларға белсене қатысқан оқушы болатын. Ерекшелігі сол, әр күні өзіне зор міндет белгілеп, сол орындалғанша тыныш жатпайтын. Бұл қасиет оның өмірлік жолының қалыптасуына септігін тигізді. Өйткені таңдаған саласы да нақты дәлел, шынайы ақпараттың болғанын қалайды. Тек білім керек. Біліміңе қоса талант қажет. Осының бәрін жиып, алға ұмтылсаң, дегеніне жетесің...

Ол әдебиетке, жазуға ерте жастан-ақ бейімделді. Оқу мен жазуға құмар бала­сының ерекше талаптануын байқаған ана­сы Сұлухан оның мектеп бітірген соң шығармашылық жолын таңдауын қалапты. Ұлының жазушы немесе журналист болуын армандапты. «Аяулы анамның ақыл-кеңесі өмірдегі жолымның айқындалуына көп септігін тигізді», – дейді Мейрамбек аға.

Бірде анасы шақырып алып, «Балам, сен бес жылдан кейін мектеп бітіресің. Одан кейін әскерге барып, содан соң астанамыздың ең беделді жоғары оқу орнында оқуың керек» дейді. Ол кезде ештеңені алаң қылмайтын ойын баласы болса да, шешесінің айтқан осы сөзі жадында жатталып, келешек жолын айқындауына негіз болды. Сөйтіп, мектеп жасынан-ақ, аудандық, облыстық басылымдарға тырнақалды шығармаларын шығара бастайды. Отан алдындағы міндетті әскери қызметін өтеп келгесін ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Осылайша болашақ журналистің даңғыл жолы басталады.

Әкесі Шілдебай Сәрсенбаев өз заманында қара танып, қолына қалам алып өлең жазған, сөз қадірін білген жан болған екен. «Оның айтқан әңгімелерін тыңдай отырып, өмірінің мәні ізденіс жолынан тұратынына көз жеткізесің. Жүзінен мейірім төгіліп, сөйлеген сөзінен, өмірге деген көзқарасынан адамдық қасиеттің небір өнегелі қырлары байқалып тұратын оның өмірдегі кредосы «Адал болу» философиясымен өріліп жататын еді», – дейді бір уақ әке бейнесін елестетіп. Әкеден қалған «Адал болу – адамдық қасиеттің шыңы», деген есті сөз ағамыздың жадында мәңгілік жаңғырып қалғандай.

Әрбір баланың нұрлы болашағы ата-анасының тілегімен қалыптасары белгілі. Әкесі Шілдебайдан дарыған қасиеттер де аз емес. «Әкемнің бес сыныптық ғана білімі болса да, көзі ашық, көкірегі ояу адам еді» дейді.

Оның еңбек жолы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінен бас­талады. Тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметімен жалғасын табады. Жеті жыл бойы облыстық «Сыр бойы» газетінің Сырдария және Жалағаш аудандарында меншікті тілшісі болды. Осыдан он жыл бұрын қызмет бабымен жүріп тікұшақ апатынан аман қалған ағамыз, зейнеткерлікке ерте шықты. Бірақ қолынан қаламы түскен жоқ, облыстық, аудандық газеттерге жазғандары жарияланып тұрады. 

Тілшілік қызметпен тірлігін қамдаған Мейрамбек елдік, ұлттық, қоғамдық проблемалардан бастап, өмірдің түрлі салаларындағы сан алуан түйткілдерге дейін жазды, адам жанының қыртыс-қатпарларына дейін үңілді. Оқырман сұрауына, қоғам ыңғайына орай қалам тербеді. Өз ісіне шынайы берілген шыншыл жанның кейбір сын мақалалары қамшыдай осып жіберетіні де бар. Оның қаламынан шыққан уытты мақалалары мен әлеуметтік мәселені қозғаған дүниелері Сыр журналистикасының қазынасына айналды. Бұл жайында «Сын айта білу – әдеп, айтылған сынды қабылдай білу – мәдениет!», – дейді.

ҚазМУ-да оқып жүргенінде «темір декан» Темірбек Қожакеев оны адал мінезіне, кімнің де болса бетіне тіке айтатын дағдысына қарап жақсы көрген екен. Қазақ журналистикасын зерттеуші ғалым, көсемсөзші ұстаз Мейрамбектің қалам қайраткері атанатынына кәміл сенген. Ұстанымынан айнымаған ағамыз өмірдің кедір-бұдырына қарамастан рухани байлыққа апарар өз соқпағын салып алды.

