« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Келелі жиында кеңес төрағасы Сейілбек Шаухаманов аталған тақырыпта баяндама жасап, қоғамдағы дағдарыстың ең қиыны рухани дағдарыс екендігін атап, ұлттық салт-дәстүрді дамытуға байланысты түйінді мәселелерге тоқталды.
Халқымыздың тәнін, жанын сауықтыру, рухани жаңғырту мақсатында Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Өзінің ұлағатты ұсыныстарын, ордалы ойларын ортаға салды.
Бүгінгі қоғамда қасіретті жағдай балаларының әке-шешесін бақпай-қақпай қарттар үйіне апарып тастауы, сондай-ақ, тірі әке-шешелері бола тұра туған балаларын жетімханаға немесе тіптен көшеге тастап кетуі секілді санамызға сыймайтын, ойымызға орнықпайтын оғаш оқиғалар кездесуде.
Баяндамашы «Мәңгілік ел» болу үшін, өркениетті, өнегелі халық болу үшін, рухани жаңғыру үшін алдымызда тағы да бірнеше аса жауапты, тағдырлы міндеттер тұрғанына тоқталды.
Ол шілдеханадан бастап, жаназаға дейінгі, тал бесік пен табыттың арасындағы қазақ тарихында қалыптасқан елуге тарта рәсімдерімізді, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімізді заман талабына, бүкіл адамзаттық мәдениетке, өркениетке сәйкестендіріп, артығын алып тастап, жетпегенін жетілдіріп, жаңартуымыз, жаңғыртуымыз керек. Оны тәртіпке келтірмей, реттемей, адамдарымыздың санасын, салтын рухани жаңғырта алмаймыз, іргелі ел, қабырғалы халық болып, қазақ болып қала алмаймыз.
Кеңес төрағасы мұнан әрі қазақта «Ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар екенін айтты. Қазір бүкіл қазақ есепсіз ас пен тойдың әлегімен әуре. Қазақ дәстүрінде той және томалақ деген ұғымдар бар. Қызды ұзату, ұлды үйлендіру, сүндет, бұл – той, ал қалғанының бәрі томалақ болып есептеледі. Той топыр емес, ас ішіп, аяқ босататын жер емес, той кезекті көңіл көтеру кеші емес, той – ұрпақ, рух салтанаты, тарихи, мәдени шара, мәдениет, өнер, өнеге, тәрбие мектебі. Той – тарихтан тағылым, қазақтың ұлылығынан ұлағат алатын орын. Ал енді осы тойлар, томалақтар бізде қалай өтіп жатыр? Кез келген дәстүрдің озығы да, тозығы да бар емес пе деген ойларымен бөлісті.
Алдымен тойға шақырылғандардың алыстан, жақыннан келіп кетуін, бір-екі сағат кешігіп басталуын қоса есептегенде бір тойға 6-7 сағат алтын уақыт кетеді. Бұл бір жұмыс күні емес пе? Онсыз да біз демалыс күндерін, мереке күндерін, 39 күндік еңбек демалысын қоса есептегенде әр жылдың тең жартысына жуығын жұмыс істемейміз. Ендеше жұмыс істемей қалай жақсы тұруға болады?
Дүниеде ең қымбат нәрсе – ақша да, алтын да емес, уақыт.
Келесі мәселе тойға жарыспен, бәсекемен, даңғазалықпен, дарақылықпен есепсіз көп адамдардың шақырылуы. Тойға, біздіңше, туыстар, жекжаттар, әріптестер, достар, жолдастар, өзің жақсы білетін, өзіңді жақсы білетін, жақсы көретін, отбасылық қарым-қатынастағы тілеулес адамдар ғана шақырылуы керек екенін еске салды.
Ал өмірі үйіңді көрмеген, үйін көрмеген, есігінің қай жаққа қарай ашылатындығын білмейтін адамды тойға шақыру да жөнсіз, ретсіз жағдай, көпшілік оны тек ақша жинаудың, ақшасын қайырудың шарасы деп бағалауда. Басқаша қалай бағалауға болады? Той жөнінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай басшылығының арнайы жарлық шығаруы, Қазақстан Президентінің бірнеше рет ерекше ескертпе жасауы, тегіннен тегін емес.
Әдетте, тойлардың басым көпшілігінде есепсіз ысырапқа жол беріледі. Ислам қағидаларында ысырапты шайтанның ісі деп бағалайды. Қажет пе, қажет емес пе, жей ме, жемей ме онда ешкімнің де шаруасы жоқ, әйтеуір дастарханды толтырып, жайнатып қою міндет. Көп жағдайда есепсіз, ретсіз дайындалған тамақтың 70-80 процентін ысырап болуы ешкімді де ойландырар емес. Тіптен банкіден несие алып, той жасап, кейін қарызын қайтара алмай қиналып жүрген жандар қаншама? Сондай-ақ, асабалар атқаратын беташарлар да бетімен кеткен рәсімдердің бірі.
