СЫРДАҒЫ НАУРЫЗ САЛТАНАТЫ

СЫРДАҒЫ НАУРЫЗ САЛТАНАТЫҰлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданында өткізілген  "Қош келдің, Наурыз, мол болсын дәм-тұз!” атты Наурыз тойына қатысты. Қос батырдың ауылы Н.Ілиясов ауылында дүркіреп өткен тойға алыс-жақыннан ат терлетіп келгендер қарасы көп болды.
Қазірде бұл ауылды білмейтін жан жоқ. Сәулеті мен дәулеті келіскен ауылды түлетуге кәсіпкер Абзал Ералиевтің үлесі өлшеусіз. Еңбегі еленіп, Елбасы қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды. Бүгінде бұқараға Нағи ауылы мен Абзал егіз ұғымдай. 
Ауылдық мәдениет үйі мен орталық алаң ақ шаңқан киіз үйлермен көмкеріліп, алтыбақан тартылып, ұлттық киімдегі қыз-жігіттері қазақы нақыштың бар бояуын алға тартады. Театрландырылған қойылым да мейрамның мазмұнын айшықтады. Арнау жырдан кейін сөз алған облыс әкімі жиылған жұртшылықты әз Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Баршаңызға күн мен түн теңесетін, ұлық мереке Наурыз құтты болсын! Жылқы жылынан күтеріміз көп. Елбасының биылғы Жолдауындағы басты мақсат – үздік отыздықтан орын алу болса, «Мәңгілік Ел» болашағымыздың бағдары. Мемлекет басшысының салиқалы саясатын жүзеге асыруда Сыр елі халқы аянып қалмайды. Алға қойған міндеттерді бірге бағындыратынымызға сенім мол. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын! – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Мұнан соң салт-дәстүрлер, ақ тілектер жазылған әуе шарлары ұшырылды. Шаған ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары ұмыт қалып бара жатқан қымызмұрындық қойылымын көрсетті. Көктемнің алғашқы өлең шөбіне тойынған мама биеден сауылатын саумалды қонақкәде ретінде ағайынға тарататын қымыз сусыны қымызмұрындық салты осылайша елімен қайта қауышты. 
Мереке спорт түрлерімен толықты. Арқан тарту, қол күресі, гір көтеру, асық ату сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс өткізілді. Эстрада жұлдыздары Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Елмұра Жаңабергенова және «Нұр-Мұқасан», «Азия» тобы мерекенің ажарын айшықтай түсті.
***
СЫРДАҒЫ НАУРЫЗ САЛТАНАТЫШиелі ауданында жылдағыдай Наурыз мерекесі ұйымшылдықпен үлгілі тойланды. Аудан орталығындағы Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңға ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, байырғы қазақ ауылының бейнесін көз алдыңызға елестетсе, ұлттық дәстүр бойынша наурызкөже таратылып, бір жағынан түрлі ұлттық ойындар ойналып жатты. Үлкен-кіші бір-бірімен төс қағыстыра амандасып, ізгі ниеттерін білдірісікені де сондай жарасымды. Ел тәуелсіздігінің, өрісінің кеңеюі жалпы жамағаттың амандығымен қатар, ауызбірлікте тірлік кешуі арқылы нығая түсетіндігі анық. Осы орайда Шиелі ауданының атқарушы орындары жұмыла көтерілісіп, көктем мерекесін өз дәрежесінде өткізуге барынша атсалысқандығы байқалып тұрды. Мейрам күнгі ауа райының қолайлы, күн нұрының мейірлене төгіліп тұруы да елдің көңіл күйіне жақсы әсер етті. 
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев халықты Наурыз мерекесімен құттықтап, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың нобайымен таныстыра келе, алдағы атқарылар шаруалардан да хабар берді. Мұнан соң да аудан ардагерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері де өз ниеттерін білдірді. Наурыз мерекесіне орай Ә.Шорабаев атындағы орталық базарда наурызкөже таратылып, шара аясында қазақ күресінен, арқан тартыс және бүлдіршіндер арасында түрлі сайыстар өткізілді. Жеңімпаздарға сый-сияпаттар жасалынды. Базар иелерінің жарқын көңіліне риза болысқан ақсақалдар жастарға ақ батасын арнады. 
Сол күні орталық алаңда «Қош келдің, әз Наурыз» атты қызықты концерт тамашаланды. Осы секілді қызықты думандар барлық ауылдарда тойланып, соңында түрлі спорттық шаралар өткізілді.
***
Арал өңірі көктем мерекесін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Қала орталығындағы үлкен алаңға жиналған жұртшылықта есеп жоқ. Үлкеннің де,кішінің де жүзінен шаттық лебі еседі. Қаз-қатар тігілген шағаладай киіз үйлердің ұлттық өрнектері әсем нақышталыпты. Құдды бір ісмердің қолынан шыққандай. Әрі үйлердің саны он екі болуы да тегін емес. Әрбір үй бір айды көзге елестетеді.
Жиналған қауымды құттықтаған Арал ауданының әкімі Мархабат Жайымбетов Жылқы жылында мол табыстар, жағымды жаңалықтар тіледі. Мұнан соң мерекелік шара қыза түсті. Арнайы әзірленген қолөнер көрмесі, басқа да мәдени шаралар көпшіліктің көңілінен шықты. Сауда қатарлары халыққа қызмет жасады. Спорттық ойындар, концерттік бағдарлама теңіз төскейіндегі думанды шартарапқа таратты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
Нұрмахан ЕЛТАЙ, 
Жұмбек ТАБЫНБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 27 наурыз 2014 г. 1 356 0