«DAMU MED» – тиімділігі зор тетік

Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын цифрлық бағдарламаға көшіру бағытында облыс көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жалпы саланы медициналық ақпараттық жүйемен қамту электронды денсаулық сақтауды дамыту концепциясына сәйкес 2015 жылдан бастап қолға алынған. Сол жылдардан бастап тәуліктік стационарларда «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілсе, 2016 жылы облыстық жедел жәрдем стансасына «Көмек» жүйесі енгізілді. Ал бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына өткен жылдан бастап «Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі» енді. Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарының ақпараттық жүйемен қамтылуы 100 процентке жеткен.

2018 жылдың ақпан айынан бастап тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында «DAMU MED» медициналық ақпараттық жүйесінің мобиль­ді қосымшасы енгізілді. 18 сәуір күнгі есеппен 20 829 тұрғын тіркелген. Жыл соңына дейін облыстың интернет белсенді тұрғындарының 30%-ін мобильді қосымшамен қамту жоспарлануда.

«DamuMed» мобильді қосымшасында «Менің жазылу­ларым», «Менің шақыртуларым», «Менің отбасым», «Хабар­ландырулар», «Дабыл түймесі», «Еңбекке жарамсыздық парағы», «Рецепттер», «Зертханалық зерттеулер» модульдері қарастырылған.

«Менің жазылуларым» және «Менің шақыртуларым» модулі арқылы тұрғындар дәрігерге алдын ала жазылып, үйге шақырту мүмкіндігін және емханаға жазылғаны туралы хабарлама ала алады.

«Менің отбасым» модулін отбасы мүшелері де қолдана алады, яғни отбасындағы қарт кісілер мен балаларға шақыртулар мен дәрігерге алдын ала жазылуға мүмкіндік бар.

«Хабарландырулар» модулінде алдын ала хабарламалар түсіп отырады, тұрғындар скринингтік, флюорографиялық, алдын ала  медициналық тексеруден өту және т.б хабарламалармен танысады.

«Дабыл түймесі» модулі арқылы Жедел жәрдем қызметіне жүгінуге мүмкіндік алады, бұны тек жүкті әйелдер, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар және диспансерлік есепте тұратын науқастар ғана қолдана алады.

«Зертханалық зерттеулер» арқылы, тапсырылған зерттеулер нәтижелерін емханаға бармай, мобильді қосымшаның осы модулі арқылы көреді.

Жалпы, «ДAMU MED»  медициналық ақпараттық жүйесінің тұрғындар үшін тиімділігі жоғары. Себебі, емханаға бармай-ақ, осы жүйенің көмегімен қажетті маманды үйіңізге шақыртуға, қабылдауына жазылуға, көмек алуға мүмкіндік бар. Бұл саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстардың бір парасы ғана.   

Айнұр БАТТАЛОВА, 

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 сәуір 2018 г. 958 0