АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ – АЛҒАШҚЫ ОЛЖА

14-15 сәуір күндері Астанада арбадағы биден ел чемпионаты өтіп, одан жерлестеріміз олжалы оралды. Ескеретін жәйт, мұндай сайысқа Қызылордадан бұрын-соңды ешкім қатыспаған. Астанадан келген күні олар өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг ұйымдастырып, алғашқы қадам мен әсерлері туралы айтып берді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жарыққа шығарып, би әлеміне жетелеген волонтерлар болатын. Олар бекзат өнердің ұңғыл-шұңғылын білмесе де, мамандардың көмегімен чемпионатқа мұқият дайындалды. Қызылорда қаласындағы «Алекс» би мектеп-студиясының директоры Елена Ким 11 облыс өкілдерінің ішінде осалы болмағанын, арбамен билеудің қиындығына қарамастан бәрі сәтті өнер көрсеткенін жеткізді.
– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірден қатысып отырғандықтан біз қазақтың ұлттық билеріне басымдық бердік. Мұны қазылар алқасы жоғары бағалады. Тамашалаған жұрт та ыстық ықыласпен қабылдады, – деді өнер мектебінің жетекшісі.
Командалық би сайысында Сағатбек Қуанышбайұлы, Роза Смағұлова, Несібелі Мүсілімова, Есет Дәрібаев, Александр Огай бақ сынап, жеңімпаз тұғырынан көрінді. Ал Диана Смағұлованың жұбы екінші орынға ие болды. Диана өзінің жұбы, кәсіби биші Ғафур Абитовпен бірге Чарли Чаплиннің күлкілі биін орындапты.
– Біздің қадамымыз Талсуаттағы оңалту орталығынан басталды. Чемпионатқа барамыз деп ойлағанымыз да жоқ. Тек үйде отырып қалмайық, уақытымыз босқа өтпесін деген оймен жиналып, волонтерлармен бірге өзіміз үшін ғана жаттығып жүрдік. Ал чемпионатқа бару туралы шешім қабылдағаннан кейін арбадағы би туралы көп ізденіп, уакытымыздың көбін арнадық, – деді күміс жүлдегер.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша бидің техникасы мен тілін үйретуде хореограф Замира Ыстықбаева елеулі еңбек сіңірді. Ол алдағы сайысқа бұдан да жоғары дайындықпен бару үшін күш салатынын айтты. Дегенмен, өнерге құштар қыз-жігіттерге би арбасының болмауы кедергі келтіріп келеді. Олар келесі чемпионатқа дейін мәселенің шешілетінінен үмітті.
Брифингте арбадағы би шеберлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, облыстық филармония мен «Best-Service LTD» серіктестігіне қолдауы үшін алғыс білдірді.
Назерке САНИЯЗОВА, 
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2018 г. 739 0