"Жұлдызайға" жолдама

 Қызылорда облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен бүгін Астананың 20 жылдығына арналған «Астана – бақыт мекені» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі балалардың «Жұлдызай» ХІІІ шығармашылық фестивалі  өтті.

«Жұлдызай» шығармашылық  фестивалі 10-18 жас аралығындағы мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік белсенділігін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында қоғам, бизнес-құрылым өкілдерінің назарын аударту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. 

Аудандық, қалалық іріктеу кезеңінде барлығы 340 бала өнер көрсетіп, облыстық фестивальге жолдама алған 163 бала ән айту, би билеу, әнді ым ишаратпен айту, аспапта ойнау, қолданбалы көркем өнер, сурет-бейнелеу өнері бойынша өз өнерлерін ортаға  салды.

Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов өз сөзінде «Жұлдызай фестивалі – ерік-жігерлері ерекше мықты балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ. Жаймашуақ көктем күнінде облыстың әр түкпірінен келген өнерпаздарымыз өз өнерлері мен шығармашылық туындыларын ұсынатындығы бойымызға бір қуаныш сыйлап отыр. Мен бүгінгі шараға қатысқан  барлық балаларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Себебі, балалардың өнерінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін. Жарайсыңдар балалар!» деп сәттілік тіледі. Шығармашылық фестивалі Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің және №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат балаларының ым ишарат тілінде ән айтуымен «Астана» әнімен басталып, байқауға қатысушы өнерпаздар өз өнерлерін нақышына келтіре ән айтумен қатар би билеп, ым-ишаратпен жүректерге жеткізе өнерлерін көрсетті.

Әрбір өнерпаз балаларға облыстық білім басқармасының дипломы мен сый-сияпаты табысталды.

Фестиваль соңын мерекенің құрметті қонағы – Қазақстанның эстрада әншісі Гүлнұр Оразымбетова әнімен шашу шашты.

 «Жұлдызай» мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздары 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Астана қаласында  өткізілетін мерекелік шараға  жолдама алды.

Шығармашылық Фестиваль барлық өнерпаз балалардың және  №6 есту қабілеті бұзылған мектеп интернат тәрбиеленушілерінің ым-ишарат тілінде «Жұлдызай» Гимнін айтуымен аяқталды. 

Барлық қатысушылар фестивальдің ІІ кезеңі балалардың шығармашылығынан ұйымдастырылған сурет, қолөнер көрмесін тамашалаумен аяқталды.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2018 г. 674 0