« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай Астана қаласында өткізілген көрмеде қоғамдық сананы жаңғыртудың бағыттары, оларды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар нақтыланды.
Бағдарламаның негізгі жобаларының бірі – «Туған жер» арнайы жобасы. Аталған жобаның жыл ішінде жүзеге асырылу барысы жөнінде ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұқанов жан-жақты айтып берді.
Белгілі болғанындай, жоба аясында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау, жұмысқа орналастыруға жәрдем беру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу, мектептерді заманауи жабдықтау бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылған. Атап айтқанда, өткен жылы меценаттардың қолдауымен жалпы құны 51 млрд теңгеге 700-ге жуық нысан салынып, жөнделген. Бұл жұмысқа 1700-ден аса жомарт жан қатысса, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында қайырымды жандардан жиналған қаржы көлемі 4 млрд теңгеге жуықтаған.
Жоба аясында жастар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылса, күрделі оталар да жасалған, инфрақұрылымдық нысандарды таныстырған «Туған жер» өңірлік форумдары өткізілген. Жиында Мақсат Мұқанов бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы да бағдарламадағы басым бағыттың бірі. Ол шетелде қазақстандық мәдениетті дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстарды орнықтыруға бағытталған. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова айтып берді.
– 2017 жылғы маңызды оқиғалардың бірі – 17-19 қазанда Париж қаласында беделді халықаралық ұйым UNESCO штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы таныстырылымының өтуі. Таныстырылым аясында қазақстандық мәдениеттің әртүрлі бағыттарын шетелдік аудиторияға көрсететін бірқатар іс-шаралар өткізілді. Сонымен бірге қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін дәріптеу, үздік музыкалық шығармаларға цифрлық форматта жедел қолжеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Dalatunes жобасы іске асырылды. Өткен жылы 13 мың музыкалық шығарма, 1,2 мың нота және 1,7 мың аккорд жүктелді. Өнер шығармаларын, сондай-ақ, мұражайлық қорларды цифрландыру бойынша да жүйелі жұмыстар басталды. «Театр зертханасы» бірегей жобасы іске асырылуда, – деп атап өтті А.Райымқұлова.
Бағдарламадағы ірі жобаның бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының жүзеге асырылу бағыты жөнінде ҚР Ұлттық музей «Қасиетті Қазақстан» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы баяндады.
Оның айтуынша, аталған жоба елімізде бар қасиетті нысандарды жүйелендіру мен терең ғылыми зерттеуді бастауға мүмкіндік береді. Өткен жылы жүргізілген жұмыстар барысында жалпыұлттық және өңірлік маңыздағы нысандардың тізімі жасалып, жалпыұлттық маңыздағы 185 киелі нысан және жергілікті маңыздағы 463 нысан анықталған. Былтыр Солтүстік Қазақстан бағыты бойынша СҚО, Қостанай, Ақмола облыстарына, Орталық, Шығыс Қазақстан бағыты бойынша Павлодар, ШҚО, Батыс Қазақстан бағыты бойынша БҚО, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына, Оңтүстік Қазақстан бойынша ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстарының киелі нысандарына этномәдени экспедициясы ұйымдастырылған.
– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы елдің дамуына үлес қосқан Қазақстан азаматтарын анықтау мен құрмет көрсетуге бағытталған жарқын имидждік іс-шара болды,– деп атап өтті жоба өкілі Махаббат Есен.
Жалпы, жобаның мақсаты – тәуелсіздік жылдарында ел дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың табыстылығын, бәсекеге қабілеттілігін олардың өмір тарихы арқылы жастарға насихаттау. Жобаға қатысу үшін 2 мыңнан аса қазақстандық өтінім берген. Сараптау тобының іріктеуінен кейін қоғамдық онлайн-дауыс беруге қызмет саласына сәйкес 6 санат бойынша 302 үміткер іріктелді. Осының негізінде 102 жеңімпаз анықталған. «Қазіргі уақытта жоба жеңімпаздары Елбасының бағдарламалық мақаласында нақтыланған құндылықтардың белсенді таратушысы болып табылады»,– деді Махаббат Есен.
Бағдарламадағы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы білікті, бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, гуманитарлық білімдегі үздік әлемдік үлгілерді зерттеуге бағытталған маңызды жаһандық зерттеу жобасы – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы. Жиында жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы әңгімеледі.
Жобаны іске асыру аясында үстіміздегі жылы 12 сәуірде философия, социология, антропология, психология және мәдениеттану саласында 18 іргелі еңбектің таныстырылымы өтті. Жобаны жүзеге асыру барысында үздік оқулықтарды аудару мен басып шығару құқығын алуға шетелдік жетекші баспалармен шарттар жасалған, зерттеу жұмыстарына 90-нан аса маман, «Болашақ» халықаралық стипендиясының магистранттары, PhD докторлар, ғылым докторлары мен кандидаттары тартылған.
