Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды ұсынған болатын.
Жуырда жарық көрген алғашқы 18 оқулықтың тұсаукесер салтанаты өтті. Аталған оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, антропология, дінтану, журналистика, экономика және кәсіпкерлік салаларын қамтиды. 100 оқулықты аудару – ғылыми контентті көбейтіп, қазақ тілінің қорын халықаралық лексикамен байытады. 10 000 данамен басылып шыққан әр оқулықтың жоғары оқу орындарына тегін таратылатыны көңілге қуаныш ұялатады. Оқулықтардың кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш түрлі форматта қолжетімді болатыны білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді деген ойдамын. 2018-2019 оқу жылынан бастап, бұл оқулықтар жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізіліп, оқытыла бастайды. Қазақ тіліне аударылған әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулық білім саласындағы жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік беретіні даусыз. «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы білім қуған жастарға тың серпін беретін басым бағыттардың бірі болатынына сенімім мол.
Манат ЖАЙЛАУОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты.