Көне Сығанақ қаласы этнотуризм орталығына айналады

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында орын тепкен Сығанақ қалашығында археологиялық жұмыстар қолға алынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Көне қала орнындағы археологиялық жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Қазіргі күні бұл ауқымды істі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы жүргізіп келеді. Ал қайта қалпына келтіру шаралары «Қазқайтажаңғырту» РМК мекемесіне жүктелген. Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Сапар Көзейбаевтың айтуынша, қалашықтың шығыс қақпасы бұрынғы қалпына келтіріледі. «Ескерткішті қалпына келтіру жұмысы үш кезеңнен тұрады. Биыл сәуір айында басталып, тамыз айына дейін жалғасатын болады. Нысанды қалпына келтіру жұмыстарына 30-ға жуық адам тартылды, қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр», - деді С. Көзейбаев. 
Ауданға жасаған сапары барысында қаладағы қазба жұмысы барысымен танысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев археологтармен жүздесіп, Сығанақ қалашығы жан-жақтан туристерді тартатын тарихи-мәдени орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Қызылорда облысында орналасқан Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент қалашықтары секілді ежелгі түркі тайпаларының астаналарын қалпына келтіріп, оларға қажетті сервистік инфрақұрылымды жүргізіп, туристік кластер жасалатын болады. Ғалымдардың зерттеуінше, табылған заттарға қарағанда Сығанақта VI-XVIII ғасырларда тіршілік қайнап тұрған.
 Ерте кездегі тарихшылар  Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Бұл қала қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған деген деректер айтылады.  

Авторы: Әділжан Үмбет
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 мамыр 2018 г. 580 0