«Аударылған кітаптарды барлық университеттер мен кітапханаларға тарату қарастырылған. Яғни, бұл мыңдаған студенттер мен магистранттарға қазақ тілінде әлемдік гуманитарлық ойлардың үздік үлгілерімен танысуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Рауан Кенжеханұлы.
Қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі жобасы Елбасы ұсынған маңызды стратегиялық бастама екені белгілі. Үстіміздегі жылы наурыз айында Үкімет 2025 жылға дейін қазақ тілінің латын қарпіндегі әліпбиге кезең кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Шарада сонымен бірге «Мәдениет порталы» жобасының директоры Бауыржан Қарағызұлы портал қызметін таныстырды.
«Мәдениет порталы» – еліміздің мәдени мұрасын заңды түрде бір жерге жинақтайтын және тұрақты түрде насихаттайтын ағартушылық бағыттағы, қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі ең ірі мәдени платформа. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы барлық тармақтар бойынша жүзеге асып жатқан мәдени іс-шараларды көрсететін, энциклопедиялық түрде қызмет атқаратын мәдени әлем. Белгілі болғанындай, онда бағдарламалық мақаладағы қазақстандық рухани құндылықтың жандануына бағытталған негізгі арналарға «Рухани жаңғыру» бөлімі арқылы жеке-жеке айдарлар ашылған. Тағы бір ерекшелігі, әр автордың (ақын, жазушы, айтыскер, журналист, фотограф, ғалым, суретші, күйші, әнші, биші, мүсінші, сатирик, сыншы, музыкант, тағы басқа) арнайы парақшасы бар және олардың шығармашылығына қатысты барлық деректер топтастырылған. Әр авторға өз шығармашылығын ұдайы дамыту мақсатында мәдени блог жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі уақытта үш тілде 5324 автордың жеке парақшасы және оларға қатысты ақпараттық материалдар, электронды кітаптар, аудиокітаптар, әндер, күйлер, видеолар мен сирек фотосуреттер жинақталған.
«Мәдениет порталы» – тек мәдени ресурстардың қазаны ғана емес, сонымен бірге, еліміздегі барлық театр, музей, кітапханалардың басын бір жерге қосқан бірегей коммуникациялық мәдени алаң»деп атап өтті Б.Қарағызұлы.
Жиыннан соң қатысушылар бағдарламалық мақалада нақтыланған жобалар бойынша арнайы әзірленген көрме жұмысымен танысты. Шара барысында баяндалған жұмыстар стенд арқылы экраннан көрсетілді.
Онан соң шараның келесі бөлігінде Рухани жаңғыру бас жобалық кеңсесінің аймақтардағы өкілдерінің қатысуымен басқосу өтті. Онда аталған жобаларды жүзеге асыру аясында атқарылатын жұмыстар жоспарланып, нақты міндеттер қойылды.
Жиынға қатысқан облыстағы «Рухани жаңғыру» орталығының «Атамекен және ақпарат толқыны» бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әшірбековамен пікірлескен едік:
– Көрмеге барлық аймақтан атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер жинақталған. Бағдарламаның алты арнайы жобасы бойынша өте көп жұмыстар жасалды. Бағдарламаны жүзеге асыру жобалық офистер арқылы орындалуда. Қазіргі таңда төрт кіші бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алда жасалатын жұмыстар бұдан да ауқымды. Рухани жаңғыру дегеніміз – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи үлгіде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеу. Ал сананы жаңғырту барлық салаға байланысты. Әрбір азамат өз туған жерін өркендетуді мақсат етіп, үлес қосса елдегі әлеуметтік мәселелер де шешімін табар еді.
Біздің аймақта ондай жанашыр жандар өте көп. Мысалы, бірі туған ауылына 13 мың түп алма ағашын отырғызса, енді бірі спорт кешенін салып берген. Тағы бір азамат ауданның жетістіктері жайлы портреттік очерктер жинағын өз қаржысынан шығарып, таратуда. Осы мысалдардың бәрі қоғамдық сананың жаңғыру мысалдары бола алады. «Рухани жаңғыру» – Елбасы бақылауындағы бағдарлама. Сондықтан бұл бағыттағы арнайы жобалар мен кіші бағдарлама аясындағы шаралар әлі де жалғасын табатын болады. Ең бастысы, ұйымдастырылған шарадан қатысушы өзіне қажетін алып, ой түйіп қайтса, біз жеткен жетістік болар еді, – дейді Гүлмира Әшірбекова.
Шараны қорытындылаған ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева жаңғыртудың барлық бағыттарын іске асыру ғылыми-сараптау қоғамын, азаматтық қоғам өкілдерін, жастарды белсенді тарту арқылы өтетінін тілге тиек етті және бағдарламаны жүзеге асыруда, насихаттауда, түсіндіруде ғалымдар мен тиісті сала мамандарына, БАҚ өкілдеріне алғысын айтты.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
Қызылорда – Астана – Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |