Жылу маусымы сәтті аяқталды, жаңа маусымға дайындық толастамайды

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен 2017-2018 жылғы жылу беру маусымының қорытындысы және 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланған селекторлық мәжіліс өтті. Мәжіліске ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты. 

Аймақ басшысы атап өткендей, қыс кезеңінде тіршілікті қамтамасыз етуші нысандарда қысқа мерзімді тоқтаулар орын алғанымен, оларды дер кезінде жою жұмыстары жүргізіліп, жылу, газ, электр энергиясы мен ауызсу тұтынушыларға тұрақты түрде беріліп тұрды. Облыс әкімінің орынбасары  Серік Сүлейменовтің үйлестірген жұмыстарының арқасында коммуналдық ме­ке­мелер арасындағы қарыздар өткен жыл­дармен салыстырғанда едәуір төмендеген. Мысалы, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорынының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы қарызы 2017 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда 3 есеге, ал соңғы 3 жылда 10 есеге төмендеген.

Мәжілісте 2017-2018 жылғы жылу беру маусымының қорытындысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылығы басқармасының басшысы Медет Усайн хабарлама жасады. Хабарламашы облыс бойынша жылу беру маусымы өз дең­гейінде өтіп, тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс жасағанына назар аударды. Жауапты маусымда облыс бойынша әлеуметтік нысандар қажетті отын қорымен жасақталған. Білім саласында – 476, мәдениет және спорт саласында – 400, денсаулық саласында – 266 нысанға және орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 713 көпқабатты тұрғын үйлер жылумен тұрақты қамтамасыз етілді.

Басқарма басшысы атап өткеніндей, ҚР  Энергетика министрлігінің «Жылыту маусымын іркіліссіз өткізу үшін энергия өндіруші ұйымдарға отын сатып алуға субсидия беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «ҚЖЭО» кәсіпорнына жылу беру маусымына 586 млн теңге қаржы бөлініп, 9 мың тонна мазут отыны сатып алынған. Бүгінгі күні орталықтың эксплуатациялық қорында 4,6 мың тонна мазут бар. Өткен жылу беру маусымында әлеуметтік нысандарға 50,2 мың тонна көмір, 26,5 мың тонна дизельдік отын қоры жасақталып, жылу тұрақты түрде берілді. Облыс тұрғындарына қажетті көмірдің 209 мың тоннасы жеткізілді. Көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрғындар арасында өзекті мәселелер болған жоқ.             

М.Усайн бүгінгі күні, облыс орташа есеппен 93,1 МВт электр энергиясын тұтынып отырғанын жеткізді. Облыс бойынша электр желілерінде айтарлықтай апаттық жағдайлар орын алған жоқ. Ал газ тұтыну көлемі жалпы облыс бойынша 59,7 мың текше метр. Оның ішінде Қызылорда қаласының тұрғындары сағатына 15 мың текше метр, «ҚЖЭО» 15 мың текше метр, Кристалл-Менеджмент 22 мың текше метр алып тұрса, газдандырылған аудан орталықтарына 7,7 мың текше метр тұрақты түрде көгілдір отын берілуде.

Ағымдағы жылдың 14 ақпанында Қызылорда қаласында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалына қарасты газ құбырынан ақау шығып, апаттық жағдай орын алды. Нәтижесінде қала бойынша 8 газ таратушы бекеттер жұмысы тоқтатылып, 8 мыңға жуық (6200 – көпқабатты тұрғын үй тұрғындары және 1800 жеке тұрғын үй сектор тұрғындары) тұтынушылар табиғи газсыз қалды.

Осыған орай, облыстық штабтың шешіміне сәйкес, шұғыл түрде «ҚЖЭО» МКК-ның бу қазандығының газ тұтыну көлемі 55 процентке дейін төмендетуді, ал Оңтүстік филиал қазандықтары толығымен мазут отынына көшіруді және де КОГТЭС-тегі 2 газ турбинасының біреуін тоқтату, сонымен қатар, «Кристалл-Менеджмент» ЖШС сияқты ірі тұтынушылардың газ тұтыну көлемін 70%-ке дейін төмендету бойынша шешім қабылданды. Нәтижесінде облыс орталығы тұрғындарын газбен толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізілді.

Хабарламашы 2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жобаларды жүзеге асыру мақсатында 5,9 шақырым жылу желілеріне 2,2 млрд теңге, 72,4 шақырым ауызсу және 4,5 шақырым кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға 2,9 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтты. Аталған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Қазіргі таңда, келісімшартқа қол қою жұмыстары жүргізілуде. Басқарма басшысы, сондай-ақ, коммуналдық кәсіпорындар арасындағы қарыздарға да тоқталып өтті. Бүгінгі күнге ҚЖЭО-ның «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ алдындағы қарызы 159 млн теңгені құрайды. Ағымдағы айға барлығы 342 млн теңгеге газға қарызды өтеу кестесі жасалды. Кестеге сәйкес, жоспар бойынша бүгінгі күнге 99,5 млн теңге төлеу қажет болса, нақты 142 млн теңге төленген.

