БАТЫРХАН ШӨКЕНОВТІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ӨТЕТІН "ОТАН-АНА" БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ АЯҚТАЛДЫ

Байқау комиссиясына 112 өтініш келіп түскен, олардың басым бөлігі Алматыдан. Ән сайысына қатысатын 20 үміткердің есімдері 2 мамырда белгілі болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға қатысуға берілген өтініштердің саны өткен жылғыдан 2 есе көп. Павлодар, Петропавл, Қарағанды, Астана және Шымкент қалаларының өнерпаздары қатысуға ниет білдірді, бірақ ең көп өтініш Алматыдан түсті.
«Байқау бірінші рет өткізілгенде 60 ұсыныс түссе, бұл жолы 112 өнерпаз қатысуға ниет танытты. Атап айту керек, үміткерлердің арасынан тек 20 адам ғана үлкен байқауға жолдама алады. Қазіргі кезде талапкерлерді тыңдап, іріктеуден өткізіп жатырмыз. Бұл науқан 2 мамырда аяқталады, сол кезде конкурсқа қатысушылардың есімі белгілі болады",-деді «Таңдау» продюсерлік орталығының директоры Қарлығаш Ажиева.
Сондай-ақ, биыл үміткерлердің дайындығы жоғары деңгейде дейді ұйымдастырушылар. «Биыл байқау үміткерлерінің арасында кәсіби әншілердің көп болуы қуантады. Көбінде кәсіби тәжірибе бар", - деді Қарлығаш Ажиева.
Қатысушылардың өнерін кәсіби музыкант, композитор, мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар  бағалайды. Қазіргі кезде қазылар алқасының 4 мүшесі анықталды, қалған екеуімен келісім жүргізілуде.
 «Композитор Ринат Гайсин, Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры болған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Олжас Байқанов, сондай-ақ, композитор, Батырханға көптеген ән жазған сазгер Еркеш Шакеев және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Абдрахманов қазылық етуге келісім берді",-деді Қарлығаш Ажиева.
Естеріңізге сала кетсек, 17-18 мамырда Қызылордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шөкеновты еске алуға арналған "Отан-Ана" атты екінші республикалық әншілер байқауы өтеді.
Оған 18-30 жас аралығындағы жас орындаушылар қатысады. Байқау шарты бойынша әншілер 2 ән орындайды. Оның бірі Батырхан Шөкеновтың шығармасы болуы қажет.
Ән сайысы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылар - облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және "Таңдау" продюсерлік орталығы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 сәуір 2018 г. 481 0