Кеңес төрағасы өтіп жатқан тойлардың басым көпшілігінің деңгейінің, тәрбиелік мәнінің төмендігін, өнеге, үлгі, сабақ аларлық ештеңенің жоқтығын сынады. Айқай-шудан, даңғаза мәнсіз, мағынасыз әннен, әдепсіз биден, музыкадан басың айналады. Оннан, жиырмадан, отыздан топтап сөз беріледі, ұзын-сонар жиналысқа айналады. Сонда да тойдың аяғы кәдімгі бітпейтін наз, дауасыз дау, өкпе-қолқа. Тойдан демалып, көңілденіп, шаттанып қайтудың орнына ренжіп, еңсең түсіп езіліп, шаршап қайтасың. Ал енді осы той-томалақтарды қалай реттеуге болады?
Ең өрескел кемшілік сол, кейінгі кезде астардың дастархан мәзірі тойлардыкіне теңесіп, есепсіз ысырапқа жол берілуі. Ас дастарханына желінетін де, желінбейтін де, қажет те, қажет емес те, тегі дүдәмал тағамдар талғамсыз қойылуда.
Баяндамашы міндетті ас дастарханында қазақтың ұлттық тағамдары желінетін мөлшерде ғана болып, ысырапқа жол берілмеуі керек екеніне тоқталды.
– Біздіңше, қазалы үйде қазан көтерілмеуі керек. Өлік шығып жатқан үйден тамақ ішу дұрыс емес. Қазалы үй қарын толтыратын жер емес. Қайта барлық туыс, жора-жолдас, ағайын, ұжым, көрші-қолаң болып 3-4 күн қаралы отбасын, оның әрбір мүшесін ерекше қамқорлыққа алып, олардың қайғысын жеңілдетуге, барлық шаруадан, қосымша міндеттерден түгелдей босатуға күш салу қажет – деді ол.
Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тұрғанбай Маханов көтерілген тақырыптың екі мәселесіне назар аударды. Біріншіден, қазір тойлар 5-6 сағатқа созылатын болып жүр. Бұл мейрамханадағы таза ауаның, оттегінің тапшылығын туғызып, үлкен-кішінің денсаулығына кері әсер етеді. Содан көбі тойдан шаршап шығады. Мұның үстіне даңғаза музыка мен қатты дыбыс та салмақ түсіреді. Сонымен бірге өлікті үйде екі-үш күн сақтау медициналық жағынан да қолайсыз екенін айтып, аурухана мен мешіт жандарынан арнайы орындар дайындалғаны жөн екенін еске салды. Облыстық «Сырдария-Ақмешіт» мешітінің бас имамы Б.Әбуов діни мәселелерге байланысты ойларымен бөлісті. Өмірді жаратқан Алла өлімді де жаратты. ҚМДБ жаназа және жерлеу рәсімдері жөнінде арнайы кітап шығарғанын, ол жергілікті мешіттерге таратылып берілгенін жеткізді. Имам осы мәселедегі кейбір асыра сілтеушіліктерге ел болып тосқауыл қою керектігін, ас берудегі ысырапшылдық, зәулім бейіт салу, құлпытасқа сурет салу, т.б. мәселелерге байланысты пікірін білдірді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, ғалым Қазыбай Құдайбергенов философия ғылымы даналық туралы ұғымды білдіретінін, өмірдің мәні тереңде екенін айтты. Қазіргі интернет, жаһандану заманында ұлттық кодты сақтау, рухани жаңғыру арқылы ұлттық рухымызды, дін мен ділді сақтап қалуға болады. «Қор» мұнай компаниясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәпен Аңсатов бастауыш ұйымдар өз ұжымдарында тәлім- тәрбиемен жете айналысуы керектігін атады. Үлкеннің үлкендік жолы, ақыл-кеңесі баршаға үлгі болуы керек. Өкінішке орай, үлкендеріміз тойда мағынасыз әндерге би билеп жатқанын көргенде қарның ашады. Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Балшекер Өтегенова да тәрбиелік мәні бар жұмыстардың аудандағы жағдайына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова салт-дәстүрімізді дамытуда ұлттық педагогиканың алар орны ерекше екенін айтты. Халықтық педагогика жас ұрпақтың бойына мәуелі тәлім-тәрбие сіңірумен қатар, бүгінгі көп мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді. Қоғамдағы рухани жаңғыруды жүзеге асыруда ардагерлер ұйымы көшбасшы болуы қажет.
Форум жұмысына қатысқан облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ардагерлердің көтеріп отырған мәселесі заман талабынан туындаған, ұлттық салт-дәстүрдегі кейбір жағдайлар қоғамды бейжай қалдырмайтын өзекті тақырыптар екенін атап өтті.
Абай атамыз, «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» дегендей, бұл көптің көкейіндегі, халықты толғандырған, елдің бірлігі мен тірлігіне, ұлт болып ұйысуға қатысты маңызды мәселе. Сондықтан онымен мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар бірлесе айналысып, нақты нәтиже шығарады деген сенімдеміз.
Форум күн тәртібіндегі талқыланған мәселелерге орай мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға, ардагерлер кеңестеріне қаулы қабылдады. Жиында аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласқан бір топ ардагерлер марапатталды.
Ж.ӘБІШОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |