Қожықовтар әулеті туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

Қызылорда көркемсурет галереясында Қазақстанның алғашқы театр суретшісі, халық шебері Ләтипа Қожықованың 125 жылдығына орай ұйымдастырылатын «Қожықовтар қолтаңбасы» көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме ашылуына Алматы қаласынан Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы және өнер иесінің әріптестері мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар қатысты.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қожықовтар династиясы - киелі Сыр топырағынан шыққан өнер әлемінің биік шыңын бағындырған, сол өнер өлкесінде қолтаңбасы қалған, қазақ мәдениетінде өз орны бар династия екенін атап өтті. Ләтипа Қожықованың жары, әулеттің басшысы, Қоңырқожа Қожықов  «қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» деген тарихи әрі нақты атауын қалпына келтіру мәселесін қоюына өз үлесін қосқан ағартушы ғалым. Ұлдары Құлахмет, Қожахмет, Нұрахмет, Сұлтан-Ахмет сынды он саусағынан өнер тамған азаматтар ұлт өнерінің төрінен өз орындарын алды.

«Қазақты әлемге қазақ ретінде танытқан екі дүние бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы болса, екіншісі, қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріппен жазылған, әлемнің 80-ге жуық елінде көрсетіліп, бағасын алған «Қыз Жібек» фильмнің режиссері, тектінің тұяғы Сұлтан-Ахмет Қожықов екені бәрімізге аян. Әулеттің анасы, сән және қолданбалы өнер шебері Ләтипа Қожықованың қазақ қолөнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мемлекеттік тапсырыспен Ләтипа Мұңайтпасқызының қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері Ф.Рузвельтке сыйға тартылып, қазір АҚШ-тағы Рузвельт музейінде сақтаулы. Сондай-ақ, ежелгі қазақ қолөнері дәстүрінде тоқылған сәндік бұйымдары мен ұлттық киім үлгілерін Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен көруге болады», - деді аймақ басшысы.

Ләтипа Қожықованың немересі Сәуле Құлахметқызы әулет өмірінен естеліктерімен бөлісіп, алғыс айтты. Одан кейін қонақтар шебердің 70 суреті қойылған көрмемен танысты.

Сондай-ақ, бүгін «Ләтипа Қожықова және қазақтың ұлттық сурет өнері» атты  ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, белігілі режиссер Болатхан Нүсіпбековтың Қожықовтар әулетінің өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарлан» деректі фильмінің тұсауы кесілді.

Атап өтейік, 1926 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Қызылордада тұңғыш Бүкілқазақстандық республикалық көрмесі өткен. Қазақстан суретшілерінің тұңғыш көшпелі көрмесі де 1928 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылыпты. Көрмеге қойылған суреттерді республикамыздың бір қаласынан екіншісіне түйемен тасыған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 сәуір 2018 г. 604 0