Елбасының әлемнің көрінісін оқулықтар арқылы тереңдетуінің түпкі негізі – өскелең ұрпақты жаһандық білім кеңістігіне бағыттау. Рухани құндылықтардың негізгі тіректерінің бірі – оқулық екенін ескерсек, жобаның астарында жас ұрпақты кітап оқуға бағыттау саясаты жатқаны анық.
Шетелдік философия, психология, әлеуметтану, мәдениеттану бағыттарындағы оқулықтарды қазақ тіліне аударудағы басты мүдде – озық шетелдік тәжірибені меңгеру, оны жеке және кәсіби өмір жолында пайдалану. Гуманитарлық білім бағытындағы оқулықтарды қазақ тіліне тәржімалау әлемдік тәжірибені еркін пайдалану мен олардың қолжетімділік мүмкіндігін арттырады.
Қоғамдағы ғылым мен техниканың жетістігі, әрине, өркениетке қосатын бірден-бір жол екенін мойындаймыз. Дегенмен, күнделікті өмірде тұлғааралық, іскерлік және отбасылық қарым-қатынас негіздерін, танымдық үдерісіміз бен әрекетімізді, рухани әлеміміз бен ішкі жан дүниемізді өзіміздің тануымызға бағыттайтын психологиялық білімдерге бағыттау қоғам сұранысынан туындайды.
Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның қазақша «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» оқулығы тұлғаға бағытталған тәрбие идеясын іске асырудың бірден-бір жолы екенін айтуға тиіспіз. Оқырман автордың еңбегінен адамның ішкі әлемінің терең және нәзік тұстарына байланысты өмірлік жағдайларда кездесетін сұрақтардың жауабын табады.
Гуманитарлық білім бағытындағы кітаптарды қазақ тіліне аудару бастамасы еліміздің әрбір азаматының өресін кеңейтуге, рухани жаңғыруына мүмкіндік бере отырып, мемлекетіміздің тұғырын биіктететіні айдан анық.
Алмагүл АЯҒАНОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ педагогика және психология кафедрасының
қауымдастырылған профессоры м.а.,
психология ғылымдарының кандидаты.