МАМАНДАРҒА ЛАЙЫҚТЫ МАРАПАТ

Баршамызға белгілі, қыс, көктем айларында орын алатын төтенше жағдайлардың бірі – су тасқыны. Кейбір жылдары қыстың ортасы мен ерте көктем аралығында Сырдария арнасынан асып, жағалаудағы елді ерекше дүрбелеңге салып қоятыны бар. Ондайда төтенше жағдайлар қызметі өкілдеріне тыным жоқ. Кейде түн баласы көз ілмей дария жағалап жүреді. Өйткені Сырдарияның бойымен күре жолдар, коммуникациялар өтеді. Аймақтағы елді мекендердің 85 проценті осы дарияның бойында орналасқан. Онда халқымыздың 93 проценті тұрады. Сондықтан да азаматтық қорғау қызметтерінің күш құралдары барлық төтенше жағдайларға ұдайы сақадай сай болуы керек.

Айта кету керек, биыл көктемгі мұз жүру кезеңі бұрынғы жылдармен салыстырғанда біршама тыныш өтті. Бірақ соның өзінде қауіпті жағдайлар болмай қалған жоқ. Алғашқысы мұз ұстасу кезінде орын алды. Желтоқсанның 28 күні өзен арнасындағы мұз кептелістері салдарынан су деңгейі көтеріліп, дарияның ескі арнасы толысып, ПМК-29 саяжайының ішкі каналына көп мөлшердегі судың түсуінен 9 тұрғын жайдың ауласына су жайылды. Қалыптасқан жағдайға байланысты, бекітілген жауапты мекемелердің арнайы техникаларын тарта отырып, су жайылудың алдын алу мақсатында каналдың жалпы ұзындығы 100 метрдей жағалауын топырақпен бөгеу жұмыстары жүргізілді. Мал бағумен айналысып отырған шаруа қожалықтарында  отбасылары мен малды көшіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қала тұсында да өзен арнасындағы мұз кептелістері салдарынан су деңгейі көтеріліп, Мұратбаев көшесінің бойында салынған жаңа көпірден шамамен 2 шақырымдай жоғары жерде өзеннің сол жағалауынан су асып, ұзындығы орташа 700 ені 20 метрдей болатын аумаққа су жайылды.

Осындай қауіпті жағдай Сырдария, Қармақшы, Қазалы аудандары аумағында байқалды.

Міне, осы жағдайлардың бәрінде шұғыл шаралардың қабылдануы нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылды. Осындай қауіпті сейілтуде аймақтағы барлық азаматтық қорғау күштері бірдей атсалысты. Соның арқасында сындарлы сәтті аймағымыз аса көп шығынсыз өткізді. Жуырда өткен көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындысына арналған мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қауіпті сейілтуде қажетті техника мен адам күшін жұмылдыру арқылы халық алдындағы міндетін абыроймен атқарған бірқатар азаматтарды марапаттаған болатын. Солардың қатарында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ-нің жұмылдыру және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақытжан Жүндабеков пен осы орталықтың жүргізушісі Күмісбек Танкаманов болды.

– Жұмылдыру басқармасының басты міндеті төтенше жағдайлардың, апаттардың алдын алу жұмыстарын жүргізу, – деді әңгімелесу барысында Б.Жүндабеков – қандай да бір ақпарат түскен жағдайда басқарма мамандары сол жерге тиісті мекемелер өкілдерінен жұмысшы тобын құрып, бірінші кезекте  не істеу қажеттігі туралы комиссиялық шешім шығарады. Ұсыныс беріліп, бөлінген қаржыға жоба-сметалық құжаттамалар жасалып, қажетті жұмыстар жүзеге асырылады. Өткен жылы дария жағалауындағы 171 шақырым қашықтықтағы ең осал деген жерлерді анықтап, республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға тиісті жұмыстар атқарылды. Соның арқасында қиыншылықтар орын алған жоқ.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев марапатталған азаматтар туралы жылы пікірін білдірді. Бөлім басшысы Б.Жүндабековтің төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында облыс көлемінде атқарылған жұмыстар кезеңінде, уақытпен санаспай тәулік бойы кезекшілік жұмыстарына белсене атсалысқанын атап өтті. Аудандардан материалдық-техникалық қор базасын жинақтап, күш құралдарының дайындығы тексеріліп, эвакуациялық және жинақтау қабылдау пунктерінің дайындықтары туралы мәліметті шұғыл талқылап, жергілікті атқарушы органдарға жедел түрде жіберіп отырған. Қызметтік міндеттерін адал орындап, табандылық пен ұйымдастырушылық байқатты. Жоғары еңбек қабілеттілігімен ерекшеленіп, алда тұрған міндеттерді шешуге басшылық және оперативтік құрам күшін шебер бағыттай білді.   

Ал, К.Танкаманов қай жерде төтенше жағдай орын алса басшылық пен мамандарды сол жерге күн демей, түн демей шұғыл жеткізіп тұрды. Халық Жаңа жыл, Наурыз мерекелерін тойлап жатқан кезде ол дарияның суы жайылған учаскелерде күндіз-түні кезекшілікте болды. Жалпы уақытпен санаспай, дария бойын оңтүстіктен солтүстікке дейінгі жүздеген шақырым аралықты сан мәрте шарлауына тура келген еді.

– Облыс әкімінің қолынан «Алғыс хат» алғанда қатты тебірендім, бұл біздің еңбегіміздің еленгені деп түсіндім, – деген Күмісбек бұл марапатқа ата-анасының, жұбайы мен балаларының да қатты қуанғанын жеткізді. Иә, уақытпен санаспаған азаматтар бұл тек өздерінің ғана емес, ұжым еңбегінің еленгені деп санайды.

Сең жүру артта қалды. Алайда бұл жайбарақат кезең басталды деген сөз емес. Ендігі келесі жылға дайындық шаралары бүгінгі күндері басталып кетті. Бұдан бөлек Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына, дала өртіне, басқа да қауіптерге қарсы шараларды ұйымдастыру, бақылау жұмыстары күтіп тұр. Өйткені, табиғаттың тосын құбылыстарының алдын алмаса болмайды. Өздеріне жүктелген міндеттерін барынша беріліп орындайтын Б.Жүндабеков, К.Танкаманов секілді азаматтар бар жерде бұл саладағы қиындықтарды уақытылы еңсеріп отырады деген сенім мол.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2018 г. 700 0