« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елімізде тұрғындарды негізгі азық-түлік өнімдерімен, қолжетімді бағамен тұрақты қамтамасыз етуге баса мән беріледі. Осындай игілікті істер Сыр өңірінде де қолға алынған.
Аймақтың даму қарқынына сәйкес тұрғындарының саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Халық саны артқан сайын тұтынатын тауарлардың мөлшері де өсе түсті. Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік елге тапшылық пен қымбатшылықты сездірмеу мақсатында толтырылады.
Бұл бағыттағы жұмыстарды «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес компаниясы «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС ұйымдастырып отыр. Серіктестік тұтынушылардың қажеттілігін өтеу үшін маңызды тауарларды отандық өндірушілерден тікелей сатып алып, халыққа арзан бағада ұсынады. «Алтын қамба» агроөнеркәсіп комбинатының қоймасы арқылы облыс орталығындағы 14 дүкенге және аудандардағы 6 сауда желісіне жеткізеді.
Өнімдер сақталатын «Алтын қамба» қоймасы голландиялық жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Жалпы сыйымдылығы – 3250 тонна. Көкөніс өнімдері жаңа қондырғылармен жабдықталған және озық технологиялармен қамтамасыз етілген қоймада сақталады. Қойма картоп, пияз, сәбіз секілді өнімдерді бұзылудан сақтайтын желдеткіші, булануға қарсы, ылғалдылықты бақылау жүйелері, контейнерлерді тиеу және түсіру мәшинелері және электрқозғалтқыштармен жабдықталған. Компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген автокөлік таразысы, темір жол таразысы мен темір жолы, трансформаторлық подстанциясы бар.
Бүгінде, мұнда екі мың тоннадан астам өнім сақталуда. Көкөністерден бөлек қант, күріш, қарақұмық жармасы, ұн, өсімдік майы сынды халыққа қажетті тауарлар тұр. Жалпы алғанда, әлеуметтік маңызды тауарлардың тізіміне енген азық-түліктің 10 түрі де бар. Оларды қоймада 6-7 айға дейін сақтауға болады.
«Байқоңыр» ӘКК» еншілес компаниясы «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС директоры Лаура Жанасбаева, қорда жалпы құны 182,5 млн теңгенің 2 263,2 тонна өнімі барын айтты.
– Қазіргі таңда қоймада 73 млн теңгенің 668 тонна өнімдері болса, қалған 109,5 млн теңгенің 1595,8 тонна өнімі жыл аяғына дейін күзгі егін өнімдерінен жеткізілетін болады. Әлеуметтік дүкендерде картоп, сәбіз, пияз, өсімдік майы және күріш, ұнтақ, арпа, қарақұмық жармалары нарықтық бағадан 15-20% арзан сатылады. Бағаны тұрақтандыру басты назарда, – дейді серіктестік директоры Л.Жанасбаева.
Тұрақтандыру қорынан жыл басынан бері 77,8 млн теңгенің 857,7 тонна өнім көлемі сатылды, оның ішінде аудандарда орналасқан әлеуметтік дүкендер арқылы 14,5 млн теңгенің 99,5 тонна өнімі саудаға түскен.
Жалпы облыс орталығында әр аптаның сенбі күндері облыс әкімі бекіткен кестеге сәйкес аудандардың қатысуымен өткізілетін жәрмеңкелерде тұрақтандыру қорының азық-түлік өнімдері халыққа қолжетімді бағада сатылады. Жыл басынан бастап жәрмеңкелерде 13,8 млн теңгеге 157,6 тонна өнімдер сатылған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының шағын аудандарында және Тасбөгет кентінде тұрақтандыру қорының өнімдерін автокөлік үстінен сату ұйымдастырылып, тұрғындар алғысына бөленуде.
– Қаншама тұрғын арзан өнімнің игілігін көріп отыр. Арнайылап келіп аламыз, халыққа өте тиімді болып тұр. Бағасы көңілімізден шығады. Алғысымызды айтамыз, – дейді Тасбөгет кентінің тұрғыны Аягөз Апетова.
Қаңтар айынан бастап 7 әлеуметтік дүкен «Ажар» сауда үйіне жалға беріліп отыр. Бұл сауда үйі зауыттан тікелей жеткізіп, халыққа арзан бағада сатады. Сонымен қатар, шаруашылықтар 7 дүкен арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тұрғындарға тікелей сата алады. Оның ішінде 3 дүкенді «Нұр» жеке кәсіпкерлігі алып отыр. Таза ауызсу шығарып, күріш ақтайтын кәсіпкер Аяз Әшімов ҰОС ардагерлері мен мұқтаж жандарға айына екі мәрте тегін нан үлестіріп, тауарларын төмен бағада ұсынып келеді.
Әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасына апта сайын мониторинг жүргізіліп, тұрақты бақылауда тұр. Яғни, нарықта картоптың орташа бағасы –130 теңге, жуа – 90 теңге, сәбіз – 100 теңге, қырыққабат 100 теңге болса, әлеуметтік дүкендерде картоп – 85 теңге, жуа – 55 теңге, сәбіз – 55 теңге, қырыққабат 35 теңгеден сатылып жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс орталығында әлеуметтік дүкендердің санын көбейту мақсатында 20 модульдық типтегі дүкен құрылысы үшін әр шағын ауданнан 20 жер телімін бөлу жөнінде қала әкіміне хат жолданған. Бүгінде 16 жердің таңдау актісіне қол қойылып, жер телімдерін рәсімдеу құжаттары дайындалуда. Алдағы уақытта әлеуметтік дүкендердің саны көбейетін болады. Жуырда жаңадан құрылысы жоспарланған 5 әлеуметтік дүкеннің 2-і пайдалануға берілсе, үшіншісінің құрылысы аяқталып, жергілікті тауарөндірушіге пайдалануға берілген. 2 дүкен «Наурыз» шағын ауданы мен Махамбетов ауылында орналасады.
Жалпы тұрақтандыру қорының өнімдерін тұрғындарға тиімді бағада ұсынып, нарықтағы өнімдердің бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан шаралар халыққа тиімділігін беріп отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |