Әсіредіншілдердің теріс әрекеттері жайында да сөз қозғады

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, деструктивтік діни ағымдардың алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Жалағаш аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Жұртшылықпен жүздескен орталық директорының орынбасары А.Боранбаев, Ақпараттық түсіндірме тобының мүшелесі С.Алдашбаев дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндап, жат ағымның қоғамға қауіптілігін көпшілікке түсіндірді. Шаруашылық ұжымдары, ауылдық қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер шара қонақтарымен бірге ауыл тұрғындарын деструктивтік діни ағымдардың теріс идеологияларынан сақтау жолдарын бірге қарастырып, мамандар кеңесіне жүгінді.

Мұндай кездесу Нұр Отан партиясының Жалағаш аудандық филиалының ғимаратында да ұйымдастырылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының Діни ахуалға талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Н.Алтынбеков жеке тұлғалармен қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне тыңдады.  

Деструктивтік діни ағымдардың теріс идеологияларына қарсы жастардың иммунитетін қалыптастыру мақсатында облыстық ақпараттық түсіндірме тобының мүшелері аудан жастармен де кездесті. Жиында мамандар жастарды әлеуметтік желіні пайдалануда жат ағымдардың арбауынан сақ болуға шақырды.

Мұнан соң ақпараттық түсіндірме тобының мүшелері аудан орталығындағы «Әділет» және «Ырыс» базарларына барып, тұрғындарға «Зайырлы мемлекет және дәстүрлі дін», «Экстремизм, терроризм – дінге жат», «Тәкфіршілік – дін атын жамылған экстремистік ағым», «Дін мен дәстүр үндестігі» және «Теріс пиғылдағы діни ағымдардың белгілері» тақырыптарындағы арнайы бүктемелер таратты.  

Жалағаш ауданындағы осы сапарында облыстық ақпараттық түсіндірме тобының мүшелері «Иманқұл» мешітінде жамағатпен кездесті. Ақпараттық топ мүшесі Б.Байболов жамағатқа дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтар жайында әңгімелеп, әсіредіншілдердің теріс әрекеттері жайында да сөз қозғады.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,

«Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының

Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 сәуір 2018 г. 692 0