ДАМУ ДИНАМИКАСЫ САҚТАЛУДА

Осы жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыс бюджетінің түсімдер болжамы 113,7 процентке орындалған. Яғни аймақ бюджетіне 6,9 млрд теңге артығымен түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев хабарласа, өңір экономикасындағы атқарылған жұмыстар барысын облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова айтып берді.

Аймақ бюджетінде шығыстар жоспары 99,2 процентті көрсетіп отыр. Игерілмеген қаржы көлемі 378,8 млн теңгені құрауда.

Елбасының бастамасымен қолға алынған “Нұрлы жер”, “Нұрлы жол” бағдарламасының қаржысы да өңі­рімізде толық игерілді деген об­лыстық қаржы басқармасының бас­шысы Талғат Жақыпбаев жеке­шелендіру жұмыстарының барысына да тоқталды.

– Жекешелендірудің екінші тол­­­қыны аясында облыста жеке­ше­­лен­діруге жататын 15 нысан бел­гіленді. Оның екеуі жойы­лу­ға жатады. 2016 жылы сауда-сат­тық кестеге сәйкес 5 нысан жекешелендірілді. Өткен жылы 8 нысанның 3-нің үлестері сатылды, – деді басқарма басшысы.

Индустрияландыру бағдар­лама­сы аясында өңірімізде биыл жалпы құны 101,7 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олар қуаттылығы 197,1 тонна болатын “Табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы”, “Қуаттылығы жылына 500 тонна екіокись молибден ұнтағын үшокись молибденге техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру” жобасы, “Тампонаждық цемент зауытының құрылысы”, “Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу” жобасы. Бұл жайында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова талдау жасап берді.

– Бүгінгі күні өңірдің бір­қатар макроэкономикалық көрсет­кіштерінде өсу тенденциясы бар. Жұмыс орындарын құру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша қойылған мақсаттар орындалуда. Жыл басынан бері экономика салаларында 4021 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3925-і тұрақты. Өнеркәсіптің өңдеу секторында да дамудың оң динамикасы сақталуда. Мәселен, өнеркәсіптің шикізат емес секторында өнім өндіру көлемі 2,9 процентке артты, – деп қорытты басқарма басшысы.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2018 г. 575 0