САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ САЛАНЫ ТҮЛЕТЕДІ

Тілдік қолданысымызға «цифрландыру» сөзінің енгеніне көп бола қойған жоқ. Алайда, сандық технологияға көшу қай саланы да жандандырды. Айталық, осының арқасында сынып журналынан баға жөндеу, ауылдағы ата-ананың бала білімінен хабарсыз болуы дегендей мәселелер шешімін табады. Мұғалімдер қағазбастылықтан арылады. Білім саласындағы қызметтер қолжетімділігінің бұрынғыдан артқанын білім беру ұйымдарына жасаған баспасөз турында байқадық.

Қазір облыс бойынша 293 мектептің 241-і кең жолақты интернет желісіне қосылған. Енді жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы да 32 мектеп тиімді интернет желісіне қол жеткізеді. Ал 47 мектепте WiFi желісі бар. Алда 246 білім ұясын да осы мақсатта облыстық бюджет есебінен қаржы­ландыру жоспарланған. Білім беру саласындағы цифрландырудың айқын дәлелі – ақпараттық жүйе, білім беру порталдары, мобильді қосымша және робототехника кабинеттері. №10 дарынды балаларға арналған «Білім-инно­вация» лицейінде осы тиімді технологиялармен танысуға мүмкіндік туды.

«Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне қазір 124 мектеп пен 1 колледж қосылған. Жүйенің мақсаты – оқу-тәрбие үдерісін автоматтандыру, қағазбастылықтан арылу және білім беру сапасын арттыру. Электронды журнал енгізілгелі бұрынғыдай мектеп пен ата-ана сынып журналы, үлгерім табелі және қағаз күнделіктер сатып алуға ақша шығындамайды. Журналдағы бағалар сабақ өтіп кеткесін қойылмайды не «екіліктер» қайтадан төртке «айналмайды». Бұл жүйе сыбайлас жемқорлыққа да тосқауыл. Тіпті ата-аналар баласының қай тақырып бойынша баға алғанын біліп, мұғаліммен байланысқа шығып хат қалдыра алады. Бүгінде «Күнделікті» 173370 тұрғын, оның ішінде 12803 мұғалім, 99565 оқушы және 62958 ата-ана пайдаланып отыр.

«BilimLand» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материалдар, ресурстармен қамтамасыз етеді. Демек, сабақ жоспар жазу жеңілдеді. Бір қызығы, портал үшін интернет желісінің бар-жоғы маңызды емес. Облыстағы 293 мектептің 259-ы контентке онлайн, 34-і оффлайн режимінде қосылған. Мұғалімдерге 12473 аккаунт ашылған. Кең жолақты интернет желісіне қосылған мектептер саны артқан жағдайда қалған 34 мектеп те онлайн режиміне қосылады. Порталдың ерекшелігі неде? Оқушылар әр тақырыпқа байланыс­ты бейне, аудиожазбалармен танысып, химиялық реакциялар жүргізеді. Бұл олардың қауіпсіздігінің кепілі. Демек, ауыл мен қала балаларының біліміндегі сапалық айырмашылық төмендейді.

Ал «Bilimbook» ноутбугі интернет желісі жоқ ауылдарға да қолайлы. Мұнда әр пәнге қатысты деректер мен аудио, бейнефайлдар топтастырылған. Бұл технология 23 шағын жинақты мектептерге таратылады. Мұнан өзге «Е-әдіскер» мобильді қосымшасында пәнге қатысты қосымша деректер бар. Мұны дайындаған: Қызылорда облыстық оқу орталығы. Ал Youtube желісіндегі каналдан ұстаздардың үздік бейнесабақтарын қарай аласыз. Сондай-ақ, аймақтағы оқу орындары туралы ақпарат та осында. Бұл мектептегі білімді цифрландыру жаңалықтары. Кәсіптік білім беру ұйымдары туралы не айта аламыз? Айталық, университеттер бірнеше жылдан бері «Рlotonus» ақпараттық жүйесін пайдаланады. Мұнда жалпы жоғары оқу орындары туралы ақпарат, жеке оқу жоспары, сапалы тестілеуге мүмкіндік бар. Бұл арқылы ата-ана да, студент те электронды журналдан сабақ үлгерімді көре алады. Енді аймақтағы кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарына да «Рlotonus» жүйесі енгізеледі.

Сапар барысында «Абылайхан» атындағы жоғары колледж базасында ашылған ІТ орталықпен таныстық.

– Студенттер мұнда графикалық дизайн, веб дизайн дайындауды үйреніп,  робототехника жасайды. Қазір орталықта ЗД принтер бар. Осы арқылы сапалы өнім жасап, жаңа робототехникалар дайындап жатыр, − дейді колледж директоры Дүлділ Руслан. Айталық, студент Нұрқанат Құрманәлі жапонның сумо спортына негізделген мобильді қосымша жасапты. Роботмашиналар сумоның ережесіне сәйкес қозғалады.

Байқағанымыздай, білім саласын цифрландыру жұмысы қарқынды. Алдағы уақытта балалардың ойлау қабілетін дамыту мақсатында 9 оқушылар сарайын «3 Д лаборатория­лармен», 92 мектепті робототехника кабинеттерімен жабдықтау және ІТ IMAQORDA ресурстық әдістемелік орталығын құру жұмыстары жүр­гізіледі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2018 г. 758 0