Қызылордада шығармашылық арбат ашылды

Мереке қарсаңында облыс орталығында шығармашылық арбат ашылып, қалалық мәдени-демалыс саябақ қайта жаңғыртудан өтті. Саябақтың жаңа тұжырымдамасы аясында «Ана мен бала бөлмесі», медициналық бекет, «Этноауыл» және анықтамалық бюро ашылды. Жаңа маусымның ашылу рәсімінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қала тұрғындарын Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мерекелік шара «Бірліктің берік босағасы» атты өзге ұлт өкілдерінің шеруі мен «Ерулік беру» рәсімімен басталды.

«Бейбітішілік және келісім – біздің басты құндылығымыз, сондықтан біз оны сақтауымыз керек. Олар әрқашан біздің тарихи жетістіктеріміздің арқауы болып, бүгінгі күні де қоғамды жаңғыртудағы зор міндеттер мен ауқымды реформаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз болашақта да халқымыздың жасампаз бірлігін туған еліміздің игілігі үшін нығайтпақпыз», - деп атап өтті облыс әкімі жаңартылған саябақтың ашылу рәсімінде.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Атап өтейік, Қызылорда қаласының мерейтойына орай қалалық мәдени-демалыс паркінің жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, биылғы маусымнан бастап саябақ «Шылымсыз аймақ» «Ішімдіксіз аймақ» идеясымен жұмысын бастайды. Саябақ аумағында «Ана мен бала» бөлмелері, «Полиция бекеті», «Медпункт», «Этноауыл», «Анықтама бюросы» пайда болады. Мәдени-көпшілік шараларды өткізу үшін сахна қайта жасалды. Жеті жылдан бері істен шығып тұрған «Колесо обозрения» биыл қайта жасалып, іске қосылды. Қазіргі таңда саябақта 80 кәсіпкер халыққа қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, бүгін Ы.Жақаев көшесінің бойында шығармашылық арбат ашылды. Мұнда жаз бойы қолөнер жәрмеңкелері мен өзге де мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл облыс тұрғындары Қызылорданың 200 жылдығы мен Астананың 20 жылдығын атап өтеді. Қос мерекеге орай республикалық айтыс, Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың алғашқы шағын ауданының ашылуы, Елордада ғарыш музейін салу секілді ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Алдыңғы жылдары Сыр өңірінде «Мәңгілік алау» мемориалы мен ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіші қайта жаңғыртылды, этномәдени бірлестіктер үшін «Достық үйі» ашылып, Мемлекеттік рәміздер аллеясы, «Аналар аллеясы» және өзге де мәдени-қоғамдық нысандар ашылды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 мамыр 2018 г. 519 0