Басқарма басшысы сөз түйінінде облыс халқы қыс маусымына көп мөлшерде көмір алуына байланысты, қала және аудан әкімдіктеріне тамыз-қыркүйек айларында отын қоймаларына қажетті көмірдің 70 процентінің жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма беру жөнінде облыс әкіміне өз ұсынысын жеткізді. Облыс әкімі бұл ұсыныстың өте орынды екенін атап, жаңа жылу маусымына байланысты құрылатын аудандық, қалалық, облыстық штабтардың бағдарламасына міндетті түрде енгізуді тапсырды. Сонымен бірге ең бірінші кезекте оқулықпен, дәрі-дәрмекпен және отынмен қамтамасыз ету мәселесін шешіп алмай аудандық, қалалық бюджеттерді нақтылауға болмайтынын қатаң ескертті.

Мәжілісте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев «ҚЖЭО» МКК-ның газға қарызы республикадағы басқа кәсіпорындармен салыстырғанда ең төменгі көрсеткішті құрап отырғанын атап өтті. Сонымен бірге газдың апаттық қоры жасақталуда екенін жеткізді.

«ҚЖЭО» МКК директоры Руслан Нұрмағанбетов жылу беру маусымында 700 нысанға жылу беріліп, 208 млн кв/сағ энергия, 553 мың гигокалория жылу өндірілген 107 млн текше метр газ, 7,3 мың тонна мазут оты жағылғаны туралы деректерді келтіріп өтті. Бүгінгі таңда 4,7 мың тонна мазут қоры қалыптасқан. Орталыққа тұрғындар қарызы 420 млн теңге болса, бизнес және шаруашылық субьектілерінің қарызы 73 млн теңгені құрап отыр. Кәсіпорын басшысы станция жаз бойы жұмысын тоқтатпай электр энергиясын өндіріп, табыс табуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы орайда облыс әкімі аймақтағы электр энергиясымен қамтамасыз етуші барлық мекемелерді «ҚЖЭО» өндіріп отырған электр энергиясының әрбір кв/сағатын 11,13 теңгелік тарифпен сатып алып тұруды міндеттеді. Бұл бір жағынан облыс алдындағы әлеуметтік жауапкершілік болмақ. Ал жылу орталығы электр энергиясын өндіріп, одан тапқан табыстан мекеменің Еуропалық қайта құру және даму банкіне несиелік берешектерін өтеп отыратын болады. Аймақ басшысы жылу орталығының жаңа маусымға дайындығына 250 млн теңге қаржы бөлу туралы облыстық экономика басқармасының басшысы С.Құлымбетоваға тапсырма берді.

Мәжілісте облыстағы энергетикалық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Болат Рамазанов айтып өтті. Бүгінде облыста жаңа жылу орталығын салу жөнінде жұмыс жүруде. Мәжілісте осы жобаның техникалық құжаттамаларымен айналысып жатқан «Yildizlar SSS Holding» компаниясының өкілі Эфе Догу Гехкан бәрі ойдағыдай екенін жеткізді. Облыс әкімі бұл бағыттағы мәселелерді Энергетика министрлігімен уақытылы шешіп тұруды жауапты өкілдіктерге тапсырды.

Облыс басшысы тамыз, қыркүйек, желтоқсан, ақпан айларының штаб отырысында «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің «КРЭК» АҚ-ның алдындағы қарыздарын өтеуге нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салып өтті. Қарыз әлі күнге дейін азаймай тұр. Мысалы, тамыз айында мекеменің қарызы 184 млн теңге болса, бүгінгі күнге де 182 млн теңгені құрап отыр. Осы ретте облыс әкімі Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменовке қарыздарды өтеу бойынша берілген тапсырманы тиісті деңгейде орындамағаны үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына және «Қызылорда Су жүйесі» кәсіпорын директорына тәртіптік шара қабылдауды тапсырды.     

Жиын қорытындысында облыс басшысы қала, аудан әкімдері мен сала басшыларына және коммуналдық қызмет жетекшілеріне алдағы жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық штабтар құру туралы тапсырды. Сонымен бірге штабтар 2017-2018 жылғы жылу беру маусымында жіберілген кемшіліктерге талдау жасап, алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының кестесін әзірлеп, барлық шараларды ағымдағы жылдың 1 қазанына толық аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Дайындық жұмыстары туралы күнделікті мониторинг жасалып, мәліметтер жинақталып, әр аптаның жұма күні облыс әкімінің аппаратына ұсынылып тұратын болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, 

«Сыр бойы».

Нұрболат Нұржаубай (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 сәуір 2018 г. 805 0