Белгілі ғалым әрі жазушы Бауыржан Омарұлы қазақ журналистері туралы жазған «11-ші қаламұш» атты кіта­бында курстасы Мейрамбек Шілде­бай­ұлын да бейнелей кетеді. Оның «Қазақ университетінің журналистика факультетіне өндірісте бірнеше жыл жұмыс істеп келмесең түсе алмайтын кездер болды. Болашақ журналистердің сол екі ортада айналыспайтын кәсібі жоқ. Біреуі – шопыр, екіншісі – токарь, үшіншісі – күзетші, төртіншісі құрылысшы… Оқуға түскенше кімнің қандай жұмыс істегені еңбек кітапшасында жазулы тұрады. Ал мектептен кейін бірден оқу­ға ілінген сары ауыз балапандардың бар уақыты әскерден келгендердің «майдан хикаялары» мен өндірістен келгендердің «еңбектегі ерліктерінің» жай-жапсарын тыңдаумен кетеді», делінеді.

ҚазМУ-ге түсуден бұрын Мейрамбек ағамыз құрылысшы болып та, әскерге барып та келеді. Дайындық курсын бір жыл оқып барып 23 жасында – сақа жігіт атанып оқуға түседі. Группасының старостасы, КПСС мүшесі. Сол «11-ші қаламұшта», Жыл сайын жатақханадан Мейрамбекке орын беріледі. Қыс түспей-ақ, студенттік кеңес төрағасымен шатақтасып, жатақ­ханадан шығып кетеді. Ал Қожекеев көп ұзамай оған жатақханадан тағы бөлме ұсынады. Сөйтіп, кезекті бір оралып тұрған Мейрамбектің деканға: «Осы маған жатақханадан орын бермей-ақ қойыңыз деп сізге қанша рет айттым?! Тыңдамайсыз. Бәрібір шығып кетемін», – деп еркінсігені бар деп түйіндейді.

Жалпы Мәкеннің еркелейтін жөні бар, әкесінен 10 жасында айрылған, отба­сын­дағы жеті баланың кенжесі. Мінезі те­мір­дей қа­тал, жү­регі жұмсақ Темірбек Қожакеев біздің кейіпкердің бойынан болашағын таныса керек. «Темірбек аға­мыздың сол кездегі тепкісін көрген студенттер талай шыңдарды бағындырды. Асылы, көп теперіш көрген адамның алыс­қа баратыны рас-ау!», – дейді кітап авторы.

Адалдықтың ақ жолы адамды тек жақсылыққа бастайтыны сөзсіз. Жаратылысынан кішіпейіл, мінезге бай, көңілі дарқан, адамгершілігі мол, жақсылыққа жаны құмар Мейрамбек Шілдебайұлы көрген-білгендерін, ойға түйгендерін жастарға үйретуден жалықпайды.

Бойына біткен тектілік пен қатар ақындығы бар ағамыз ұлттық әуендерге, халық әндеріне де құмарлығы басым. Бұл ол кісінің туып-өскен топырағынан дарыған қасиет болса керек. «Халық әндері ғасырлар бойы сұрыпталып, бүгінгі күнге дейін жеткен асыл қазынамыз ғой. Классикалық музыканы да жақсы көремін. Сүйіп тыңдаймын» дейді. Әдебиеттегі өзі ерекше құрметпен қарайтын Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов шығармашылығын оқығаннан жаны рахат табады. Жастайынан ауылда еңбекпен шынығып өскен кейіпкеріміз спортпен де шұғылданыпты. Қазір де салауатты өмір салтын серік етіп келеді.

Отыз жылдан астам отасып, жарасымды өмір сүріп, өткен жылдары бақилық болған жан жары Роза Нұрадинқызы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты ата.

Аяулы әкесі мен анасының ұлағаты Мейрамбек Шілдебайұлының өмір айдынында өз жолын тауып, тұлға болып қалыптасуына мол әсер етті. Ағамыз алпыс дейтін мерейлі жасқа келді. 

Белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп, «Журналистің де, жазушының да қаруы – қалам. Қалам ұстаған адам бар дүниеге – алаң. Құдіреті күшті Алла Тағала он сегіз мың ғаламды жаратпас бұрын – ҚАЛАМ-ды жаратқан екен, – деген сөз бар. Осы рас. Бәрінің басында СӨЗ болған!», – дейді.

Қаламыңыз қолдан түспесін, аға!

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 мамыр 2018 г. 795 0